Заң үстемдігі – қоғам игілігіне

5

Мемлекет басшысының әр Жолдауы – Қазақстанды жаңа дәуірге бастайтын тұтас стратегиялық бағдар. Алайда бұл жолғы Жолдауында ел Президенті Қ. Тоқаев жаңа дәуірдегі Қазақстанның цифрлық болашағын айқындағандай. Ел бағытын жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке сүйенген жаңа өркениеттік жолға бұруды көздеп отыр.

Жолдау – тек тапсырмалар тізімі емес, қоғамды жаңғыртудың кешенді жоспары, алдағы жылдарға ұлттық идеяның айқын көрінісі. Дейтұрғанмен, Президент қандай жарқын жоба, игі бастама ұсынғанмен қоғамдық тәртіп, заң үстемдігі болмайынша ілгерілеу жоғын да дәйектей түскендей.

Президентіміз еліміздегі заң мен тәртіп тұжырымдамасын одан әрі жетілдіре беруімізге пәрмен берді. Заң мен тәртіп әділетті мемлекеттің негізгі факторларының бірі. Ал «Әділетті Қазақстан» құрудағы конституциялық саяси реформалар қоғамдық қатынастың мәнін өзгертуде. Заң мен тәртіп өміріміздің факторына, тұрмыс-тіршілігіміздің өлшеміне, халықтың рухани құндылығына айналуы тиіс. Өкінішке қарай, Президент атап өткендей, қоғамдық орындарда орынсыз дауласу, балағат сөз айту, дөрекілік көрсету секілді жағымсыз әрекеттер әлі де кездесіп жатады. Бұл – тек тәртіп бұзу емес, ұлттық мәдениетімізге көлеңке түсіретін, елдің беделіне нұқсан келтіретін құбылыс. Ұлы Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиеті дәл бүгінгі қоғам үшін де аса өзекті. Құқықбұзушылыққа қарсы сана қалыптастыру – тек жазалау шараларымен емес, ең алдымен тәрбиемен, біліммен жүзеге асады. Түзу ағаш өсіру үшін шыбық сәтінен қам жасау тәмсілі жатқандай. Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Үлкен адамның алдын кесіп өтпейтін, ер адамның алдында ерсілік көрсетіп, дауыс көтермейтін қазақы қоғамның тәрбиесінде өскен нәзікжандылардың өзі отбасы, шағын ұжым тәрбиесін былай қойғанда қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінбей қалған жағдайлар жиі кездесетін күнге жеттік. Мұндай кемшін дүние қалай пайда болды? Ұлттық тәлім, ұлттық тәрбиенің өзі заң мен құқық, Ар-намыс кодексіне негізделгенін де ұмытпағанымыз абзал. «Бесікте көргенін істейтін ұл мен қыз» тәрбиелеп отырғанымыз тағы бар. Сондықтан өзгенің құқығы мен ар-намысын жоғары қоятын тәрбиенің өзегі ұлттық таным кеңістігі екенін ескеріп, заң мен тәртіп ұғымын отбасынан бастау қажет. Тағы бір айта кететін жайт, 16 қыркүйектен бастап елімізде сталкингке қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұның өзі адамның жеке өміріне қол сұғатын, түрлі жолдармен біреулердің жүйелі түрде мазасын алатын қоғамдағы жекелеген адамдардың немесе топтардың жағымсыз әрекеттеріне қарсы үлкен шара. Үй маңында, жұмыста, тағы басқа жерлерде аңду, тұрақты телефон соғу, интернет арқылы қадағалау сияқты келеңсіздіктерге тосқауыл қою деген сөз. Қоғамда белең алып бара жатқан адамдар арасындағы қатынаста жеке шекараны бұзатын, қорқыныш пен мазасыздық туғызатын осындай әрекеттер жан-жақты ойластырылған алдын алу шараларын қажет етеді. Сондықтан бұрын әкімшілік деңгейде қаралатын мұндай қолайсыз әрекеттер иесін енді қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделіп отыр. Бұл мәселе де Жолдау өзегінде сөз болып, Жолдау негізінде жүзеге асқан «Заң үстемдігі» тұжырымдамасының айқын көрінісі. Құқық үстемдігі – Әділетті Қазақстанның басты іргетасы. Осы іргетас мықты болса, мемлекетіміздің болашағы да берік болады. Сондықтан әрқайсымыз ел тыныштығын сақтауға, заң мен тәртіпті қадірлеуге үлес қосуымыз қажет.

Гүлжазира САДАБАЕВА,
Ескелді аудандық сотының төрағасы

https://7-su.kz/janalyqtar/kultobe/zan-ustemdigi-qogam-igiligine-78940/

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз