Көше атауына көңіл бөлейік!

216

Өзге мемлекеттерден, болмаса еліміздің басқа облыстарынан сапарлаған қонақтар ең алдымен елді мекеннің, көшенің атауларына назар аударатыны сөзсіз. Ұлттығымызды ұлықтайтын тарихи атаулар арқылы біз өңірімізді дәріптеп қана қоймай, ұрпағымызды бабалар мұрасына бағыттаймыз.

Онамастикалық атаулар-ел тәуелсіздігінің баға жетпес бөлшегі. Талдықорғанның онамастикалық комиссиясы Тәуелсіздік шежіресінде тұрманын түгендеп, ұлт бірлігін паш ететін, тарихи тұлғаларды танытып, қазақи мазмұны терең атаулардың қаланың айнасына айналғаны мерейімізді тасыта түсті. Бүгінде шаһарымыз қарқынды серпінмен дамып, өзіндік ерекшелігімен көзтарта түсуде. Қаламыздың күнделікті тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі, мәдениеті мен тілі, ділі, спорты газетіміздің апта сайын жарық көретін санында жазылып келеді. Осы құндылықтарды дәріптеу-қоғам үлесінде. Дей тұрғанмен, тарихтан сыр шертер көше атаулары дұрыс жазылып жүр ме? Мемлекетіміз бекіткен заңдылық талаптарына сай ма? Осы орайда қолға алынып жатқан шараларға көз жүгіртейік, «Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері жуырда Талдықорған қаласы бойынша көше аншлагтарына мониторинг жүргізіп, көше атауларының рәсімделуі және көрнекі ақпарат, жарнама тілінің Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы» заңдарына сәйкес жазылуын қарады. Қорытындысында, халқымыздың біртуар азаматтарының аты берілген орталық көшелерден әрі аспай жатып-ақ, бірталай кемшіліктердің беті ашылды.

«Абай» атындағы көшенің аншлагы «Абая», «Рақышев» атындағы көше «Ракишева», «Ракишев» болып, орыс тілінде жазылған әрі түсі өңіп кеткен. «Абылай хан», «Қаблиса Жырау», «Балпық би», «Ескелді би» атындағы көшелердің, «Желтоқсан» көшесі аншлагтарының жазуы өңіп кеткен, ескіріп, ештеңе көрінбейтіндей жағдайға жеткен. Жалпы, көше аншлагтарын заңға сай орнату, талапқа сай ұстау, ескірсе уақытында ауыстырып отыру әр тұрғынның басты міндеті саналады. Кез келген адам өзі тұратын үйдегі көше атауын қалауынша безендіріп, немесе жаза бермейді. Ол үшін Қазақстан Республикасының республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы, астанадағы, кент, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарын жазу және орналастыру жөніндегі заңдылығы бар. Назар аударыңыздар!

Республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы,
астанадағы, кент, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарын жазу және орналастыру жөніндегі
ҰСЫНЫМДАР

2. Ғимарат аншлагтары
2.1. Аншлагтардағы көше аты тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері ешқандай қысқартусыз толық жазылады.
Жазылу нұсқасы: Бауыржан Момышұлы, Сәкен Сейфуллин көшесі, даңғылы т.б.
2.2. Бойындағы дара қабілеті, ерекше қасиеттеріне сәйкес есімдері елге кеңінен мәлім болған тұлғалардың аттары дәстүрлі нормаға сәйкес жазылады.
Жазылу нұсқасы: Ақан сері көшесі, Біржан сал көшесі, Күйші Дина көшесі, Құрманғазы көшесі, Абай даңғылы, Балуан Шолақ көшесі және т.б.
2.3. Көше атауы тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері аншлагқа өзге тілдерге аударылмай, мемлекеттік тілдегі нұсқасы жазылады.
Жазылу нұсқасы: Абай көшесі, Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, Тәуелсіздік даңғылы және т.б.
2.4. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың аншлагтарындағы көше атауы мемлекеттік тілде, ал көшесі деген сөз қажет болған жағдайда үш тілде: «көшесі, улица, street» жазылады (1-үлгі). Ал аудан, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарында тек «көшесі» сөзі жазылады (2-үлгі).
2.5. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың аншлагтарындағы даңғылдар атауы мемлекеттік тілде, ал даңғылы деген сөз қажет болған жағдайда үш тілде: «даңғылы, проспект, avenue» болып жазылады (3-үлгі).
2.6. Аншлагтар ұзындығы 120 см, ені 25 см, қалыңдығы 0,8 см болатын пластик тақтайшадан жасалынады.
2.7. Аншлаг шартты түрде үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте көше аты тиесілі тұлғаның аты-жөні немесе тарихи, дәстүрлі атаулары солдан оңға қарай жазылады, екінші бөлікте шеңбер ішіне ғимараттың реттік нөмірі, қажет болған жағдайда таяқша арқылы көрсетіледі (4-үлгі), ал үшінші бөлікте көшесі (даңғылы) деген сөз жазылады /2.4/, /2.5/. Бірінші және үшінші бөліктің асты мен үсті ұлттық нақыштағы өрнектермен жиектеледі.
2.8. Көше атауы тиесілі тарихи, дәс-түрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері бас әріптермен жазылады.
Жазылу нұсқасы: ШОҚАН УӘЛИХАНОВ КӨШЕСІ, МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ КӨШЕСІ, АБАЙ ДАҢҒЫЛЫ және т.б.
Сондай-ақ, үшінші бөліктегі жазулар да бас әріптермен жазылады.
Жазылу нұсқасы: КӨШЕСІ, УЛИЦА, STREET, ДАҢҒЫЛЫ, ПРОСПЕКТ, AVENUE және т.б.
Аншлаг жазуларындағы үлкен әріптер – 9 см, кіші әріптер – 3 см, Arial шрифтімен жазылады.
2.9. Негізгі фоны көк түсті жарық шағылыстыратын жабыннан жасалған, әріптер және өрнектер ақ түсті.
3. Жол аншлагтары
3.1. Жол бойындағы және жол қиылыстарындағы көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атаулары көрсетілетін белгі аншлагтар мемлекеттік тілде жазылады.
3.2. Жол бойындағы және жол қиылыстарындағы көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атаулары көрсетілетін белгі аншлагтар ұзындығы 120 см, ені 26 см болатын пластик тақтайшадан жасалынады. Жан-жағынан беріктігі мен ұзақ уақыттық жарамдылығын қамтамасыз ететін металл қоршауға алынады (5-үлгі).
3.3. Аншлагтағы жазулар екі қатардан тұрады. Бірінші қатарға көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атауы, екінші қатарға тиісті «көше», «даңғыл» сөзі тақтайшаның екі бетіне де оңнан солға қарай жазылады.
3.4. Тақтайшаның негізгі фоны – ақ, ал жазулар — қара түсті. Тақтайшаның көшені (даңғылды, тұйық көшені және т.б.) нұсқап тұрған жағы дөңес болып келеді. Ал қарама-қарсы жағы ұлттық нақыштағы өрнектермен жиектеледі (6-үлгі).
3.5. Көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атауы 105 мм болатын бас әріптермен, «көше», «даңғыл» сөзі 55 мм болатын кіші әріптермен және барлық жазу Arial шрифтімен жазылады /2.8./.
3.6. Облыс орталықтары, республикалық маңызы бар және басқа да ірі қалалардағы магистралдық жолдардағы ақпараттық аншлагтар ұзындығы 150 см, ені 75 см болатын пластик тақтайшадан жасалынады (7-үлгі). Аншлаг жоғарғы және төменгі жиектері ұлттық нақыштағы өрнектермен безендірілген жарық шағылысыратын ақ және жарық шағылысыратын көк түске бөлінген екі негізгі бөліктен тұрады. Жоғарғы бөлігіне жол бойымен тік бағыттағы көшелер (даңғылдар), нысандар, атаулары ақ әріптермен, ал төменгі бөлігіне жол бойымен көлденең бағыттағы көшелер (даңғылдар), нысандар атаулары көк әріптермен жазылады. Жазудың оң жағына тиісті көшесі (даңғылы) деген сөз жазылады /2.1/, /2.2/, /2.3/, /2.4/, /2.5/, /2.8/. Жазулардың сол жағына бағыт нұсқағыштар мен тиісті қашықтық мөлшері көрсетіледі.
3.7. Магистралдық жолдардағы ақпа-раттық аншлагтардағы жазулардағы үлкен әріптер – 10 см, кіші әріптер – 7 см, Arial шрифтімен жазылады.
4. Орналастыру тәртібі
4.1. Көше атаулары мен ғимараттардың реттік нөмірлері көрсетілген аншлагтар ғимараттардың қабырғасына жерден 2,5-тен 3,0 метрге дейiнгi биiктiкте ілінеді.
4.2. Жол бойындағы және жол қиылыстарындағы көше (даңғыл, тұйық көше және т.б.) атауы көрсетілген жол аншлагтары жол бойындағы және жол қиылыс-тарындағы бағандарға жерден 2,5-тен 3,0 метрге дейiнгi биiктiкте орналастырылады. Жол қиылыстарында аншлагтар бір-бірін жауып қалмау үшін сатылай ілінеді.
4.3. Облыс орталықтары, республика-лық маңызы бар және басқа да ірі қалалардағы магистаралдық жолдардағы ақпараттық аншлагтар арнайы орнатылған бағандарға немесе бағдаршам тіреуішіне ілінеді.

Құрметті Талдықорған қаласының тұрғындары!
Қауіпсіздік пен қолайлылық үшін қаладағы жеке үйлерде міндетті түрде көше атауы мен үй нөмірі көрсетілген аншлагтар — тақтайшалар болуы керек.
Сіздің міндеттеріңіз:
— Оқылатын әрі ұқыпты аншлаг орнату.
— Табличканың жағдайын қадағалау – түсі өзгерген немесе зақымданған жағдайда жаңарту.
— Ауа райының әсеріне төзімді материалдарды пайдалану.
— Аншлагты көше жағынан жақсы көрінетін етіп орналастыру.
— Көше атауын қазақ тілінде жазу.
— Егер аншлаг жоқ болса немесе бүлінген болса, оны ауыстыру.
Сұрақтар туындаған жағдайда келесі мекемелерге хабарласыңыз:
«Талдықорған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» немесе «Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі».

Ел азаматтарының белсенділігі-мемлекеттің тұтастығының, халқымыздың бірлігінің кепілі. Мемлекет, оны құрайтын ұлт мүддесі үшін қолға алынған шаралардың барлығы игілікті. Әр тұрғын қаланың патриоты екенін өз көшесінен, өзі тұрған үйінен, оның атауынан, тазалығынан білдіруі керек. Талдықорғанның төл мерекесі-туған күні құтты болсын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз