«Қорғас» арнайы экономикалық аймағында 32 жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

«Қорғас» арнайы экономикалық аймағында 32 жобасы іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл ретте іске асырылған негізгі жобалардың ішінде KTZE – Khorgos Gateway: биыл құрғақ портты кеңейту жұмыстары аяқталды, соның нәтижесінде терминалдың өткізу қабілеті 1,5 есеге артты, яғни жылына 540 мыңнан 800 мың контейнерге дейін өткізе алады. Сол сияқты күн панельдерін өндіретін «Miami Solar», металл конструкцияларын шығаратын «Standart Steel KZ» зауыттар да бар. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аталған арнайы экономикалық аймақта тағы 32 жоба жүзеге асырылу үстінде, солардың ішінде «ENVISION» жел қондырғылары мен энергия сақтау жүйелері зауытының, MacCoffee кофелік және шай сусындары зауытының, «SkyHansa» халықаралық әуежайының құрылысын атап өтуге болады.

— «Қорғас» ШЫХА жұмысын тиімділігін арттыру аясында жаңғырту жүргізіліп, екінші багаж терминалы іске қосылды, Face ID жүйесі енгізілді, сол сияқты мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланды, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ-ның жүк тасымалдау бағытында жұмысы басталды. Соның нәтижесінде орталыққа келушілер саны тәулігіне 2 есеге, яғни, 5 мың адамға дейін артты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 3,6 млрд теңге көлемінде салық пен кедендік төлемдер төленді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 46 есе көп. 2025 жылдың 10 айында 6,9 млрд теңге түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе өсті, — деді Б. Исабаев.

Облыс әкімінің айтуынша, «Нұр жолы» өткізу бекетінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында ірі көлемді көліктерге арналған 2,4 шақырымдық айналма жолдың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жеңіл автокөліктерді «Қорғас» арқылы бағыттау жоспарлануда. Бұл көлік легін қосымша азайтуға және «Нұр жолы» бекетінің өткізу қабілетін 30–40%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

«Алтынкөл – Жетіген» бағытындағы екінші теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде, 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыру Алтынкөл станциясының өткізу қабілетін арттырады.

Ал Достық торабына келсек, Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғырту аяқталды, бұл жолаушылар және жүк әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа аэровокзал кешені құрылысының ЖСҚ-сы әзірленуде.

Өткен жылы «NURZHOLY Customs Service» жаңа уақытша көлік сақтау автомобиль терминалы іске қосылды. Биыл «Алакөл» жаңа автомобиль кеден бекеті ашылды. Өткізу қабілеті 5 есе артты.

Сол сияқты «Достық–Мойынты» учаскесінде екінші теміржол жолдарының құрылысы аяқталды, соның 325 км немесе 38,9% Жетісу облысы арқылы өтеді. Сондай-ақ Достық станциясында жаңа терминал ашылып, вокзал жөнделді. «Достық» теміржол станциясында жылына 350 мың теміржол контейнерін өткізуге мүмкіндік беретін екі көпфункционалды жүк ауыстырып тиеу терминалы салынды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай, Жұмабай Мұсабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз