Алматы облысында бұқаралық спорт түрлерінен Жетісу әуесқойлар лигасы құрылмақ. Футбол, волейбол, баскетбол және шахмат бойынша өтетін жарыстарда қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты 3 топқа бөлініп шеберліктерін сынайды. Бұл туралы бүгін «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Қайсарұлы мәлімдеді, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Бұқаралық спортты дамыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін алға тартқан спикер алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының 64-ші тармағын орындау шеңберінде облысымызда спорт және мәдениет саласында жастар жобасына үлкен көңіл бөлініп отыр. Бұл мақсатта, Жетісу өңірінің 20 аудан-қаласында футбол, волейбол, баскетбол және шахмат бойынша арнайы федерациялар құрылмақ», — деді Е.Сапаров.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір Алматы облысында 392 855 жас бар. Оның 312 668 ауыл-аймақтардан.

Өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға облыс әкімі де ерекше назар аударуда. Яғни, дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында, 70 мың жастар мен жасөспірімдерді қамту жоспарланған.

Әуесқойлар лигасында қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты 10-13,  14-17 және 18-35 жас аралығы болып, 3 топқа бөлінеді. Төрешілер және жаттықтырушылармен тығыз жұмыс жасай отырып, біліктіліктерін арттыру мақсатында әр аудандағы лига президентінің лауазымына іріктеу жүргізіледі. 253 ауылдық округтердің әрқайсында және аудандық деңгейде 4 спорт түрінен де федерация жетекшісі тағайындалып, командалар құрылатын болады.

Сондай-ақ, Елдар Қайсарұлы барлық қатысушыға әр спорт түрін қамтып, 5 мыңнан астам доп, 20 мың арнайы форма берілетініне тоқталды. Жобаға арнайы білікті төрешілер тартылатынын да атап өтті. Ойын барысын қадағалап отыру үшін арнайы сайт жасалып, барлық көрсеткіштер онлайн турнирлік кестеде көрсетіледі.  Бұдан бөлек, өткен ойынның бейнеролигі үнемі сайтқа және youtube желісіне жүктеліп отырады.

«Қазіргі таңда біз аталған жоба бойынша байқау жарияладық. Сол себепті, бірге жұмыс істеуге ынта-ықыласы бар спортсүйер жастарды атсалысуға шақырамыз. Толық ақпаратты әр азамат өз өңіріне тиесілі аудандық, қалалық жастар ресурстық орталығынан немесе ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылардан біле алады», — деді Е.Сапаров.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK