Тұрлыхан Кәрімге арнап мемориалдық тақта орнатылды

262

Белгілі сатирик, жазушы, «Талдықорған» газетінің тұңғыш бас редакторы — Тұрлыхан Кәрім  арамызда болғанда 15-ші шілде күні 70 жасқа толар еді. Әзіл, сықақ, мысқыл әжуаның қыр-сырын меңгерген қарымды қаламгердің туған күнінде Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің қолдауымен, Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен  жазушының тұрған үйіне естелік тақта орнатылды. Салтанатты шараға қаламыздың танымал тұлғалары, ардагерлер, әріптестері, шәкірттері, отбасы, үй тұрғындары қатысты. Жиынды Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков ашты.

Ақшабай Керімбеков, Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі 2019 жылдан бері қала әкімінің қолдауымен өнегелі ісімен халқының жүрегіне жол таба білген танымал тұлғаларға арнап, тұрған үйлеріне естелік тақта орнатып келеді. Бұл шара осы жылдар ішінде салт-дәстүрге айналғандай. Еңбегі сіңген ғұлама тұлғаларды ұмытуға болмайды. Олардың есімін жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтқан игі іс жалғасады. Оған лайықты азаматтарымыз жеткілікті. Өздеріңізге белгілі, Нұрмолда Алдабергеновке арнап ескерткіш қойылды. Жуырда «Батырлар аллеясын» құру туралы ұсынысымызды әзірлеп, әкімдікке тапсырдық. Жүзеге асады деген ойдамыз. Міне бүгін танымал тұлғамыз Тұрлыхан Кәрімге арнап естелік тақта ашып жатырмыз.Қаламгердің өнегелі өмірі ұрпақтан ұрпаққа жетеді деген ойдамыз,-деді.

Тұрлыхан Кәрім 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының құқықтану факультетін тәмамдаған. Аудандық «Балқаш өңірі», облыстық «Жерұйық» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. 1992 жылдың қымбатшылығына қарамастан Талдықорған қаласының әкімшілігі, халық депутаттары қалалық кеңесінің құрылтайшылығымен Тұрлыхан ағамыздың басшылығымен  тәуелсіздіктің тумасындай «Талдықорған» газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. Қалалық білім беру басқармасы ақпарат-әдістемелік орталығының директоры қызметтерін атқарған. Соңғы жылдары «Жетісу» әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде, Жетісу мемлекеттік университетінде оқытушы болған. «Жалын» баспасынан шыққан «Жетісу жауқазындары», «Күлкі қоржыны» жинақтарынан әзіл-сықақ әңгімелерімен көрініп, кейіннен «Құбыжық», «Күлдіргім келіп тұрады», «Есімде әлі сол күндер», «Еркек қалай күн көрер?…»,  «Махаббат оты сөнбейді…», «Қас қағым сәт», «Ақшатаудан Алатауға дейін» кітаптарының авторы ретінде оқырман жүрегінен жол тапты.

«Ең үздік сатира» номинациясы бойынша облыстық Тіл басқармасы конкурсының 1-дәрежелі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті конкурсының 2-дәрежелі дипломанты атанған. Бүкілодақтық  және республикалық сатириктер, халық шығармашылығы байқауының лауреаты. Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі болды.  Қағытпа қалжыңы мен әсерлі әзілге бейім тұратын қаламгердің әр туындысы адам жанын жадыратып, Отанға, туған жерге, ата-анаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсетін. Арнаулары, жақсы адамдармен жүздесу жайлы естеліктері көңілге қонымды еді.

Әміре Әрін, Қазақстан Республикасының Құрметті жазушысы, ҚР Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын:
— Мен Тұрлыханмен студенттік кезден таныспын. Өте жақсы оқыды, зейіні мықты, табанды, өжет еді. Отбасымызбен араластық, талай қуаныштарда бірге болдық.Тұрсын Әбдуалиевтің шақыруымен кейін «Октябрь туы» газетіне де бірге бардық. Онда ғажап адамдармен бірге жұмыс жасадық. Жалпы, Жетісудың, Талдықорғанның журналистикасы мықты әрі жарқын журналистика. Тұрсын Әбдуалиев, Ғайыс Егембердиев, Қанат Асқаров, Камал Әбдірахманов, Тәкен Әліпбаевтар жарқыраған жұлдыздар еді ғой! Сол азаматтардан тәлім алғандардың бірі — Тұрлыхан облыс орталығындағы тұңғыш қарлығаш газет «Талдықорғанның» бас редакторы болды. Біз өмірден өткенмен газет қалады, жылнама қалады, тарих қалады. Соның бастауында, газеттің тұңғыш редакторы ретінде Тұрекеңнің есімі мәңгіге қалады. Тұрлыхан, қабырғалы қазақтың қаламгері ретінде жадымызда мәңгі сақталады,-деді.

Немеребай, Қазақстан Жазушылар Одағының Жетісу облысы бойынша төрағасы:
Көп жылдар Тұрлыхан ағамен сапарлас болдық. Әдеби шаралардан қалдырмауға тырыстық. Ағамыз ортамыздан ерте кетті. Шығыста туса да  Жетісудың төрінде аты қалып жатыр Рухы шат болсын! Осындай игілікті істер атқарыла берсін! Қалам ұстаған, әдебиетке,мәдениетке еңбегі сіңген жандардың есімдерін мәңгі есте қалдыруға байланысты шаралар жалғасын таба береді деп сенеміз,- деді.

     Өз кезегінде сөз алған Тұрлыхан ағаның ұлы Дәурен әкесінің өміржолына қысқаша тоқталып, әріптестеріне, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Шараға жиналған көршілері де Тұрлыхан ағамен осы үйге бір кезеңде көшіп келіп, ұл-қыздарын бірге өсіргендерін, әлі күнге  отбасымен араласатындарын тебірене еске алды. Ыстық ықыластарын білдірді. «Талдықорған» газетінің ұжымы ретінде біз, Тұрлыхан ағамызбен мақтанамыз. Қазақ руханиятының дамуына зор еңбек сіңірген жазушының есімі халқының, қаламдастарының жүрегінде мәңгі сақталатынына сенеміз. Ағамыздың жатқан жері жайлы, алды пейіш, арты кеніш болсын!

Гүлжанат Мырзалықызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз