Тазалық – санадан

263

Қаламыздың қым-қуыт тіршілігіне араласып жүріп, кейде айналамызда қандай адамдардың жүргеніне назар аудара бермейміз. Талдықорған қаласының тұрғыны Сәуле Есімжанқызы қаламыздың тазалығына үлес қосып жүрген жандардың бірі. Таңғы сағат 8-ден кешкі 6-ға дейін өзіне тиесілі аумақты тазалаудан танбай жұмыс істейді.

Ол жолдармен талдықорғандықтардың үлкен-кішісі күні-түні ағылып, бірі жұмысқа асықса, енді бірі мектепке, балабақшаға бара жатады. Тал көлеңкелеріне арнайы қойылған сәкілерге бір мезгіл дамылдап отыру үшін зейнеткерлер, студенттер жиі келеді. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында көпқабатты тұрғын үйлерден қашып, таза ауамен тыныстауға асығатындар көп-ақ.

«Адам аласы-ішінде» демекші, әдемі киініп алған азаматтардың арасында да жеген тамақтарының қалдықтарын немесе пайдаланған тәттілерінің орамқағаздарын дәл жандарында тұрған арнайы жәшіктерге тастағанды қиынсынып, отырған жеріне лақтыра салатындар бар. Олар қоғамдық орынның мәдениетіне нұқсан келтіріп жатқандарын бір сәтке де ойламайды. Бірақ, таза жерде жүргенді,таза жерде отырғанды жандары қалайтыны сөзсіз. Осындай олқылықтарды кейіпкеріміз Сәуле сынды қаншама адам түзетіп, аяқтарынан тік тұрып қызмет жасап жүр.

Сәуле есімжанқызы, тазалықшы:
– Таңмен таласа жұмысқа асығып келемін. Себебі, маған бекітіліп берген аумақтың тазалығы қала тынысы үшін маңызды деп ойлаймын. Ертелі-кеш тал-теректермен көмкеріліп, өрнектастармен өрілген жолмен жүретін адамдар ағыны толастаған емес. Өзім Талдықорғанға осыдан он екі жыл бұрын қоныс аудардым. Отағасы қайтыс болып, екі баламның қамымен көшуге тура келді. Негізгі мамандығым-кітапханашы. Алайда, осы қаладағы жүйке аурулары диспансерінде буфетші қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықтым. Жекеменшік фирманың құрамында екі жыл болды қаланың тазалығына үлесімді қосып келемін. Басшымыз адамгершілігі мол жан. Еңбекақымыз уақытында беріледі. Тазалыққа қажетті киімдерді, құралдарды жауапты мекеме беріп отыр.Дегенмен, барша қазақстандықтар сияқты менің де басымда несие бар. Зейнетақым мен алатын жалақымның жартысы сол несиені жабуға кетеді. Қиналған кезде амалсыз алған едім. «Жұмысшы мамандықтарының жылында» жұмысшыларға несие өтеуде банктер жеңілдік берсе жақсы болар еді. Азық-түлік бағасы да қымбаттап барады».

Иә, Сәулемен қатар еңбек етіп жатқан қара жұмыстың белсенділері қаламыздың тазалығын сақтап,әр адамға,айналасына көңіл шуағын сыйлап келеді. Өкініштісі, атқарылған еңбектің қадіріне бірде жетсек, бірде жетпейміз. Мемлекет басшысының өзі бастама көтеріп, «Таза Қазақстан» жобасы қолға алынып, қыруар іс тындырылды. Әр адам отбасында, жүрген ортасында тазалыққа үндеп отырса, өзгенің еңбегін бағалауға үйренсе, өскелең ұрпақ ауланың, көшенің тазалығына өзі де жауапты екенін сезінсе нұр үстіне нұр болар еді. Жоқ, әлде «аюға намаз үйреткен-таяқ» демекші, камералар орнатып, тәртіп бұзғандарды айыппұлмен жазалап отырған дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Гүлжанат Нұршанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз