Жер-анаға жарты ғасырын арнаған тұлға

213

Қала күні қарсаңында еліне адал еңбегін арнап, танымал болған тұлғалар жайлыда қалам тербеуді мақсат тұттық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз: ғалым-ұстаз, еңбек ардагері, Экология Академиясының мүше-корреспонденті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қоғам белсендісі- Сапарғалиев Черизат Құрманғалиұлы.

– Черизат аға, 23 шілдеде 75 жасқа келіпсіз, құтты болсын! Сұхбатымызды туған жерден, елден бастасақ.

– Рақмет. Туған жерім — Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Жыланды ауылы. Әкем Құрманғалидың әкесі Бейсенбай деген бай болған екен. Балаларын өз әкесі – Сапарғалиға жаздыра беріпті.Құрманғали әкем – 1917 жылғы. 4 кластық білімімен-ақ ауылда учетчик, бригадир, т.б қызметтер атқарған, яғни шолақ белсенді, іскер, тым ақкөңіл адам болды. 1960 жылдары – қойма меңгерушісі, дүкен меңгерушісі болған кездерінде малдың жемінен, дүкендегі азық-түліктен қап-қап қылып, жәшіктеп қарызға бере береді екен. Ол кез ауыл адамдарында, әсіресе шопандарда мал көп, той көп. Содан біреулер қарыздарын қайтарады, біреулері қайтара алмай қалады. Ревизия болғанда, келтірілген шығындарға шаш жетпей қиналып қалады. Амалсыздан, Жыландыдағы үлкен үйімізді сатып, Екпінді ауылындағы Құдайберген нағашымның үйіне көшіп келдік. 1918 жылғы анам – Бижамал Әміреқызы шешесінің қасына, бауырларының ортасына келіп бір марқайды. Мен ол кезде 8-ші сыныпқа көшкен едім. Оқуда-үздік, ойында-тынымсыз болып өстік….

1967 жылы Екпінді орта мектебін қазақша бітіріп, Алматыдағы Мемлекеттік Ауылшаруашылығы институтына түстім. 1972 жылы осы институтты ғылым-агроном мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен Талдықорғандағы «Казгипрозем» институтында қызмет жасадым. Ол кезде жолдамамен келген жас мамандарға бір жылда пәтер беретін. 1973 жылы осы мекемеден 1,5 бөлмелі пәтер алып, ауылдағы әке-шешемді Талдықорған қаласына көшіріп әкелдім. «Адамның тегі, қаны, қасиеттері тұқымға беріледі»,- деген рас екен. Мен де әкеме тартып дүниеге қызықпадым. Негізінен оқу-білім қуып, ғылым жолымен кеттім. Әлі де осы 1,5 бөлмелі пәтерде тұрып келемін. Әкем ертерек, 60-тан аса дүниеден озды. Бижамал анам Алланың берген 84 жасын жасап, немерелерін тәрбиелеп өсірген салиқалы әже атанып жүріп, әкемнің артынан кете барды. Анамның өте жиі қолданатын «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін»,- деген мақалы менің өмірлік ұстанымыма айналды.

– Сізді «ауыл шаруашылығы саласын, оның ғылыммен байланысын жақсы қолдайтын маман» ,- деп көп айтылады. Оның сыры неде? Қазіргі кезде немен айналысасыз?

– Қатардағы агроном-бригадир, экономистік жұмыстардан кейін облыстық ауыл шаруашылығы мекемелерінде жетекші, бас маман қызметтерін атқардым. Бірақ, осы жұмыстардың ешқайсына көңілім толмады, яғни шығармашылық қасиеттерімді аша алмадым. 1983-1989 жылдары Талдықорған облыстық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу станциясында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі жұмыстарын атқара жүріп, Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын 4 жыл сырттай оқып бітірдім. Одан кейін ғылыми жетістіктерімді 3 жыл ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізіп барып, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттығына диссертация қорғадым. Ол кездерде Өтенай (бұрынғы «Заря») ауылында орналасқан Талдықорған облыстық Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу станциясында ауыл шаруашылығы басшыларымен және бас мамандарымен семинар, ғылыми-практикалық конференциялар өткізуші едік. Жер-климаттық, яғни зоналық ерекшеліктеріне байланысты мақалалар жазып, өндіріске нақты ұсыныстар беретінбіз. Мұндай шаралар ауыл шаруашылығы ғылыми жетістіктерін, ауыл шаруашылығы өнідірістеріне жаппай ендіруге үлкен септігін тигізетін. Талдықорған облыстық Ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу станциясында осы мәселемен айналысатын арнайы сектор да болған еді. Облыс басшыларының нұсқауымен ауыл шаруашылығының ғылыми қызметкерлері ауыл-аймақтарға іссапарға шығып, осы жұмыстарды жүргізетінбіз.

Ал, қазір аты дардай болып өзгерген КИЗ-дің филиалында бұл жұмыстардың ешқайсысы жасалмайды. Себебі, бұрынғы ғылыми бөлімдер жойылған. Ең болмаса ғылым жетістіктерін ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізетін сектор да қалмаған, яғни КИЗ басшыларына қызмет ететін тракторшылар бригадасы ғана бар. Осыдан, ауыл шаруашылығы ғылымының қаржысы мен материалдық-техникалық базасы ауылшаруашлығы өндірісіне неге бұрынғыдай қызмет жасамайды,- деген заңды сұрақ туады.

– Ауыл шаруашылығы өндірісі мен ғылымының құлдырау уақытын қалай бағалайсыз және осы уақытта қандай шаруалар бітірдіңіз?

– Ел-жұрттың бәрі біледі, бұл бір қиын кезең еді. Әсіресе, ауылдарда жер мен мүліктер жекешелендіріліп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен уақыт болды. Қарапайым жұмысшылар, ұсақ фермерлер мен кіші шаруа қожалықтары қаржы мен техника жетіспегендіктен жер пайларын шаруашылық басшыларына су-тегін беріп жатты. Осылайша, құлдыраған ауылдарда ерекше байлар-латифундистер пайда болды. Көпшілігі күнкөріс қамымен қала жағалап, базарға шығып, сауда-саттықпен айналысты. Мемлекет тарапынан, кейін осы жағдайды қайта қарап, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, Агробанкті «тірілтіп», аяқтарынан тұрып кеткенше қаржылай қолдайтын уақыт туды. Әрине, оларды тұрақты түрде оқытып, ғылым жетістіктерін өндірістеріне енгізу кезек күттірмейтін шаруа еді. Өз басым қанша қиын болса да шығармашылық жолымнан таймадым. Ғылыми статьялар мен кітаптар жаздым. Жетісу мемлекеттік университетінде эколог және агрономдық мамандықтар ашуға атсалыстым. Осы университеттің проректоры және профессорларымен бірігіп 2 кітап шығардық. Біліктілік курстарынан өтіп, Көксу ауылшаруашылығы колледжінде арнайы агрономиялық пәндерден дәріс бердім. Осы жерден зейнеткерлікке шықтым.

– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін немен айналыстыңыз? Отбасыңыз, балаларыңыз туралы да айта кетсеңіз.

– Жалпы, зейнеткерлікке шыққаннан кейін үйде жата берген дұрыс емес деп ойлаймын. Өз басым әлеуметтік-қоғамдық жұмыстардан бас тартқан емеспін.Талдықорған облысы кезінде облыстық табиғатты қорғау инспекциясының басшысы, Жетісу аймақтық ардагерлер төрағасы, қазіргі кезде Жетісу облыстық қоғамдық палатасының мүшесі және халықаралық Экология академиясының мүше-корреспондентімін.

Отбасын құрғаннан бері, яғни 50 жыл болды саяжайда бау-бақша өсіремін. Агроном болғандықтан, бала-шағаға еңбек тәрбиесі арқылы білімдерін, ой-өрістерін жетілдіру негізгі мақсат болды… Нәтиже жаман емес. Еңбек пен білімді ұштастыр-ған сайын отбасы қаржысы үнемделіп жатты.

Екі балам бар. Ұлым-Мақсат, қызым-Жазира. Балам кішкентайынан-ақ жұмысқа бейім болды. Саяжайда көкөніс өсіру, сақтау, жерді тыңайту, құрылыс жүргізуді қиналмай атқара беретін. Есейгенде Алматыға оқуға түсіп, кейін отбасын құрды. Өз үйін де қолымен тұрғызды. Қазіргі таңда автокөліктердің барлық түрін жөндеудің шебері. «Өнерді үйрен де жирен»,- дегендей, келінім Нейла екеуі мейрамханалық бизнестен бастап, құрылыс, агробизнесті игеріп алды. Қазіргі уақытта логистика саласында жұмыс жасайды. Үлкен немерем Әмір-Қытайдың халықаралық медициналық университетін бітірген. Үйленіп, жұбайы Сәниямен Алматыда тұрады, жұмыс жасайды. Интернатурада оқуын да жалғастыруда. 3 жаста Жәния атты шөбереміз бар. Одан кейінгі немерем Елдана – Қазан қаласындағы мемлекеттік Медициналық университеттің соңғы курсында, өте жақсы оқып, «Жыл студенті» атанды. Немерем – отбасының ғана емес, елінің мәртебесін көтеріп жатқаны қуантады. Кіші немерем Нұрсұлтан-Алматыдағы Менеджмент университетінің студенті.

Қызым – Жазира осында тұрады. Банк саласы мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Бала кезден армандаған «Сән салонының» иесі. Күйеу балам Қайратта кәсіпкер. Ұлы Елнұр-Алматыдағы халықаралық ақпараттық технология университетінің студенті. Қызы Айша – 5 сынып оқушысы. Жалпы өзіңіз байқап отырғандай, бәйбішем, бала-шағам, немерелерім-еңбекқор. Бәйбішем екеуміз өзімізге және немере-шөбереге силыққа жететіндей зейнетақы аламыз. Аллаға шүкір! Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк.

– Аға, өмір белестеріңізді бағалап, қорытындылайтын болсақ, не айтар едіңіз?

– Жалпы адам өмірі мінсіз емес. Менің өмірімнің де «Тар жол, тайғақ кешулері» болды… «Әр адам жазылмаған бір кітап»,- демекші өмір белестерін айта берсем, бірнеше кітап болар. Сондықтан қорытынды ретінде ұстаз-ақын, нағашым Алдаберген Әміреұлының әулетімізге және маған арнаған бірнеше шумақ өлеңін айта кетсем:

Сапарғали-Құрманғали әулеті,
Жақсы жандар кісілікте бар ниеті.
Өсіп-өніп, бір тайпа ел болыңдар!
Шүкір Аллаһ, көрініп тұр бір шеті.

Кандидатсың, ғылыми еңбегің бар,
Бала-шағаң, жолдасың өзіңе пар.
Екі тілде сөйлеуге тілің жатық,
Саясат, ақпаратқа емессің зар.

Жақсылық, жаңалыққа жаның құмар,
Еңбек қорғап мойныңа таққан тұмар.
Ақылға сап алды-артын әр уақытта,
Жақсы-жаман, аз-көпке шыдап тұрар.

Асқар таудай ата-енең, нағашың бар,
Өнерлі, ғалым, ақын жолдасың бар.
Шәріп мырза, Қарлығаш әпкеңменен
Әбілхайыр, Гүлнардай інілер бар.

Мархаба, жиен келін сүйсінткен жар,
Асықтай ұл-қызыңмен немерең бар.
Күйеу бала, келіндер ілтипатты,
Маңдайға сиып тұрса болмайды тар.

Байлық деген нысап, ниет, намыста,
Солар барда бизнестерден қалыспа.
Әрі нәрсеге икемдісің, еңбекқұмар,
Сәтіменен озат болғай жарыста.

Тәуба, Құдай! Байсың міне ақиқат,
Берген, әлі береді ғой табиғат.
Ақыл-санаң жетерлік мұсылмансың,
Саған онша қажет емес насихат.

Тәуба, Құдай! Жетерлік ақыл-айлаң,
Әр нәрсеге жетерлік тәсіл-айлаң.
Бар ғой, соны пайдалан орынымен,
Тие берсін әркімге табыс-пайдаң.

– Черизат аға, «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра»,- демекші, редакциямызға келіп, өмірден түйген ойларыңызды ортаға салғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Жұбайыңызбен ұл-қыздарыңыздың қызығын көріп, немерелер мен шөберелердің ортасында ақылшы ақсақал болыңыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз