Жетісу облысында арнайы мобильді автозертхана газ шыққанын анықтайды

Жетісу облысында газ қауіпсіздігін бақылау күшейтілуде. Осы мақсатта мобильді диагностикалық кешендер қолданыла бастады. Аталған заманауи жабдық жер қазу жұмыстарын жүргізбей-ақ жерасты және жерүсті газ құбырларында, тарату желілерінде және тұрғын үй аумақтарында газ шығу жағдайын анықтауға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, мұндай диагностикалық кешендер әзірге еліміздің тек бірнеше өңірінде ғана пайдаланылады. Оларды қолданудың арқасында ықтимал ақауларды дер кезінде анықтап, апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік бар және ол өз кезегінде газ инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға да ықпал етеді.

– Бұл инновациялық жабдық облыс әкімдігінің қолдауымен сатып алынды. Қазіргі кезеңде күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында газ тарату желілерін тексеру жұмыстары Қаратал ауданының аумағында жүргізіліп жатыр. «Пергам» газ талдау құрылғысымен жабдықталған мобильді автозертхананың көмегімен Үштөбе қаласының, Бастөбе, Достық, Ортатөбе, Кішітөбе, Жаңаталап, Оян, Көкпекті ауылдарының жалпы ұзындығы 240,56 км болатын газ құбырлары тексеріліп, 10 газ шығу жағдайы анықталып, жойылды. Оған қоса Ескелді ауданы Бақтыбай ауылындағы жоғары және орта қысымды газ құбырларына тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ 3522 шкафтық типтегі газ реттеу пункттерінің герметикалығын, техникалық жай-күйін, газ шығуының бар-жоғын тексерді. Газ тарату желілерінің жағдайын диагностикалау мен бақылау жұмыстары жалғасып жатыр және кезең-кезеңімен бүкіл өңірді қамтитын болады. Бұл жұмыстарға көпфункционалды автокешен үлкен демеу болып отыр, газ желілерін тексеру тиімділігін арттырып, ықтимал қауіпті учаскелерді жедел анықтауға мүмкіндік береді, – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Мобильді кешеннің жұмыс тәсілі туралы «ЖетісуГазСервис» МКК бас инженері Бақтияр Кенжебеков айтып берді.

– Мобильді зертхананың құрамына үш түрлі жоғары дәлдіктегі газ талдау жабдығы кіреді. Біріншісі – бамперлік лазерлік детектор. Ол автокөлік қозғалысы кезінде қоршаған ортаны үздіксіз сканерлеп, ауада газдың бар-жоғын анықтайды. Бұл құрылғы жер астындағы коммуникациялардан болатын газ шығуын 60 метрге дейінгі қашықтықтан таба алады. Екінші құрылғы — автокөлік төбесіне орнатылған лазерлік жоғары жиілікті газталдағыш. Ол кабина ішінен монитор, джойстик және арнайы бұрылмалы платформа арқылы басқарылады. Бұл жүйе қолжетімділігі қиын учаскелерді қашықтан тексеруге мүмкіндік береді. Ал үшінші құрылғы — тасымалды газ талдау құралы. Ол күмән тудыратын аумақтарды қосымша тексеруге арналған және газ құрамын нақты талдап, метан, этан мен пропанды бір-бірінен ажырата алады, — деді ол.

Атап өтсек, мұндай кешендер республика бойынша санаулы ғана өңірде бар. Мамандардың пікірінше, жаңа технологияларды енгізу газ желілерінің сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде өңірдегі газбен қамту жүйесінің тұрақтылығы мен сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.

Жалпы, бүгінде өңірдегі газдандыру деңгейі 67%-ға жетіп, 467 мың тұрғын табиғи газға қосылуға мүмкіндік жасалды.

Сонымен қатар өткен жылы «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталды. Жеке инвестициялар есебінен Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 84 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Аталған жобаларды іске асыру жұмыстары биыл басталады. Соның нәтижесінде 2028 жылға қарай облыстағы 210 елді мекен газдандырылып, табиғи газға қол жеткізетін тұрғындар саны 652 мыңнан асады немесе өңір халқының 93,8 пайызы.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы ұсынды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз