Наурызнама онкүндігі аясында Жетісу облысында Ұлттық спорт күнінде 70-ке жуық түрлі жарыстар өткізілуде. Бұл ретте атап өтерлігі, асық ойыны жаңа технологиямен үйлестірілді. Осы күні ұлттық спорт түрлерін насихаттауға, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дәстүрлі мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған бұл атаулы күнде жарыстар өңірдің барлық аудан-қалаларын қамтыды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Талдықорған қаласының орталық атшабарында ұлттық спорт түрлерінен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жарыстар алдымен аударыспақтан басталды. Спортшылар 52 келіден 100 кг дейінгі бірнеше салмақ дәрежесі бойынша шеберлік байқасты. Теңге ілу жарысы «Жеті құт» стилінде, жамбы ату спорты «Корей стилі» бойынша өтті. Мұнан кейін көкпар додасына облыс аудандарынан 8 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыстардың барлық түрлері бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы ақшалай сыйлықтар табысталды. Ал жалпыкомандалық есепте 1-орынды Кербұлақ ауданы, 2-орынды Панфилов ауданы, 3-орынды Ескелді ауданы иеленді.
Жарысқа қатысушылардың бірі Әли Әлімқадыр пікірін білдірді:
— Ұлттық спорт жарыстарына қатысуға Кербұлақ ауданынан арнайы келдім. Соның ішінде теңге ілу жарысында бақ сынадым. Өзім осы жарыс түрімен айналыса бастағаныма екі жыл болды. Ат үстінде жүргеннен кейін бізге көкпар, теңге ілу сияқты спорт түрлерінің бәрі қызық. Бұл ойындар, жігіттің мінезін шыңдайды, намысын қайрайды, ат үстіндегі шеберлігін қалыптастырады, — деді жас спортшы.
Сол сияқты осы күні асық ойынын роботтың көмегімен ойнаған балалардың бірі Нұрислам Рахымбек былай дейді:
— Біз сыныптастарымызбен бірге осы асық ойнайтын роботты құрастырдық. Бүгін оның көмегімен асық ойнадым. Бұл робот сенсорлар мен камераларының көмегімен асықтың тұрған орнын анықтап, дәл есептеп, қажетті күшпен атады. Бұл бізге ұлттық ойындарымызды жаңа заманға сай технологиямен ұштастырып, балаларға қызықты етіп ұсынуға мүмкіндік береді, — деді талдықорғандық оқушы.
Осы күні Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылдық округіндегі «Абай» этноорталығында және Өтенай ауылында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, гір көтеру және басқа да дәстүрлі ойындар бойынша бәсекелер өтті.
Жалпы, бұл іс-шаралардың барлығы көпшіліктің ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге бағытталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов





























