Бейбіт Исабаев облыс орталығын дамытудың негізгі үш бағытының іске асырылу барысына тоқталды

Талдықорған қаласы тұрғындарымен өткен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев қаланы дамытудың негізгі үш бағытының іске асырылу барысына тоқталды. Ол өз сөзінде биыл  қала бюджеті 1,9 есеге ұлғайтылғанын айтты. Ал келесі жылы бюджет тағы 40 пайызға өспек, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Өткен жылғы кездесуде мен қаланы дамытудың үш негізгі бағытын атап өткен болатынмын, яғни бұл — жайлы, қауіпсіз және жасыл қала қалыптастыру. Осыған байланысты биыл Талдықорған қаласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Бұл жоспар аясында тұрғын үй құрылысына, жылу, су және газбен қамту желілері сияқты инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, жол салуға, аулаларды абаттандыруға, тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жаңартуға, сондай-ақ көшелерді жарықтандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр, — деді Б. Исабаев.

Өңір басшысының айтуынша, бөлінген қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Соның ішінде ірі жобаларды атап өтсек, «Солтүстік-Батыс», «Құлагер» және «Бірлік» шағын аудандарында 62 көшеде жол салынған, ал «Шығыс» шағын ауданында 7 көшеге күрделі жөндеу, 5 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Жалпы алғанда, биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 91 пайызға жеткен. Ал келесі жылы жалпы ұзындығы 27,5 км болатын 8 көше орташа жөндеуден өткізіледі.

— Тұрғындардың өтініші бойынша «Береке» коттедж қалашығынан «Алматы-Өскемен» трассасына тікелей шығу мақсатында «АКЛ» базары маңында жол айырығын салу жұмыстары келесі жылы басталады. Сонымен қатар «Қазақстан теміржолы» АҚ-мен қаладағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, — деген облыс басшысы қала әкіміне қала жолдарындағы құрылыс жұмыстардың сапалы жүргізілуін бақылауда ұстауды және мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы тұрғын үй кезегі 9%-ға қысқарған. Ал биыл 1 429 отбасына баспана беру жоспарлануда. Тұрғын үй беру функциясы жергілікті атқарушы органдардан Отбасы банкке өткенін тағы бір мәрте еске салған облыс әкімі құрылысы аяқталған тұрғын үйлерді қабылдау және кезекпен беру мәселесі банк тарапынан шешілмей тұрғанын атап өтті.  

Бұл ретте өңір басшысы баспанамен қамту ісі жалғасып жатқанын айтты. Биыл Мәселен, «Ынтымақ» тұрғын алабында 200 пәтерлік 5 көпқабатты үйдің құрылысы басталды, келесі жылдың соңында аяқталады. Сондай-ақ 11, 12, 13-шағын аудандарда 774 пәтерлік 22 көпқабатты тұрғын үйді, «Береке» коттедж қалашығында 738 пәтерлік 14 көпқабатты тұрғын үй салу үшін жобалау-сметалық құжаттама сараптамадан өтуде.

Қаланың келбетіне нұқсан келтіріп отырған 2023–2024 жылдардан бері құрылысы тоқтап тұрған көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты көпжылдық мәселе де шешімін табады. Қазіргі кезде техникалық қорытындыларды дайындау мен жобаларға нақтылау енгізу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты аяқтауды қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Сонымен қатар Оңтүстік-Батыс тұрғын алабында тұрғын үй жобалау, магистралды инженерлік желілерді салу жұмыстары басталды.

Осы орайда «Құлагер», «Бірлік» шағын аудандары мен «Береке» коттедж қалашығында құрылысы аяқталған тұрғын үйлердің сапасының төмендігіне тұрғындар тарапынан шағымдар түсуіне байланысты өңір басшысы қала әкіміне мердігер тарапынан жіберілген кемшіліктерді дер кезінде жойып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Сол сияқты Бейбіт Исабаев өз сөзінде қалада құрылыстың қарқынды жүргізіліп жатқанындықтан тұрғындарды сумен, электр энергиясымен және жылумен қамтамасыз ету өзекті міндеттердің бірі болып қала береді. «Басқуат» қазандығының жүктемені азайту және неғұрлым тиімді әрі экологиялық таза энергия көздеріне көшу кезең-кезеңімен жүргізілуде: 

Біріншіден, жаңа шағын аудандарды жылумен қамтамасыз ету үшін табиғи газбен жұмыс істейтін, қуаттылығы 49 Гкал/сағ болатын қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Екіншіден, инвестор қаражаты есебінен жалпы қуаттылығы 70 Гкал/сағ болатын газтурбиналық станция құрылысының бірінші кезеңі іске асырылуда. Жобаны аяқтау 2026 жылдың соңына жоспарланған. Соның нәтижесінде «Басқуат» қазандығына түсетін жүктеме 50 пайызға төмендейді. Сонымен қатар жобаны іске асырудың екінші кезеңі аясында жеке инвестор газтурбиналық станцияның қуатын тағы 100 Гкал/сағ-қа арттыруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен «Береке» коттедж қалашығында қуаттылығы 17 Гкал/сағ болатын қазандық салуға қаражат бөлінді, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Осылайша, қала 2028 жылға дейін толықтай жаңа жылу энергиясы көздерімен қамтамасыз етіледі, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ ол 2026–2029 жылдары қаладағы ұзындығы 7,6 км болатын, тозуы 60 % болып отырған негізгі магистралды жылу желілерін кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жоспарланып отырғанын атап өтті, — деді Б. Исабаев.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне келсек, бүгінде қалада қоғамдық тәртіпті қадағалайтын 1275 бейнекамера бар, оның 165-і биыл орнатылды. Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 160 «Mergen», 75 «Target-ai» камерасы, қала тазалығын қадағалайтын 20 фототұзақ іске қосылды. Сол сияқты жаңа 8 бағдаршам және оқушылар қауіпсіздігі үшін мектеп маңындағы 12 жаяу жүргіншілер жолына жарық шамдары орнатылды.

Оған қоса қала көшелерін жарықтандыру үшін 3,5 млрд. теңге қаражат бөлінді. Биыл 1,7 млрд. теңгеге қала көшелеріне және «Хутор», «Шығыс» шағын аудандарына көше жарықтары орнатылды. Ал келесі жылы Батыс шағын ауданын жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылады.

Атап өтсек, Талдықорған қаласының халқы 200 мың адамнан асты.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фототілшілер: Жұмабай Мұсабеков, Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев және фотосуреттер Талдықорған қаласының әкімдігі ұсынған

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз