Наурызнама онкүндігі аясында Жетісу облысында ұлттық киім көрмесі, фестиваль, кітап көрмесі мен челлендждер және арнайы фотоаймақтар ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы күні бірқатар жетісулық қолөнершілер марапатталды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорған қаласындағы Арбат жаяу жүргіншілер аймағы Наурыз мерекесі мен оның символдарына арналған үлкен фотоаймаққа айналды. Ерекше атмосфераны бүркітшілер, тазы өсірушілер, батырлар мен ұлттық нақыштағы әсем киім киген қыздар қалыптастырды.
Сонымен қатар киіз үй мен гүл көмкерген дала стилінде безендірілген фотоаймақтар ұйымдастырылды. Келушілер қалаған қатысушымен қалаған локацияда естелікке суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шараға «Талдықорған әуендері» ансамблінің музыканттары ерекше рең берді. Олар жарқын ұлттық киімдерін киіп, қала тұрғындары мен қонақтарымен қуана суретке түсті.
Сондай-ақ аға буын өкілдері «Ақ дариға әжелер» ансамблі ерекше жылылық сыйлады. Бұл ұжымның құрылғанына он жылдан астам уақыт болған. Мұнда 38-82 жас аралығындағы әжелер өнер көрсетеді.
Өз кезегінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де ұлттық киімнің әсемдігін көрсетті. Бірлестіктің құрамында шамамен 250 адам бар және ол бүкіл облыс аумағында жұмыс істейді. Олар мерекелік іс-шараларға белсенді қатысып, алаша тоқу, жүн түту, текемет жасау сияқты халықтық қолөнер түрлері бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді.
Ұйымның қызметі балабақша тәрбиеленушілерінен бастап жоғары оқу орындарының студенттеріне дейінгі барлық жас санатын қамтып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтуға үлес қосып келеді.
Наурызнама аясында Талдықорғандағы Көркемөнер галереясында аталған мәдениет мекемесі мен «Жетісу өлкетанушылар орталығы» ҚБ бірлесіп «Ұлттық киім – ұлт құндылығы» атты фестиваль өткізді. Бұл шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз алып, ұлттық мұраның мән-маңызына тоқталды:
– Мәдениет – мемлекеттің рухани тірегі. Ал ұлттық киім – сол мәдениеттің айшықты көрінісі. Бүгінде біз ұлттық киімді тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де кию дәстүрін қалыптастырып келеміз. Төл құндылықтарымызды насихаттауда бүгінгідей іс-шаралардың маңызы зор , – деді ол.
Фестивальда ұлттық киім түрлері көрсетілді, сондай-ақ «Аламан құрақ» республикалық жобасына қатысқан жетісулық қолөнер шеберлері Дүниежүзілік рекордтар кітабына енгенін растайтын арнайы медальмен марапатталды.
Марапатқа ие болғандардың бірі Жанат Ормашева ой бөлісті:
— Жетісу облысы атынан «Аламан құрақ» жобасына 21 құрақшы қатыстық, мен біздің өңірден барған сол топқа жетекшілік еттім. Жобада Қазақстан бойынша 660 құрақшы бір қолдан шыққандай, бір түсті, бір өлшемдегі бірдей көрпе дайындап, «Медеу» мұз айдынына апарып төседік. Бұл оқиға Дүниежүзілік ректордтар кітабына енгізілді. Жалпы өзім құрақ көрпе тігумен айналысамын. Қазақтың қолөнерін, әсіресе құрақ өнерін ұмыт қалдырмай, ұрпаққа жеткізу – біздің негізгі мұратымыз. Құрақ – тек ұсақ қиықтарды кәдеге жарату ғана емес, олардан өнер туындысы ретінде әрі көркем, әрі қажетті дүние жасап шығару. Құрақтың түпкі мағынасы – бірігу, тұтастыру дегенді білдіреді, — дейді тігінші.
Осы күні Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұлттық киім тақырыбына арналған көрме өткізіліп, онда әйел адамның бас киімі – кимешектердің түрлері таныстырылды. Көрменің ерекшелігі сол, дәстүр мен заманауи технологияның үйлестірілуі келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды. Ниет білдірушілер QR-код арқылы әр экспонат туралы толық ақпаратпен өз бетінше таныса алды. Сонымен қатар зерттеуші, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, этнодизайнер Тілек Сұлтанның кимешектің мән-мағынасы туралы ғылыми еңбектеріне сүйене отырып дайындалған мазмұнды мәлімет LED экран арқылы ұсынылды.
— Кимешек – тек тұрмыстық бұйым емес, ол – аналық инабат пен тектіліктің белгісі. Ұлттық киімдерді жай ғана көрсетіп қою жеткіліксіз, оның мәнін де түсіндіру маңызды. Кимешек – әйелдің тұрмыста екенін, аналық мәртебесін білдіретін символ іспетті. Әсіресе, әр өңірдің ерекшелігі мен әйелдің жасына қарай кимешектің өз түсі, түрі, оюлары болған. Мәселен, кимешектің өрнектері, кестесі, жібі мен матасына қарап әйелдің қай өңірден екенін немесе жас шамасын, оның қоғамдағы статусын айқындап тұрады. Жетісуда ұзындығы 14 метр болатын кимешек болса, ал оңтүстік өңірлерде 5-7 метрден 40-50 метрге дейін жетететін кимектер кездескен. Біз мән-мазмұны терең осындай кимешектердің үлгілерін таныстыру арқылы жас ұрпақтың танымын кеңейтуді мақсат еттік, – дейді музейдің аға ғылыми қызметкері Айгүл Әлімбаева. Атап өтсек, бұл көрме наурыз айының соңына дейін жалғасады.
Сол сияқты осы күні Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада ұлттық мұраларға арналған кітаптардың көрмесі өткізіліп, зерттеушілердің еңбектері кеңінен таныстырылды.
Сонымен қатар өңірдегі еңбек ұжымдары мен мекемелердің қызметкерлері ұлттық киімге арналған челленджге белсенді түрде қатысты.
Бұл іс-шаралардың барлығы ұлттық киімнің жай киім емес, ұрпақтар сабақтастығының символы екенін айқын көрсетті. Ол халқымыздың бай мәдениеті мен рухани құндылықтарын еске салып қана қоймай, күн сайын жаңарып, дамып келе жатқан мұра екенін дәлелдеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Олжас Құрмашев, Қанат Өмірәлинов




























