Жетісу облысында соңғы үш жылда 188 елді мекеннің ауылішілік көшелері жөнделді. Сонымен қатар өңірдегі республикалық маңызы бар жолдар толығымен жаңғыртылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында белгілі болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, 2024 жылы республикалық маңызы бар «Талдықорған-Үшарал» және «Үшарал-Достық» жолдары толық жаңартылды. «Сарыөзек-Қорғас» бағытындағы жол биыл толық жөндеуден өтті.
— 2023-2025 жылдар аралығында жергілікті маңызы бар 1 138 шақырымнан астам жол жөнделді. Облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95%-ға жетті. Молалы айналмасынан Балқаш көліне дейінгі жол биыл жаңғыртудан кейін ашылды. Жол жиегін абаттандыру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, нысанды келесі жылы қабылдап аламыз, — деді өз сөзінде Б. Исабаев.
Облыс әкімінің мәліметіне қарағанда, өткен жылы Балқаш көліне дейін «Үштөбе-Көпбірлік» автомобиль жолы толық жөнделіп, пайдалануға берілді. 2026 жылы «Талдықорған – Үштөбе» жолына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жұмабай Мұсабеков, Жеңіс Ысқабай





























