Елімізде ядролық сынақ алаңындағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында тіркелді. 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны толығымен жабылып,оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.
Семей ядролық полигонындағы 42 жыл ішінде, яғни халықтың зұлмат апаттан зардап шегуіне тосқауыл қоюға дейінгі аралықта қаншама мыңдаған азаматтардың өміріне қауіп төніп, денсаулығына зиян келді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді парыз санаған өрімдей жас жігіттердің де талай легі әскери қызметін бұйрыққа сай полигон аумағында өткізіп, денсаулықтарынан айырылды. Бүгінде ортамыздан табылып жүрген Семей ядролық сынақ полигоны ұйымының мүшелері саналы ғұмырларын туған жерлерін өркендетуге, өнімді еңбек етуге жұмсап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруден еш жалыққан емес.
«Талдықорған» газеті оқырмандарын ардагерлермен таныстыруды одан әрі жалғастырады.
Талдықорған қаласының тұрғыны Алпан Бегарысов 1957 жылы 18 желтоқсанда Алакөл ауданы, Жайпақ ауылында туылған. Ол 1963-1974 жылдар аралығында М.Төлебаев атындағы орта мектебінен білім алды. Араға бір жыл салып, азаматтық міндетін атқару үшін әскер қатарына қабылданады. Өскемен қаласындағы аузынан ажал шашып тұрған ядролық сынақ алаңындағы бөлімшеде өткізген екі жыл ішінде әріптестерімен тіл табысып, әскери өмірдің қыр-сырына тез төселіп кетті. Отан алдындағы борышын адал атқарып, туған жерге оралысымен, 1977 жылы Талғардағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумында колхоз және совхоз шаруашылығын ұйымдастырушы мамандығы бойынша оқуға түсті. Оны 1980 жылы «Техник-механик-ұйымдастырушы» дәрежесінде игеріп шықты. Алған білімін еңбекпен ұштастыруды ойлаған Алпан Мұхаметжанұлы 1974-1995 жылдар аралығында совхозда тракторшы, токарь қызметінде, 1995 жылдан бастап 2020 жылға дейін «Нұрлан» шаруа қожалығында тракторшы болып қызмет атқарды. 2020 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін жүрген ортасында кәсіби біліктілігімен мол тәжірибесін іскерлік қабілетімен таныта білді. Адамгершілігі мол, абыройлы азамат. Жұбайы екеуі отбасында үш перзент тәрбиелеп отыр. Бос уақытында рухани байлығын арттырар әдеби кітаптарды оқығанды ұнатады.
Алпан Бегарысов:
«Полигон аймағында азаматтық борышымды өтеген кезім әлі есімде. Сынақ дүмпуін сезініп екі жылымызды өткердік. Қазіргі таңда ағайын-туыс, отбасымның ортасында еңбегімнің зейнетін көріп жақсы өмір сүріп жатырмын. Бүгінгі жастарға айтарым, адам болып жаратылған соң, еліңнің қамын жеп, Отаның үшін отқа түсуден қорықпау керек. Әскер қатарында қызмет етуді әр жас өзіне мақсат етіп қоя білгені абзал.Бейбіт заманның болашағын құратын, оған қызмет етіп, мемлекетімізді өркендетер ұл-қыздарымыздың қатары көбейе берсін. Қазақстан Республикасы өзге мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең, тұғыры мықты ел. Осы еліміздің көк аспанын бұлт шалмай, Туымыз биіктен желбіресін!».
1953 жылдың 15 тамызында Қытай Халық Республикасында дүниеге келген Көлдейбаев Жұмабай Қасенұлы тоғыз жасында ата-анасының ұйғаруымен отбасымен бірге Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Арасан ауылына көшіп келеді. Он жылдық білімді осы ауылдағы орта мектеп қабырғасынан игеріп, 1972 жылы әскер қатарына шақырылады.
Жұмабай Көлдейбаев:
«Әскери борышымды Семей облысының Курчатов қаласы полигон аумағындағы №11852 әскери бөлімшеде атқардым. Ол кезде жастықтың әсері ме, кім білсін радиация әсерін қатты сезбедім. Денсаулығым сыр бермеді. Бір жылдан соң әскери қызметімді Ресей Федерациясының Мурманск қаласында жалғастырдым. Елге оралған соң 1975 жылдан бастап 1998 жылға дейін Арасан қой совхозында шопан болып еңбек еттім. Бұл жылдар мен үшін тек мал бағу ғана емес, ауыл шаруашылығына адал қызмет ету, еңбекқорлық пен төзімділіктің мектебі болды.
1977 жылы өмірімдегі ең маңызды қадамдардың бірі – Такиева Мәликемен отбасын құрдым. Сол уақыттан бері өмірімнің қуанышы мен тірегі осы отбасым. Жолдасым екеуміз Әсел, Әсем атты екі қыз және Жаслан есімді бір ұл тәрбиелеп отырмыз.
2005 жылы ауыл әкімшілігіне күзетші болып жұмысқа орналастым. 2016 жылы осы мекемеден зейнеткерлікке шықтым. Бірақ, зейнетке шыққан соң да ауыл өмірінен қол үзіп кеткен жоқпын, елдің амандығын, жердің тыныштығын әрдайым тілеп келемін. Өмір бойы еңбектің нанын жеп, ауылдастардың ортасында адал қызмет еткенімді мақтан тұтамын»,- дейді.
Жұмабай Қасенұлы қазіргі кезде Ақсу ауданы, Арасан ауылындағы Ардагерлер кеңесінің және жергілікті Қауымдастық кеңесінің мүшесі. Абыройлы ісімен, біліктілігімен өзгелерге үлгі болып келеді.
Жетісу облысы, Панфилов ауданының Үлкеншыған ауылында тұратын Қадыров Абдуришит Қахарович, 1953 жылы 09 тамызда осы аудандағы Хонохай ауылында дүниеге келген. Туған жердің топырағына аунап-қунап өскен жігіт Отан алдындағы азаматтық борышын 1972-1974 аралығында Семей қаласының маңындағы әскери бөлімшеде атқарды. Сабырлы мінезімен, ұлағатты тәлім-тәрбиесімен, тиянақтылығымен ерекшеленген жас жігіт жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамайтын. Өзімен қатар әскерге алынған жастармен бірге сарбазға қажетті ептілікті, түрлі жаттығуларды меңгеруге машықтанды. Әсіресе әскери техникаларға қызығушылығы арта түсті. Ауылына оралысымен еңбекке бірден араласып, техниканың түр-түрін жүргізді. Тұрақтылықты жаны сүйеді. 1979-1983 жылдары алдымен Панфилов ауданындағы «УМС» жеке шаруа қожалығында, араға төрт жыл салып ПМК «Панфиловский хозстрой» жеке шаруашылығында тракторшы болып қызмет атқарды. Еш қиындыққа мойымай, өмір жолында кездескен тосқауылдардан тоқтамай өте білді.
Абдуришит Қадыров:
«1986 жылы Киров колхозына слесарь болып қабылдандым. Осы мекемеден зейнетке шығып, ауылдастарымның ортасында жастар тәрбиесіне өзіндік үлесімді қосып келемін. Жұбайым Авмуслива Адалятбуви екеуміз Гульзарам, Гульниса, Гульзана есімді қыздарымыздың қуанышы мен құрметіне бөленіп отырмыз»,— дейді ол.
Әскери антына адал болып, батылдық танытқан барша ардагерлердің жанқиярлық қажырлы еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Оларға айтар алғысымыз шексіз.
Денсаулығын тәуекелге тігіп, өздерінің әскери парыздарын орындаған Полигон ардагерлерінің қаншасы радиация салдарынан өмірден ертерек озып та кетті. Сынақ алаңында болып, сынбаған ерлердің есімдері ел есінде мәңгіге қала бермек.
Гүлжанат Нұршанова



























