2025 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй беру жүйесі жаңа форматқа көшті. Енді тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың есебі әкімдіктердің бөлек тізімдері арқылы емес, бірыңғай цифрлық база арқылы Отбасы банк жүйесінде жүргізіледі. Реформа Жетісу облысын да қамтыды, мұнда жаңартылған тетік бойынша алғашқы пәтерлерді беру басталды.
Желтоқсан айында өңірлік банк филиалы тұрғын үйлерді бөлуді қолға алды. Бүгінгі күні 300-ге жуық кезекте тұрған азамат көптен күткен пәтер кілтін алды. Олардың қатарында «Айналайын» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Санат Шерубаев та бар. Ол 16 жасында Талдықорған қаласының жаңа әрі заманауи аудандарының бірінен бір бөлмелі пәтердің иесі атанды.
«Тұрғын үй кезегіне мені сәби кезімде «Айналайын» орталығының қызметкерлері қойған еді. Міне, әлі мектеп оқушысы болсам да, өз пәтерім бар. Бұл тек баспана емес, дамуға арналған кеңістік болғанын қалаймын. Фото және бейне контент жасауға арналған шағын студия жабдықтауды жоспарлап отырмын. Қолдау көрсеткен Орталық басшылығына алғысым шексіз», – дейді Санат.
Бүгінде жасөспірім мобилографиямен айналысады, мектеп өмірі мен орталықтағы күнделікті тіршілікті бейнелейтін динамикалық роликтер түсіреді. Жеке пәтерге ие болған қуанышын жасырмайды – бұл оның дербес өмірге жасаған маңызды қадамы.
Оның айтуынша, жаңа ережелер бойынша түгендеу рәсімі жылдам әрі артық бюрократиясыз өтті. Енді мәртебені растау үшін көптеген анықтама жинап, түрлі мекемелерге барудың қажеті жоқ. Жүйе автоматты түрде жұмыс істейді: отбасы құрамы, табыс деңгейі және жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер мемлекеттік дерекқорлардан алынады. Бұл қолмен енгізуді болдырмай, қателік тәуекелін азайтып, сыбайлас жемқорлық факторларын төмендетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Жетісу облысында «Арендалық баспана» бағыты бойынша 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар жіберу жалғасуда. Пәтерлер облыс орталығында, сондай-ақ Сарқан, Кербұлақ, Көксу, Ескелді және Алакөл аудандарында беріледі. Бөлу жұмыстары түгендеу рәсімі аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Отбасы банк қызметкерлері егер сізге 1414 нөмірінен пәтерді бөлу туралы хабарлама келсе, бес жұмыс күні ішінде orken.otbasybank.kz порталы арқылы түгендеуден өту қажеттігін ескертеді.
Бүгінде Жетісу облысында 43 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр, оның ішінде 24 мыңға жуығы – Талдықорған қаласының тұрғындары.





























