Елдігімізді асқақтатқан егемендік

264

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Мерекелер күнтізбесіне енген 25 қазан кездейсоқ таңдалынған жоқ. Еліміздің егемендігінің тамыры тереңде жатыр. Дәл сол күні 1990 жылы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан құжат болатын. Осы орайда аталмыш мерекеге орай өңірімізде  іс-шаралар жоспары мен медиа-жоспар бекітіліп,  жұмыстар басталды.

Медиа-жоспарға сәйкес 17 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде және өңірлік телеарнада ақпараттық науқан ұйымдастырылып, деректі фильмдер көрсетілуде. Білім беру ұйымдарында салтанатты жиындар, концерттер, шығармашылық конкурс, тақырыптық дәрістер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік нысандар ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілмек. Бұл жөнінде «Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы» ММ басшысы Айдар Башбаев мәлімдеді.

Айдар Қарбозұлы «Баршаңызды Ұлттық мереке  – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке біртұтас Қазақстанның берекесі мен бірлігінің, әрқайсымыздың туған жерге деген сүйіспеншілігіміз бен адал еңбегіміздің нәтижелі нышаны. 15 қазаннан бастап «Біз үшін» акциясы басталып, халық игілігі үшін жасалған жетістіктер туралы бейнероликтер, «Қыран елім – Қазақстан!», «Қазақстан дауысы» тақырыптарындағы патриоттық акциялары аясында мәнерлеп оқу, ән орындау  бойынша челлендждер, танымал тұлғалардың мерекелік құттықтаулары әлеуметтік желіде жариялануда. Сондай-ақ, облыс аумағында «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» тазалық акциясы, ат спорты түрлерінен облыстық чемпионат өтеді»-деп атап өтті. Айта кетейік, мерекеге орай мемлекеттік наградалар мен марапаттарды табыстау жөніндегі салтанатты жиын өтіп, қаламызда демеушілердің көмегімен  жастардың қысқы спорт түрлерімен шұғылдануы үшін «Жетісу арена» мұз айдыны, көпбалалы аналарға тұрғын үй, Қаратал ауданының Үштөбе қаласында тарихи-өлкетану мұражайы, Кәлпе ауылында мәдениет үйі мен  блокты-модульды спорт кешені,  Көксу ауданының Балпық би ауылында Халыққа қызмет көрсету орталығы, Мұқаншы, Ақтекше, Жарлыөзек, Мұсабек ауылдары мен Алакөл ауданының Байзерек, Қарлығаш, Ынталы ауылдарында  блокты-модульді медициналық пункттер ашылмақ. 25 қазан күні  Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі республика бойынша бір мезгілде атқарылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз