Мұғалімдікті таңдаған мамандар өңірге жұмысқа орналасуда

992

Бейсен Құранбек атындағы  Журналистер үйінің мәжіліс залына келген Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов жаңа оқу жылына білім ошақтарының дайындығы турасында сөз қозғады.

«Облыста 339 мемлекеттік жалпы білім беретін мекеме болса, оның 35-і бастауыш, 36-сы негізгі, 268-і орта мектеп санатында.  Оқу жылы басындағы санақ бойынша 128758 оқушы білім алды. Ал 397 мектепке дейінгі ұйымдарда 30 мыңнан аса бала қамтылған. Сонымен қатар 5-6 жас аралығындағы жалпы білім беретін ұйымдардың мектепалды сыныптарында 8300-дей бала тәрбиеленуде. Туғаннан 6 жасқа дейін 5648-дей бала кезекте тұр. «Қадамдық жоспар-2023 жылы»- жаңадан 3839 орын ашу жоспарда бар. Соның бүгінде 505 орын ашылып отыр.  Бұл мәселені шешу жолына тоқтала кетейін. Жалпы алғанда облыс бойынша 10 жекеменшік балабақша, 3 шағын орталық, қосымша балабақшаларда – 2419 орын ашу мүмкіндігі қарастырылып отыр.  Мәселен, Талдықорған қаласы бойынша қыркүйек айында №6 мемлекеттік балабақшадағы күрделі жөндеуден кейін -175 орын, жекеменшік «Самила» балабақшасында 120,  сондай-ақ жекеменшік ұйымнан-75, қосымша 100 орынды топ ашу жоспарлануда»,- деді басқарма басшысы.

Ал енді айтар болсақ,  сапалы білім берудегі маңызды міндеттердің бірі -қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту.

339 мектептің 281-і ауылдық жерде орналасса, оның ішінде 150-і  шағын жинақты мектептер. Облыс бойынша білім сапасы 64,6 пайызды құрап отыр. 2022-2023 оқу жылын 6545 түлек аяқтады. Оның 261-і «Алтын белгі», 674 мектеп бітіруші үздік аттестат иегері атанды.

5170 түлек, яғни бітірушілердің 79 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Ағымдағы жылғы ҰБТ орташа балы-83,4.

Осы жылы 52616 оқушы 1-4 сыныпта оқиды.  339 мектептің ішінде 258 мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылған. Жалпыға міндетті білім беру қорынан 10721 бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған еді.  Енді облыстағы барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту үшін үстіміздегі жылдың қыркүйек-желтоқсан айларына қосымша қаржы қарастырылып отыр.

Ауылды жерлердегі дарынды балаларды анықтау мақсатында «Дарынды ауыл оқушылары» жобасы іске асырылуда.  Оқу-жаттығу жиындарына қатысқан 2024 оқушының басым көпшілігі ауылдық жерлерден.  Ауылда оқып жатқан балалардың ішінен дарындыларды анықтау мақсатында 2-4 сыныптар арасында пәндік олимпиада өткізілді. Облыс бойынша 71 оқушы, 13 ұстазға 100 мың теңгеден және білім мекемелерін қолдау ретінде қаржылай сертификаттар табысталды.

Тамыз айында «Жалын» сауықтыру лагерінде 100 дарынды бала оқу-жаттығу жиынына қатысып әрі көл жағасында демалып қайтты.

Техникалық және кәсіптік білім беру мәселесіне басқарма  басшысы тоқталып өтті.

 Марат Бекбосынұлы:«Облыста 26 колледж жұмыс жасайды. Оның 21-і мемлекеттік, 5-і жекеменшік. Оларда 15 мыңға жуық білімгер оқиды.  9882-сі мемлекеттік тапсырыс бойынша және 5082-сі ақылы негізде білім алуда. Мамандарды даярлауға ерекше мән берілуде. 25 мамандық бойынша білім алатын студенттер 258 кәсіпорында тәжірибеден өтіп, әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндігін иеленуде. 2022 жылы дуальды білім беру жүйесі бойынша оқуды аяқтаған 385 түлектің 348-і мамандық бойынша жұмысқа орналастырылды » .

Осы  білім саласында «әттеген-ай» да  жоқ емес. Соның бірі — тәрбие жұмысы. Оқу-тәрбие процесінде пән мұғалімдері мен сынып жетекшілерінің педагогикалық өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы жеткіліксіз, тәрбие жұмысын іске асыру бойынша педагогтердің, психологтардың, әлеуметтік қызметкерлер рөлінің жеткілікті реттелмеуі және тәрбиеге ата-аналардың аз қатысуы да бар проблема. Бірақ ортақ мақсат қоя отырып, шешуге болады.

Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, құқықтық сауаттылық және азаматтық жауапкершілік мәселелерінің алдын алу оқушылар үшін этика, құқық, тәрбие, заң үстемдігі принциптерін жүзеге асыру, білім алушылар үшін қолайлы моральдық-псхологиялық климат және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету мақсатында «Этика және тәрбие жөніндегі менторлар» жобасын  2023-2024 оқу жылында қолға алу міндеті бар.  Негізінде бұл бірлескен жоба. Білім басқармасы және қоғамдық даму басқармасы  10 адамнан тұратын және аудандық үйлестірушілерден құралған жобалық кеңсе құрылады.

Жалпы айтқанда, педагог кадрларға қажеттілік мәселесін шешуде жергілікті бюджет есебінен білім беру гранттары тағайындалуда. 2017 жылдан бері педагогикалық мамандыққа  552 грант бөлініпті. Соңғы жылдары осы мамандықтарға оқып, бітірген 158 жас маманның 115-і облыстың білім беру мекемелеріне жұмысқа орналасқан. 2022-2023 жылы колледж және ЖОО 308 маман аяқтап, мамандықтарымен білім ошақтарында қызмет атқаруда.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінген білім беру гранттары аясында оқуын аяқтаған 202 түлекті осы оқу жылында жұмысқа орналастыру күтілуде.  Алда жаңа оқу жылында дайындық  жұмыстары жалғасуда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз