Жетісу облысының агроөнеркәсіп кешенінде 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Жетісу облысының агроөнеркәсіптік кешенінде 2025–2027 жылдары жалпы құны 94 млрд теңге болатын 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның екеуі Көксу ауданында қолға алынады. Бұл туралы Бейбіт Исабаевтың Көксу ауданы тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Бірінші жобаны Көксу қант зауыты жүзеге асырады. Инвестиция көлемі 28 млрд теңгеден асады. Соның арқасында кәсіпорынның қант қызылшасын өңдеу қуаты кезең-кезеңімен жылына 500 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Екінші жоба – «Белес-Агро» компаниясы құс өсіретін және құс етін өңдейтін кәсіпорнын салады. Кәсіпорын жылына 15 мың тонна құс етін өндіретін болады. Инвестиция көлемі – 14 млрд теңге, – деді Бейбіт Исабаев.

Алтынбек Абатовтың айтуынша, қазіргі кезде Көксу қант зауытында алдағы қант қызылшасын қабылдау маусымына дайындық жүргізіліп, техника мен өндірістік жабдықтар жөндеуден өткізілуде.

– Зауыттың өндірістік қуатын арттыру мақсатында кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Оған керекті жабдықтардың бәрі уақытылы жеткізіліп жатыр. Биыл бірінші кезеңде зауыттың өңдеу қуаты жылына 250 мың тоннадан 350 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Кейін бұл көрсеткішті 500 мың тоннаға жеткіземіз. Зауытты шамамен 10–15 қыркүйек аралығында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сол уақытқа дейін барлық жұмыстар толық аяқталады, – деді зауыт директоры.

Атап өтсек, облыста қант қызылшасы биыл 13,0 мың гектар алқапқа егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 708 гектарға артық.

Кездесу барысында Бейбіт Исабаев Көксу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да маңызды бағыттары жайлы жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, суармалы егіншілікті дамыту, өнеркәсіп, жол инфрақұрылымы, газ және ауызсу жүйелері, әлеуметтік сала, туризм салаларына тоқталды. Облыс әкімі аудан тұрғындарын табиғи газға қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Себебі Көксу ауданы облыста алғашқылардың бірі болып 100 пайыз газдандырылғанымен, қазіргі таңда тұрғындардың табиғи газға нақты қосылу деңгейі небәрі 52,2 пайызды құрап отыр.

Сондай-ақ Балпық би ауылындағы саябақты абаттандыру және оған суару жүйесін жүргізу жұмыстарын ерекше бақылауға алу қажеттігі айтылды. Өңір басшысы ауданның өзен-көлдері мен су арналарының жоғары гидроэнергетикалық әлеуетін тиімді пайдалану керектігін ескертіп, бөгеттік су электр станцияларын салу бағытында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның салықтық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі атап өткен тағы бір маңызды мәселе – заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру. Сонымен қатар өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, шағын зауыттар мен цехтар салу бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар жыл соңына дейін жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын заңдастыру және ескі полигонды жабу тапсырылды. Жалпы, жолдарды ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы абаттандыру, соның ішінде көшелердің санитарлық жағдайына, елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл желекті суару жұмыстарын тұрақты назарда ұстау қажеттігі ескертілді. 

– Соңғы үш жылда ауданда облыстық маңызы бар 49,5 шақырым автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 16 елді мекендегі 79 көше жолы  жөнделді. 14 ауылдың көшелеріне жарық шамдары орнатылды. Осы кезеңде 20 әлеуметтік нысан салынса, тағы 3 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы, Көксу ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсы және жылдан жылға жақсарып келеді. Бұл – ауданның барша тұрғындарының ортақ еңбегінің жемісі. Ауданды ары қарай дамытуға мұнда барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, жұмысты дұрыс жоспарлап, оны дер кезінде сапалы орындап, бюджеттен бөлінген қаржыны мақсатты пайдалану керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, әрбір елді мекендегі өмір сүру сапасын жақсарту — біздің ортақ мақсатымыз, – деп қорытындылады сөзін Бейбіт Исабаев.

Сол күні облыс әкімі азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға кірген тұрғындардың көтерген мәселелері тұрғын үй алу және үйді жекешелендіру мәселелеріне қатысты болды. Оларға қолданыстағы заңнама аясында мәселенің шешімі түсіндірілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов, Жеңіс Ысқабай, сол сияқты бірқатар фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызмертінің архивінен алынды. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз