Жетісуда Балқаш жағалауында осы жазда екі коммуналдық жағажай қолданысқа беріледі

Жетісу облысында Балқаш көлінің жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Жағалауда үш коммуналдық қоғамдық жағажай салынады, оның екеуін осы жазда пайдалануға беру жоспарланған. Бір мезетте шамамен үш мың адам демала алатын алғашқы жағажай шілде айында пайдалануға берілуі тиіс. Ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына жасаған жұмыс сапарында танысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Коммуналдық жағажайлардың құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілдерімен құрылыс барысын талқылаған өңір басшысы бұл жобаның жүзеге асырылуы көл жағалауындағы туризмді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Балқаш көлінің жағалауындағы туризмді дамыту бағытында бірқатар шаралар қабылдадық. Алдымен бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілді. Одан кейін көлге көлікпен жетуге жағдай жасау мен жағалау инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер шешілді. Мұнан соң коммуналдық қоғамдық жағажайлардың құрылысы қолға алынды. Бұл жобада суға түсуге қолайлы жағдай жасалған және демалуға арналған арнайы аймақтармен жабдықталған, абаттандырылған жағалау желісін қалыптастыру қарастырылған. Қазіргі кезде осындай үш жағажай салу жоспарланып отыр. Оның біріншісі шілде айының алғашқы онкүндігінде пайдалануға беріледі, екіншісі – тамыз айында. Үшінші жағажайдың құрылысы биыл басталып, келесі жылдың шомылу маусымы басталғанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл коммуналдық жағажайлар халық үшін қолжетімді, жайлы әрі қауіпсіз демалысты ұйымдастыру мақсатында салынып жатыр, – деп атап өтті Б. Исабаев.

Еске салсақ, аталған жобаны табысты жүзеге асыру үшін көлге дейінгі 137 шақырым жол қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, санитарлық тораптар орнатылып, демалыс орындары мен қоқыс контейнерлері орналастырылуда. Сондай-ақ кондиционерлермен және сумен жабдықтау жүйесімен жабдықталған бірнеше жылы санитарлық торап салу жоспарланған. Сонымен қатар Лепсі ауылына кіреберісте 10-нан астам көлікке арналған тұрақ алаңы ұйымдастырылған. Мұнда шағын фуд-аймақ орналастыру көзделген. Қазіргі кезде ана мен бала бөлмесі және басқа да қажетті қызметтік бөлмелері бар жылы дәретхананың құрылысы жүргізілуде. Бұл шаралардың барлығы туристер үшін қолайлы жағдай жасап, Балқаш жағалауына келушілердің жайлы демалуына мүмкіндік беруге бағытталған.

Сонымен қатар ұзындығы 9,3 шақырым болатын жағалау бойындағы автожолдың құрылысы да аяқталуға жақын. Лепсі ауылынан көл жағалауына дейін электрмен және сумен жабдықтау желілері тартылды. Жағалауда 32 шақырым су құбыры, 49 шақырым электрмен жабдықтау желілері және 16 шақырым кәріз жүйесі салынды. Бұдан бөлек, кәріз-тазарту құрылысы салынуда. Жағалаудың санитарлық жағдайын жақсарту үшін «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылды. Осылайша, Балқаш көлінің жағалауындағы туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды.

– Үш коммуналдық жағажай – бұл үлкен бастаманың алғашқы қадамы. Егер қажеттілік туындап, туристер легі көбейсе, қоғамдық жағажайлардың санын кезең-кезеңімен арттыра береміз. Сонымен қатар жеке инвесторлар мен кәсіпкерлер заманауи демалыс базаларын, демалыс аймақтарын, фуд-корттар және басқа да туристік нысандар салуға тартылуда. Жалпы алғанда, алдағы 3–5 жыл ішінде Балқаш көлінің жағалауында Алакөлден кем түспейтін, тіпті одан да қолайлы демалыс жағдайлары жасалады. Өйткені көл жағалауында ретсіз құрылысқа жол берілмейді, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар жалпы аумағы шамамен 7 гектарды құрайтын алғашқы қоғамдық жағажайда 500 автокөлікке арналған үлкен автотұрақ, футбол және волейбол алаңдары, воркаут алаңы, балалар ойын алаңы, беседкалар, орындықтар, санитарлық тораптар, қоқыс жәшіктері, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар, ауызсу субұрқақтары, күнқағарлар мен шезлонгтар, құтқару мұнарасы және түрлі шағын сәулеттік нысандар орналастырылады. Сондай-ақ арнайы фуд-аймақ қарастырылған. Бұдан бөлек, әкімшілік ғимарат салынып, онда полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің бекеттері, медициналық пункт, сондай-ақ ана мен бала бөлмесі жұмыс істейтін болады.

Балқаш жағалауындағы игі бастамаларға қатысты демалушылар да пікір білдірді. Солардың бірі – талдықорғандық Абылай Махмет:

– Қазір Балқаш көліне жету өте ыңғайлы болды. Біз мұнда небәрі бір жарым сағатта жеттік. Жолдың сапасы өте жақсы. Жалпы, мен үшін өз өңірімізде демалған қызық. Жетісудың табиғаты өте көркем әрі алуан түрлі. Әрине, инфрақұрылымның дамып, демалушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатқанына қуанамыз. Балқаш жағалауының да абаттандырылып, жаңа, әдемі әрі заманауи келбетке ие болатыны туралы жаңалықты естіп білдік. Мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр, бұл өте қуанышты жағдай, – деді ол.

Сарқан ауданы әкімдігінің мәліметінше, Балқаш жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қазірдің өзінде мультипликативтік әсер беруде. Жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасына инвестиция тартылуда. Мысалы, қызықты деректердің бірі – Лепсі ауылында жеке инвестордың қаржысы есебінен ауылдағы алғашқы қонақүй салынып жатыр.

Жалпы алғанда, өңірде қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде алдағы жылдары Балқаш көлі туристерді тартатын негізгі орталықтардың біріне айналады деп күтілуде. Қазіргі таңда маусым кезінде көл жағалауында 50 мыңнан астам адам демалады. Алайда жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар толық жүзеге асқаннан кейін мұнда жыл сайын 450 мыңнан астам адамның демалуына мүмкіндік туады.

Жетісу обдысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Байдрақымов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз