Талдықорған қаласы бойынша зейнеткерлер қатары 28 мыңға жуық. Жаһандану әлемінде рухымызды тіктеп, ұлттығымызды сақтап, ұрпағымызға өнеге болсақ, қоғамға үлесімізді қоссақ дейтін белсенді ардагерлер қатары да жыл сайын толығып келеді.
Жуырда «Салтанат сарайының» мәжіліс залында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Талдықорған қалалық филиалының ІХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияға қала әкімі Ернат Бәзіл, Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт және қала ардагерлері қатысты.
Жиында қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбеков ұйымның 2021-2025 жылдар аралығында атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті. Төрағаның айтуынша, қалалық ардагерлер кеңесі өз қызметінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ережесін және қаулықарарларын басшылыққа ала отырып, жұмыстарын жүргізеді. Осы жылдар ішінде ардагерлердің басын біріктіретін орталықтарда, салалық бастауыш ұйымдар мен филиалдарда ұрпақ тәрбиесіне және ардагерлердің белсенділігі мен әлеуметтік жағдайларын жақсартуға бағытталған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылған. «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат», «Даналық мектебі» бағдарламалары бойынша жұмыс қарқын ала түсуде. Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің өмір жолын насихаттау, есімдерін ел жадында жаңғыртуға қатысты «Естелік тақта» орнату мәселесі де халықтан қолдау тауып отыр. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен облыс орталығында құрылған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы түрлі үйірмелерге мыңнан астам зейнеткер қатысып, тегін түрде қолдау табуда. Бұл ардагерлерге деген құрмет пен қамқорлықтың лайықты нәтижесі. Ардагерлер ұйымы қаладағы жауапты ұйымдар мен мекемелермен байланыс орнатып, көмекке зәру егде адамдарға, мүмкіндігінше материалдық, әлеуметтік тұрғыдан қолдау танытқан. Осы орайда қалалық ардагерлер ұйымының тексеру-бақылау комиссиясының да есебі тыңдалды.
Конференцияда қалалық ардагерлер ұйымының төрағасын сайлауы өтіп, ардагерлердің бірауыздан қолдауымен Ақшабай Керімбеков қайта сайланды. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ернат Бәзіл аға буын өкілдерінің ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі және ұлттық салт-дәстүрді дәріптеудегі еңбегін жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ, ардагерлер қауымының қоғамдық өмірдегі белсенділігі мен жастарға өнеге боларлық тәжірибесінің маңыздылығына тоқталды. Конференция қорытындысында бірқатар белсенді ардагерлерге Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің атынан марапаттар табысталды.
Гүлжанат Нұршанова





























