Жетісу айдындарында мұздың жұқаруына байланысты қауіпті кезең басталды

4

Бүгінде Жетісу облысында ауа райының құбылмалылығы мен температураның күрт өзгеруіне байланысты су айдындарындағы мұз қабаты тұрақсыз болып, адам өміріне елеулі қауіп төндіруде.  Бұл туралы Жетісу облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының м.а. Сағади Әлібай БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында баяндады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта көлдер мен өзендерде мұздың біркелкі қатпауы және жұқаруы байқалады. Әсіресе Алакөл, Балқаш көлдерінде, сондай-ақ облыс аумағындағы кішігірім су қоймалары мен өзендерде жағдай күрделі. Мұздың қалыңдығы әртүрлі учаскелерде біркелкі емес, көптеген жерлерде жарықтар мен оймалар пайда болған. Әсіресе өзен сағаларында, көпір астында және қамыс өскен аймақтарда мұз өте әлсіз.

Жыл сайын осы кезеңде тұрғындардың, соның ішінде балықшылар мен балалардың жұқа мұз үстіне шығу фактілері жиі тіркеледі. Төтенше жағдайлар департаменті мұздың сырттай берік көрінуі оның қауіпсіздігіне кепілдік бермейтінін ескертеді. Мәселен, жеке адам үшін мұз қалыңдығы кемінде 10-12 сантиметр болуы тиіс болса, күн жылынғанда мұз тез үгітіліп, беріктігін жоғалтады. Көктемгі суланған мұз қысқы мұзбен салыстырғанда бірнеше есе әлсіз келеді.

Қазіргі уақытта Департамент қызметкерлері күнделікті рейдтер мен патрульдеу шараларын жүргізіп жатыр. Апта сайын балықшылармен, тұрғындармен және оқушылармен профилактикалық әңгімелесулер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, қауіпті аймақтарға ескерту белгілері қойылып, әлеуметтік желілер арқылы жадынамалар таратылуда. Құтқарушылар мұз үстіне топталып шықпауға, түнде су маңына бармауға және мұздың беріктігін аяқпен теуіп тексермеуге шақырады. Ал балықшылардың өзімен бірге міндетті түрде құтқару кеудешесі мен арқан сияқты құралдары болуы тиіс.

Төтенше жағдай орын алып, мұз астына түсіп кеткен жағдайда сабырлық сақтап, қолды кең жайып, мұз жиегіне жабысу қажет. Қауіпті аймақтан шыққан соң дереу медициналық көмекке жүгінген абзал. Кез келген оқыс оқиға кезінде «112» нөміріне хабарласу қажет. Облыстық ТЖД азаматтарды жеке жауапкершілік танытып, мұз толық ерігенше қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз