Жетісуда Балқаш көлінде алғаш рет қысқы балық аулау фестивалі өтті

Жетісу облысында туризмді дамыту аясында Балқаш көлінің жағалауында алғаш рет «Balkhash Winter Fishing – 2026» қысқы балық аулау фестивалі өтті. Фестивальға еліміздің әр өңірінен келген әуесқой балықшылар қатысты. Атап айтқанда, шарада Астана, Алматы, Өскемен, Талдықорған қалаларынан, сондай-ақ Үндістан мен Якутиядан келген тревел-блогерлер қонақ болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Туристік іс-шара Жетісу облысының туризм басқармасы мен «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен, Сарқан ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті. Фестивальдің негізгі мақсаты – өңірдің қысқы туристік әлеуетін паш ету және Балқаш көлін тек жазғы демалыс орны ретінде ғана емес, жыл бойы саяхат жасауға қолайлы бағыт ретінде насихаттау. Сонымен қатар шара барысында экологиялық мәселеге де ерекше назар аударылды: табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға, жауапкершілікті туризм мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілді.

– Президент тапсырмасын орындау мақсатында Жетісу облысында туризмді ілгерілету бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл ретте туристік әлеуеті зор Балқаш көлі жағалауын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ең алдымен көлік жолы мәселесі шешілді. Бұдан кейін Бас жоспар мен жағалау аймағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Көл жағалауын дамыту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, санитарлық жағдайды жақсарту және қауіпсіздікті күшейту шаралары қолға алынған. Бүгінгі қысқы балық аулау фестивалі Балқаш көлі мүмкіндіктерінің ауқымын айқын көрсетеді. Қыс мезгілінде де бұл бағыт туристер арасында жазғы маусымдағыдай танымал бола алады, – деп атап өтті облыстық туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев.

Мұз үстінде балық аулау ережелерімен танысқан қатысушылар төрт сағат бойы балық аулады. Ниет білдірушілерге арнап жел өтпейтін шатырлар тігіліп, оларға қармақ пен түрлі жем ұсынылды, сондай-ақ мұзды бұрғылап, ойық жасауға көмек көрсетілді. Қолдау ретінде ыстық шай беріліп, жылынып алулары үшін киіз үй тігілді. Фестиваль қорытындысында бірнеше аталым бойынша жеңімпаздар анықталды: алғаш ұсталған балық үшін «Балқаш олжасы», ең ірі балық үшін «Алтын олжа», ең көп ауланған балық үшін «Мұз патшасы» номинациялары берілді. Әр жеңімпазға арнайы диплом мен естелік сыйлықтар, сол сияқтыНачало формы қатысушылардың барлығына алғыс хаттар табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Балқаш көлінде өткен қысқы балық аулау фестивалі табиғатты, белсенді демалысты, таза ауадағы шынайы қарым-қатынасты бағалайтын жандар үшін нағыз мерекеге айналды.  

Қысқы фестиваль туралы ой-пікірін ортаға салған қатысушылардың бірі алматылық Әсел Құбашева:

— Мен қай жаққа шықсам да ең бірінші инфрақұрылымына мән беремін. Мұнда біз Алматыдан шаршамай жылдам жеттік, яғни жол өте жақсы. Аңшыға да, балықшыға да, саяхатшыға да ең алдымен  қажет дүние осы ғой. Шаршамай-шалдықпай жетуі, барған жерде қолайлы жағдай болуы аса маңызды. Фестиваль бірінші рет өтіп жатса да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Келешекте мұнан да ауқымды бола түседі деп сенемін, — деді ол. 

Әселден басқа бұл шараға елуге жуық инфлюенсер келді. Олардың қатарында еліміздің әсем табиғатына қызыққан бірнеше шетел азаматы да бар.

— Мен осы елдің көрнекті жерлерінде бірнеше мәрте болдым. Маған Көлсай көлі, Шарын шатқалы, Алакөл көлі керемет ұнайды. Енді, міне, Балқаш көлінің қыста кейпін де көрдік. Бұл жердің туристік әлеуеті зор. Жазда тағы бір келіп көру керек, — дейді үндістандық студент, тревел-блогер Шах Хусайб. 

Сөйтіп, «Balkhash Winter Fishing» жай ғана іс-шара емес, ол Жетісу өңірінің брендін қалыптастыруға бағытталған жүйелі стратегияның бір бөлігі деуге болады. Бұл бастама дәстүрлі туристік бағыттарды дамытуға және жаңа туристік маршруттарды қалыптастыруға ықпал етеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов, сол сияқты бірқатар фотосуреттерді «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы ұсынды. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз