Түлектердің көптен күткен сәті келіп жетті. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» — дегендей, биылғы мемлекеттік грант кімдерге бұйырды?
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде 2023-2024 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды.
Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық.
Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, ҚР Жоғары оқу орындарының ассоциациясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.
Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, барлық гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді.
«Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген.
Атап өтсек, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлініп отыр. Педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдары бойынша Атырау облысына – 1500, Маңғыстау облысына – 1500, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400, Түркістан облысына – 500 грант берілді.