Жетісу шетелдік туристер саны 60%-ға артты

4

Жетісу облысында туризм саласы экономиканың негізгі драйверіне айналып, соңғы үш жылда секторды дамытуға мемлекеттік бюджеттен 58,5 млрд теңге бағытталды. Бұл туралы Жетісу облысының Туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев мәлімдеді. Ресми мәліметке сүйенсек, тек 2025 жылдың өзінде бөлінген 30,2 млрд теңге өңірдің жалпы даму бюджетінің шамамен 30%-ға жеткен.

Сала басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыстағы туристік ағын тұрақты өсім көрсетіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туристер саны 11%-ға артып, 2 млн адамға жетсе, оның ішінде шетелдік саяхатшылардың үлесі бірден 60%-ға өскен. Көрсетілген қызметтер көлемі артып, салалық инфрақұрылымның әлеуеті арта түсті.

Инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарының негізгі бөлігі Алакөл мен Балқаш көлдеріне бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жағалауларды күтіп ұстау үшін арнайы «Алакөл Тазалық» және «Балқаш Тазалық» кәсіпорындары құрылып, оларға 1,1 млрд теңгеге 41 техника сатып алынды.

Алакөл жағалауындағы электр қуатының үзілу мәселесі жаңа жоғары вольтты желіні іске қосу арқылы толық шешілсе, биылғы маусымда келушілер үшін қосымша 100 контейнер, 40 биодәретхана және 40 құтқару мұнарасы орнатылмақ.

Сонымен қатар, Балқаш көліне баратын жол ашылып, Лепсі станциясындағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы биылғы тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.

Экологиялық туризмді дамыту мақсатында өңірде «Тасбақа», «Черкасай» және «Қойтас» атты үш ірі эко-парк құрылуда. Сондай-ақ, еліміздегі ең биік «Бұрхан-Бұлақ» сарқырамасына апаратын 31 шақырымдық жолды қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін туристерді тарту үшін «Balkhash Fest», «Alakol Fest» және «Құландар мекені» сияқты ауқымды фестивальдер ұйымдастырылмақ. Сәкен Ғалымұлы облыста туризмді дамыту және сервисті жақсарту жұмыстары тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз