Талдықорғанның көркіне көрік қосып, тұрғындардың жайлы демалуына жағдай жасау мақсатында «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағы жаңғыртылып, қолданысқа берілді. Бұл бастама қаладағы қоғамдық кеңістіктерді дамыту және тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы игі істердің бірі болып отыр. Қала тұрғындары демалыс орнының облыс орталығы үшін маңызды жобалардың бірі екенін атап өтуде. Олар мұндай игі бастамалар қала өмірін жандандырып, халықтың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретінін жеткізді.
Құрылыс жұмыстары Біржан сал көшесі бойымен Гаухар ана және Қабанбай батыр көшелерінің арасындағы учаскеден басталды. Аталмыш алаңда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан диаметрі 200 мм және ұзындығы 70 метр жылу желілерін ауыстыру жұмыстары қатар жүргізілді. Сондай-ақ, шағын сәулет нысандары мен жарықтандыру орнату, асфальт төсемін төсеу, арық желісін орналастыру жұмыстары жасалды. Сәуір айында басталған құрылыс жұмыстарын атқарған мердігер мекеме — «Капитал Stroy Kz» ЖШС. Қала әкімі Ернат Бәзіл демалыс аймағын аралау барысында тұрақты бақылау шараларын жүргізуді тапсырды. Әкім тұрғындардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын басты назарға алып, тазалық пен тәртіпті қадағалау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ол жабайы саудаға жол бермеуді қатаң ескертіп, ретсіз сауда орындарының тұрғындар мен қонақтарға қолайсыздық тудырмауы тиіс екенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, демалыс аймақтары қала келбетін айшықтайтын, халықтың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайтын маңызды орындар. Сондықтан мұндағы әрбір жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалуы қажет. Осы орайда қала әкімі Ернат Бәзілдің үндеуі: — Құрметті талдықорғандықтар! Бүгін біз жаңа «Арбатты» техникалық тұрғыда іске қосып отырмыз. Сіздер бұл аумақтың толықтай абаттандырылғанын байқаған боларсыздар. Қала әкімі ретінде сіздерге маңызды бір өтінішпен жүгінгім келеді. Бәріміз де көрікті, ұқыпты әрі таза қалада өмір сүргіміз келеді. «Арбатта» серуендеп, демалып, арнайы белгіленген орындарда сауда жасаған қандай жақсы. Сондықтан бұл аумақтың қайтадан бейберекет сауда орнына айналып кетпеуі өте маңызды. Бұл мәселені тек әкімдік жалғыз шеше алмайды, сіздердің қолдауларыңыз қажет. Құрметті тұрғындар, бейжай қарамай, белсенділік танытуларыңызды сұраймын. Егер серуендеу немесе сауда жасау барысында рұқсат етілмеген сауданы байқасаңыздар, оны фото немесе видеоға түсіріп, 102 немесе 109 нөміріне жолдауларыңызды сұраймын. Біз жедел әрекет етеміз. «Арбатты» барша тұрғындар үшін жайлы демалыс орны ретінде бірге сақтап қалайық!» — деді. Қоғамдық тәртіп сақшылары демалыс аймағына келушілерге тәртіп сақтаудың маңызын үздіксіз ескертуде. Олар халықтың тынығу орындарында бейберекет әрекет жасамай, тазалықты қадағалап, ортақ игілікке ұқыпты қарағаны дұрыс екенін айтуда. Сондай-ақ, тәртіпке бағыну әр азаматтың басты міндеті екені атап өтілді. Мұнда тұрғындарға тыныш әрі жайлы демалыс үшін бар жағдай жасалғанын, ал, оны сақтау баршаның ортақ жауапкершілігі екенін жеткізді.
Айман, қала тұрғыны: Талдықорған – біздің ортақ үйіміз. Қаланы жергілікті тұрғындар мен қонақтарға жайлы ету үшін шаралар жүзеге асуда. Соның бірі — «Арбат» жаяу жүргіншілер демалыс орны. Бұл бастама аймақтың экожүйесін сақтай отырып, қала тұрғындарының демалуы үшін ыңғайлы әрі тартымды орта жасау деп білемін. Орталық тұрғыны ретінде қуаныштымын.
Нұрлан, қала тұрғыны: Осы жақтың жергілікті тұрғыны болғандықтан, қала жайлы жақсы білемін деп айтуға болады. Бұрынғы Талдықорған мен қазіргі Талдықорғанды салыстыруға мүлде келмейді. Үрдіс өте керемет. Қаланың келбеті өзгерді. Көптеген нысандар, кәсіпорындар, сауда орындары салынды. Міне, халық көп шоғырланатын «Арбат» жаңаша абаттандырылып, тұрғындар демалатын аймаққа айналды. Шаhарымыз қай жағынан болсын түрлене түскен, замана талабына сай түлегенін аңғаруға болады. Ендігі кезекте осы аймақтың тұрғыны ретінде әрқайсымыз тазалыққа мән беріп, әсемдігін сақтап қалсақ деп өтінішімді жеткізгім келеді.
Эльмира, қала тұрғыны: Шаhарымыз мемлекетіміздің жасампаз саясаты аясында, облыс, қала әкімдерінің жан-жақты қолдауы және еңбек ұжымдарының қажырлы еңбегімен күннен күнге қарыштап дамып келеді. Осы уақыт аралығында Талдықорған өзге қалаларға барлық жағынан үлгі бола алды. Бір кездері ең таза, ең жасыл қала ретінде танылғаны баршаға мәлім. Бұл — біз үшін мәртебе. Қаланың бүгінін көріп отырмыз, кешегісін ұмытпай, болашағын бағдарлау қажет.
Нұрбала, қала тұрғыны: Қала тұрғындарының тынығуына арналған «Арбат» абаттандырылып, пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай қайта жасақталған аумақта тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, серуендеуіне барлық жағдай жасалған. Яғни, мұның барлығы тек халық игілігі үшін жасалып жатқан игі бастамалар деп білемін. Дана халқымыздың «Ырыс алды ынтымақ» деген аталы сөзі бар. Халықтың ынтымағы, татулығы, бір-біріне деген құрметі – ел өркендеуінің кепілі.
Жанар, қала тұрғыны: Қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін «Арбаттағы» сауда орындарының қасбеті жаңартылып, жинақы кейіпке енді. Заманауи үлгіде әрленген дүкендер қаланың сәулеттік бейнесін айшықтай түсті. Емін-еркін өтіп, тынығып алуға да мүмкіндік бар. Бұл аймақ тек сауда жасау орталығы ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың жайлы жүріп-тұруына арналған кеңістікке айналып отыр. Өте қуаныштымыз!





























