Жетісулық құтқарушылар судағы қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады

Жетісу облысының құтқарушылары тұрғындарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, өңірдің су айдындарында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Талдықорған қаласында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шомылуға тыйым салынған белгілер орнатылған аумақтарда және қалалық жағажайда рейдтік іс-шаралар өткізді.

Суға түсу маусымында су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген профилактикалық жұмыстар барысында мамандар демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы жеткізді. Сондай-ақ су жағасында демалу кезінде сақтық шараларын түсіндірді.

Бұдан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіз мінез-құлық қағидалары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды.

Рейдке қатысушылар рұқсат етілмеген орындарда шомылудың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды. Мамандардың айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі демалуға және шомылуға бейімделмеген жерлерде орын алады.

– Біздің облыста шомылуға рұқсат етілген бірнеше орын белгіленген. Олардың қатарында Балқаш және Алакөл көлдеріндегі демалыс аймақтары мен Талдықорған қаласындағы қалалық жағажай бар. Бұл жерлерде азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған, құтқару бекеттері ұйымдастырылып, онда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік етеді. Барлық демалушылардан судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды, өз өмірлері мен жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарауды сұраймыз, – деді Жетісу облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері, азаматтық қорғау саласының аға лейтенанты Ілияс Ержанатұлы.

Бұл ретте демалушылар да өз пікірлерімен бөлісті.

– Біз қалалық жағажайда демалғанды ұнатамыз. Мұнда қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған, тазалығы да жақсы. Отбасымызбен жиі келіп демаламыз. Бүгін құтқарушылар келіп, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Оны білу әр адам үшін де маңызды деп есептеймін, себебі қауіптің алдын алған дұрыс. Біз мамандардың жеткізген барлық талаптарын орындауға тырысамыз, – дейді талдықорғандық Ирина Ким.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, мұндай рейдтік іс-шаралар су айдындарындағы оқыс оқиғалардың санын азайтуға, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған.

Құтқарушылар тұрғындарды белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға және тек ресми түрде рұқсат етілген шомылу орындарында ғана суға түсуге шақырады.

Өңірде жаз маусымы бойы профилактикалық жұмыстар жалғасатын болады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Абай Сұрақбаев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз