Жетісу облысында 8 наурыз қарсаңында бір отбасы 60 мың қызғалдақ өсірді

Жетісу облысының тұрғыны тіршілігін гүлмен байланыстырып, маңайын гүлге толтырды. Ол жолдасымен бірге ауласындағы жылыжайда бес жылдан бері альстромерия мен қызғалдақ өсіріп келеді. Биыл олар Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз мерекесіне орай 14 түрлі сортты 60 мың түп гүл қауызын баптап өсірді. Көктем мерекесінде жұртшылыққа гүл ұсынсақ деген ниетпен талпынып жүрген отбасының еңбегі зор, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көксу ауданы Мұқыры ауылының тұрғыны Балжан Нүсіптің жылыжайына көктем ерте жеткен. Ауада балғын гүлдің хош иісі аңқып, көздің жауын алатын алуан түстер көңіл қуантады. Жылыжайда сары, қызыл, ақ, алқызыл, қызғылт, ала гүлдер жайқалып өсіп тұр. Қыстың суығынан арылар шақта қызғалдақтарға сүйсіне қараудың өзі – нағыз мереке. Алайда мұндай сұлулықты жасау үлкен еңбек пен төзімділікті қажет етеді.

– Бастапқыда біз басқалардан алған гүлдерді көтерме бағамен сатып жүрдік. Кейін оларды өзіміз өсірсек деген ой келді. Әрине, ол үшін тәуекелге баруға тура келді. Өз қаражатымызды салдық, түрлі сынақтардан өтіп, қателік жасай жүріп, әр жолы жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, гүл шаруашылығын ақыры жолға қойдық. Мұның бәрі отбасымның қолдауының арқасында іске асты, жұбайым, енем, балаларым әрдайым жанымнан табылды, – деген көпбалалы ана сөзін одан әрі сабақтады:

– Алғашында, 2022 жылы біз бұл істі альстромерияны, яғни перу лалагүлін өсіруден бастадық. Бұл нәзік гүлдің түсі алуан түрлі, жеке дара да, басқа гүлдермен үйлесімде де өте әдемі көрінеді. Ол кесіліп алынғаннан кейін де ұзақ уақыт бойы өңін жоғалтпайды. Ал 2023 жылдан бастап голландиялық тұқымдар сатып алып, қызғалдақ өсіруді де қолға алдық. Өткен жылы 40 мың түп гүл өсірсек, биыл оның саны 60 мыңға жетті, – дейді кәсіпкер-гүл өсіруші.

Гүл бизнесін жүргізуге бүкіл отбасы атсалысады, олардың әрқайсының өз міндеті бар. Жұбайы Самат Жұмағұлов пен үлкен ұлдары қайратты күшті қажет ететін жұмыстарға көмектессе, ал отбасындағы әйелдер жағы гүлдерді отырғызып, күтіп-баптаумен, дайын өнімді қаптаумен айналысады.

– Отбасылық істің берік болуы – бәріміздің бір кісідей жұмылғанымыздың арқасы. Үлкен немерелерім бос уақытында көмектеседі, кішілерін де біртіндеп еңбекке баулып жүрміз. Әркімнің өз міндеті бар. Келін шаруамен айналысып жатқанда, бәріміз қолғабыс етеміз. Балалардың талпынып, тырысып жүргенін көргенде, ең бастысы бизнес емес, еңбек ете білу, еңбекті қадірлеу, туған жерді сүю екенін түсінесің, – дейді Асылхан Омарбекқызы.

Жылыжайдағы жұмыс таң сәріден басталады, әрі температуралық режимді тәулік бойы бақылап отыру қажет.

– Отырғызған сәттен бастап қызғалдақтар үздіксіз күтімді қажет етеді. Алдымен пиязшықтарды салқындатып аламыз, бұл олардың өсуін жылдамдатады. Отырғызуға қажетті құрамды топырақты дайындаймыз. Содан кейін температураны біртіндеп көтереміз. Біз желтоқсан айында отырғыза бастаймыз, сонда ақпанда берік бүршіктер дайын болады. Кейін 3–4 күн сайын тамшылатып суару жүйесі арқылы суарамыз. Температура +10 градустан төмен болмауы тиіс. Таңертең ерте гүлдер ашылып кетпей тұрып жинап аламыз, кейін бұл жұмысты түстен кейін сағат 3-тен кешкі 7-ге дейін жалғастырамыз. Күніне 5–7 мың гүл жинаймыз. Дайын гүл шоқтарын пиязшығымен бірге қаптап, салқын қоймаға сақтауға жөнелтеміз. Бұл істегі ең маңыздысы адамның жылуы деп ойлаймын. Таңертең жылыжайға кіргенде алдымен гүлдермен амандасып, оларға жылы сөз айтамын. Сонда өзімнің де көңіл күйім көтеріледі, гүлдер де жақсы өседі, – дейді Асылхан апа.

– Қызғалдақтар расында да күйзелістен арылуға көмектеседі. Жылыжайда жұмыс істеп, гүлдерді кесіп жүргенде көңіл күйіңнің қалай көтерілгенін байқамай да қаласың, – дейді келін енесінің сөзін құптап. – Бұл ең алдымен гүлдердің қанық, жарқын түсімен байланысты болса керек. Ұзақ қыстан кейін жайнаған қызғалдақтар біз үшін – жай ғана гүл емес, көктем келгенінің белгісіндей, – дейді Балжан.

Айта кетейік, отбасының үй жанындағы жылыжайының жалпы аумағы 8 сотық. Қазіргі таңда отбасы мүшелерінен бөлек, мұнда тағы төрт жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

– Жылыжайларымыздағы альстромериялардың басым бөлігі жиналып болды, бірақ өсімдікке күтім жасай береміз, өйткені перу лалагүлі жыл бойы гүлдейді. Ал қызғалдақтар алдағы 8 наурыз мерекесінде Жетісу аруларын қуантуға дайын. Гүлдерді негізінен Талдықорған қаласының гүл дүкендеріне, сондай-ақ облыс көлемінде саудаға шығарамыз. Отбасымыз өсірген гүлдер Жетісу тұрғындарына жылылық пен қуаныш сыйлайды деп сенеміз. Өйткені біз оларды жанымызды салып, сүйіспеншілікпен баптап өсіріп отырмыз, – дейді Балжан Құдайбергенқызы.

Бұл еңбеккер отбасының тарихы – күнделікті жұмысқа деген адалдық, жақындарының бір-біріне қолдау көрсетуінің және өзара сенімінің айқын айғағы.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз