Абай – артына өлмейтұғын мұра қалдырған ақын. Өз дәуірінің көзі ашық, көкірегі ояу данагөй данышпаны, қазақтың жанашыры болған. Бүгінгі таңда еліміздегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы – ғылымның, білімінің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекемелердің бірі. Қорық-мұражайдың негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығына және оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау болып табылады.  Мұражай – Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан  толық  мағлұмат беретін бірден-бір мәдени мекеме.

  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынып, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қаламыздағы К. Ушинский атындағы №7 орта мектеп әкімшілігі, кітапханасы және қазақ тілі пәнінің әдістемелік бірлестігінің  ұйымдастыруымен Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени  және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайымен онлайн кездесу өткізілді.  «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деген тақырыпта өткен шарада қалтқысыз қызмет көрсеткен мұражай ұжымына алғыс білдіре отырып, артында өлмейтін мұра қалдырған Ұлы ақын шығармашылығын, өмір тарихын жақынырақ таныстырған  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени  және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Боранбаев Нұржан Ерланұлына алғыс білдіреміз.  Абай өмірі мен шығармашылығын, өскен ортасы мен қалыптасқан кезеңін жан жақты талдап жеткізіп, бала бойына рухани патриоттық сезім ұялата білген  білікті маманның шеберлігіне тәнті болдық.

Абай­дың рухына тағзым ету – оның қағи­датын ұстану, аманатына адал болу жас ұрпақ бойына патриоттық рух береді. Ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы, шығармашылығымен етене жақын танысуға заман талабына сай онлайн кездесу арқылы мүмкіндік туды. Елдегі эпидахуалға байланысты қашықтықтан өткізілген кездесу барысында асыл қазына, құнды байлығымыз Абай мұрасын насихаттап, жас ұрпақ санасына қастерлі құндылықтарды сіңіру жолында асқан шеберлікпен қалтқысыз қызмет көрсеткен ұстаздар қауымы Абай өмірі мен шығармашылығы, аудармалары, философиялық тұрғыдан қарасөздерін барынша талдатып, жоғары сынып оқушыларын жігерлендірді. Тебірене оқылған әрбір қарасөз бен өлеңдер, естеліктер мен ақын поэмаларына шолулардан оқушылардың Ұлы ақынға деген үлкен құрметін, тағзымын сезіндік. Кездесу қонақтары, мектеп басшысы, ұстаздар, кітапханашылар  сөз алып, Абай мерейтойы аясында өткізілген кездесуге алғыстарын білдіріп, оқушыларға  жігерлі шабыт, патриоттық рух берерлік тағылымды тілектерін білдірді. Шара барысында мұражайдың арнайы тарихи орынға айналуына, ондағы экспонаттардың алатын орнының ерекшелігі сөз болып, балалардың есте сақтаулары қажеттігі де ескертілді. Себебі өмірде жәдігердің қорға алыну себептері мен құндылығы, сақталу мерзімінің ұзақтығы да маңызды. Әрбір мұражай жәдігер – әлеуметтік, тарихи, ғылыми құндылығы еліміздің мәдени мұрасы болып табылатындығын өскелең ұрпақ ұмытпағаны абзал. Қай халық болса да өзінің өткенін, қайталанбас тарихын, салт-дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап, қастерлеп ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етеді. Оның маңыздылығын тарихи ескерткіштер мен мұражайлардан көруге болады.

Әсерлі кездесу соңында жиынның арнайы қонағы Алматы облыстық филормониясының дәстүрлі әншісі Абылай Хармысов ағамыз Абайдың «Сегіз аяқ» әнін тамылжыта орындап, бала қиялын аспанға қалықтатты. Киелі Семей мен жер жаннаты Жетісудың кіндік қаласы Талдықорған арасын жалғап, бүгін мен өткеннің алтын көпіріне айналдырған барлық ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, мұрамызды қастерлеп, мирасымызды бағалай білу әрқайсымыздың азаматтық әрі кәсіби парызым демекпін.

 

Баян ЖАНАБАЕВА,

К. Ушинский атындағы №7

орта мектептің қазақ тілі мен

әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK