Соңғы жылдары Жетісу облысында Талдықорған қаласы маңында орналасқан барлық 12 саяжайдың инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев қала тұрғындарымен өткен жыл сайынғы кездесуі барысында жан-жақты баяндады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, бүгінде 10 саяжай толықтай орталықтандырылған сумен қамтылған. «Шайқорған», «Үйтас», «Ключи», «Агропромышленник», «Сарыарқа» саяжайларының тұрғындары газға қол жеткізді. Қалған 6 саяжайды газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, ал бюджеттік өтінім келесі жылы беріледі.
«Шайқорған», «Ключи», «Агропромышленник», «Сарыарқа» саяжайларындағы барлық 45 көше толықтай асфальтталды. «Үйтас», «Қызылтас», «Мерекелік» саяжайларының орталық көшелеріне асфальт, ал «Алмалы», «Сарыбұлақ», «Қаратал», «Ащыбұлақ», «Үйтас» көшелеріне қиыршықтас төселді. Сонымен қатар биыл «Қызылтас» саяжайының 4 негізгі көшесі асфальтталды, келесі жылы тағы 4 қосалқы көшені, сондай-ақ «Мерекелік» саяжайындағы 6 көшені асфальттау жоспарланып отыр.
Жарықтандыруға келсек, биыл 9 саяжайда көшелерге жарық орнатылды. Сонымен қатар «Қызылтас» саяжайының 17 негізгі көшесіне және «Қаратал» саяжайының 2 көшесі жарықтандырылды. Қалған жұмыстар келесі жылы толықтай аяқталады.
— Бүгінде саяжайлар ауыз сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етілген, жол инфрақұрылымы мен көше жарығы жасалған. Саяжайлардың жартысы газдандырылып, тұрғындар көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деп атап өтті Б.Исабаев.
Қала маңында орналасқан ауылдық округтер де назардан тыс қалған жоқ.
Мәселен, ауыз су сапасын жақсарту мақсатында Еркін ауылының негізгі көшелерінде 4,2 шақырым су құбыры салынуда, жұмыстар 2026 жылы аяқталады. Сол сияқты ауылішілік жолдар да кезең-кезеңімен жөнделуде, атап айтқанда «Көктал» және 3-бөлімше тұрғын алабында 56 көшеге күрделі жөндеу жүргізілуде, келесі жылы толық аяқталады. Алдағы жылы Еркін ауылдық округінің 5 көшесіне орташа жөндеу жүргізіледі және Еркін ауылының 18 көшесін жарықтандыруға қаражат бөлінді.
Өтенай ауылдық округіне келсек, Мойнақ ауылы мен «Жастар-3» шағын ауданында газ тарату желілерінің құрылысы биыл аяқталып, округтің барлық елді мекендері көгілдір отынға қол жеткізе алды.
Биыл «Ынтымақ» тұрғын алабында 44 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталды.
«Жастар-1», «Жастар-3» тұрғын алабында 60 көшеге асфальт жабыны төселді. Алдағы екі жылда жалпы саны 74 көше асфальтталады. «Жастар-2» тұрғын алабында 12 көшеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл Өтенай ауылында 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
— Облыс құрылғаннан бері Талдықорғанда тұрғын үй құрылысына, көлік және жол жөндеу жұмыстарына, абаттандыру мен жарықтандыруға, әлеуметтік салаға қаржы тұрақты бөлініп келеді. Алдағы уақытта да бұл жалғасын тауып, халықтың өмір сүру сапасын жақсаруға арналған нақты және жүйелі жұмыстар атқарылады. Бұл шаралардың барлығы қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған, — деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев сөзінің қорытындысында.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков,
сол сияқты фотосуреттерді Талдықорған қаласы әкімдігі ұсынды.





























