Жаңа Конституция жобасындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – Преамбуланың мазмұндық тұрғыдан жаңғыртылуы. Преамбула – бұл Конституцияның кіріспесі ғана емес. Ол – біздің кім екенімізді, қайдан бастау алғанымызды және қайда бағыт алғанымызды көрсететін идеялық бағдаршам. Дәл осындай пайымды әңгімені «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының және облыстық колицияның өкілдері ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Амангелді Есбай, Ғалиасқар Сарыбаев және Гүлнар Тойлыбаева Қ.Байсейітов атындағы саз колледждің еңбек ұжымымен және студенттерімен кездесуде сөз етті.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушыларға Конституциядағы жаңартулардың маңыздылығы қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізілді. Спикерлер құқықтық реформалардың ел дамуына, әділ сот төрелігіне, азаматтардың қорғалуына әсері туралы нақты мысалдарды тілге тиек етті.
Сөз тізгінін алғаш тартқан Ғ.Сарыбаев Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған ауқымды құжат екенін атап өтті.
– Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің құндылығы да Конституцияда айқын көрініс тапқан. Жеріміздің тұтастығы, шекарамыздың беріктігі, ел бірлігі – мемлекеттің ең басты байлығы. Бұл қағидаттар тек саяси ұстаным емес, әр азаматтың жүрегіндегі қасиетті ұғым. Бірлігі бекем елдің іргесі сөгілмейді. Тәуелсіздік – бізге оңай келген жоқ. Сондықтан оны сақтау – әрқайсымыздың қасиетті парызымыз. Ата Заңымыз тәуелсіздігімізді баянды ететін құқықтық тірек. Ол еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы дербестігін, халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығын бекітеді, — дейді ол.
Ал, Амангелді Есбайдың айтуынша, Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалады. Егемендік, Тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітіледі. Бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім – мемлекеттіліктің берік негізі ретінде көрсетіледі.
– Конституцияда адам – ең жоғары құндылық деп нақты жазылған. Бұл – әрбір жұмысшының еңбегі қорғалады деген сөз. Яғни, қауіпсіз еңбек жағдайы, әділ жалақы, әлеуметтік кепілдік. Заң қорғайтын адам өзін сенімді сезінеді, еркін еңбек етеді. Ал сенімді адам – елін дамытады. Жаңа Конституцияның түпкі мақсаты – Әділетті Қазақстан құру. Әділдік жоқ жерде сенім болмайды. Ешқандай құндылық сақталмайды. Заң бәріне бірдей болғанда ғана қоғамда тәртіп орнайды. Біз жай ғана құжатты қолдап отырған жоқпыз. Біз іргемізді бекітіп, балаларымыздың болашағын таңдап отырмыз, — дейді ол.





























