Пікірсайыс қозғалысы жұмысы жандануда

451

Өңірде  пікірсайыс қозғалысын дамыту жобасы турасында баспасөз мәслихаты өтті. Спикерлер «Жас Ұрпақ» ЖҚБ үйлестірушісі Дархан Асқанбаев пен жобаның қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Гауфарья Ахметова жан-жақты баяндап берді.

 Жалпы алғанда, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты «Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасы» ММ тапсырысымен «Жастар арасында пікірсайыс қозғалысын дамыту бойынша іс-шаралар кешенін дайындау және өткізу» басым бағыты бойынша «Жас Ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігі Жетісу облысында «Жетісу ділмарлары» пікірсайыс қозғалысы жобасы биыл  жүзеге асырылуда.

Жоба негізі,  Жетісу облысының төрешілік корпусын құрастырып, сонымен қатар, пікірсайысшылардың білім деңгейін арттыруына өз септігін тигізеді. Жоба барысында 8 аудандық, 2 қалалық пікірсайыс және төрешілік курстары 10 өңірде ұйымдастырылды. Алдағы уақытта облыстық және республикалық деңгейде турнир өткізу жоспарланып отыр. Жоба аясында 12 әлеуметтік серіктестермен жұмыс істеу көзделген.

 Спикерлердің айтуынша, жобаның мақсаты — Жетісу облысында пікірсайыс қозғалысын дамыту, өңірлерде пікірсайыс бойынша клубтардың жұмыстарын жүйелеу, жандандыру және төрешілер корпусын қалыптастыру, түрлі деңгейдегі турнирлерді сапалы ұйымдастыру. Алдағы уақытта  облыстық пікірсайыс турнирі оқушылар арасында өткізіледі.  Оған Жетісу облысының 8 ауданы мен  2 қаласынан кемінде 30 команда тартылады.

 Бұдан басқа,  республикалық пікірсайыс турнирі оқушылар арасында өткізіледі деп күтілуде.  Еліміздің кемінде 10 өңірінен кемінде 20 команда қатысады.   Алдын ала жоспар бойынша Астана , Алматы , Шымкент қалалары, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Абай, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарының ділмарлары өзара бақ сынасады. Қазіргі күні үздік спикерлер мен төрешілер пулы құрылуда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз