Ұстаз келбеті

5

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Педагог мәртебесі туралы арнайы заң қабылданып, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуда мемлекет тарапынан арнайы құрмет көрсетілуі тиіс екенін атап өткен болатын. Сонымен қатар балаларға жасанды интеллект негізінде оқыту жүйесіне назар аударылды.

Соның бір дәлелі жуырда Жетісу облысы, Талды-қорған қаласында ұстаздар арасында өткен «Дарынды балаларға – талантты ұстаздар» атты тақырыпта байқау еді. Байқау Талдықорған қаласында қалааралық, ауданаралық болып бірнеше күнге созылды. Оған әр мектептен озық ұстаздар қатысып, білімдерімен, озық ойларымен, тіл байлығымен, жаңашылдығымен сайысқа түсті. Нәтижесінде озып шыққан жастар республикалық жарысқа жолдама алды. Осы байқауға Талдықорған қаласындағы «Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сарқытов Қайрат Төлепбергенұлының қолдауымен қатысқан жас маман, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назерке Қанатқызы өз білімі мен алғырлығын көрсетіп жеңімпаз атанды. Мектебіне мәртебемен оралып, қалалық кезеңде І орынды иеленсе, облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Наурыз айында өткізілетін республикалық педагогикалық олимпиадасына жолдама алды. Бұл да болса мектеп басшысының педагогикалық ұжымына құрметпен қарап, қолдау көрсетуі. Білгір басшының әсіресе, жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, өз тәжірибесімен бөлісіп, білім сапасын лайықты ұйымдастыруымен қатар балалардың білімін дамытуға аса назар аударып, алға қойған міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтынын атап өткен жөн. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, мектеп ұжымындағы білікті ұстаздарға жас мамандарға қолдау білдіріп, тәжірибелерімен бөлісіп, өмірден өз орнын қиналмай табуына көмектескендері үшін айтар алғысымыз шексіз. Мектеп ұжымына ұстаз мәртебесі жоғарылай берсін, білімді шәкірттеріңіз, үздік марапаттарыңыз көп болсын, жүректеріңіз мейірімге толып, еңбектеріңіз еселеніп, ел арасында еленіп, көңілдеріңіз марқая берсін демекпін.

Мадина Долданова, Талдықорған қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз