Еліміз бойынша 1-маусым күні жалпы білім беретін мектептерде «Соңғы қоңырау» салтанаты өткізілді. Осы 2022-2023 оқу жылының аяқталуы да ерекше болды. Мектептерде бұл салтанат Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді.
Міне, қызығы мен қиыншылығы мол, әр жылы қайталанбас тарихқа толы, оқушылардың сыныптан-сыныпқа көшіп асыға күткен жазғы демалысқа шығарып салатын мектептің мерекесі – соңғы қоңырау салтанаты! Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, ойы мен бойын толыстырған тағы бір оқу жылы аяқталды. Жетісу облысы бойынша орта білім шаңырақтарынан 6 мыңнан аса түлек қанаттанып ұшып отыр. Жалпы оқу жылын 128294 оқушы тәмамдады. Оның ішінде 9-шы сыныпты 11570 түлек.
Қазіргі таңда Талдықорған қаласы бойынша білім бөліміне қарасты 98 білім беру мекемелері қызмет жасауда. Олардың 26-сы жалпы орта білім беретін мекеме, 66-сы мектепке дейінгі білім беру мекемелері, балабақшалар (оның ішінде 16 мемлекеттік, 42 жекеменшік, ( 8-і мектептегі шағын орталықтар), 5 қосымша білім беру мекемесі, Кешкі (ауысымды) мектеп (87 оқушы) оқу мен тәрбиеге өз үлестерін қосуда.
Талдықорған қаласында 3 жекеменшік мектеп бар , «Әлем» – 58 оқушы, «Innoverse-Taldyqorgan» – 748 оқушы, №125 Taldyqorgan – 292 оқушы оқиды.
Осы жылдың ІV тоқсанның соңында оқушылар саны – 33695-ті құрады. Оның ішінде 1-4 сыныптарда -14718, 5-9 сыныптарда -16057, 10-11 сыныптарда – 2920 оқушы білім алды.
Мектептің 11-сыныбын 1263 түлек аяқтап отыр. Олардың ішінде 34 оқушы «Алтын белгі» иегерлігінен үміткер. Емтихандардан сүрінбей өтіп, ҰБТ ойдағыдай тапсырып, еліміздің білімді азаматттары болсын деген тілектеміз. Негізгі орта мектепті бітіруші 9-сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығына белгіленген. Ал жалпы орта мектепті бітіретін 11-ші сыныптарда емтихан 5-19 маусым аралығында, аттестатты салтанатты табыс ету 21 маусымда өтеді деп жоспарлануда.
Соңғы қоңырау салтанаты Талдықорған қаласының барлық білім ошақтарында ұйымдастырылды. «Білімді ұрпақ ел ертеңі» дегендей, бұл күн оқушылар мен ата-аналар, аяулы ұстаздар үшін ұмытылмас тарихи күнге айналды. Шаһар төріндегі Құлжабай Қасымов атындағы №28IT мектеп-лицейде де салтанатты жиын өтті. Салтанатта Мемлекеттік Гимн шырқалып, көк Туымыз желбіреді. Мектептің абыройын асырып, білім сайыстарында жақсы жетістіктерге қол жеткізген оқушылар салтанатты бастады. Мектеп-лицей директоры Гүлжанар Еспанова оқушылар мен мұғалімдерді оқу жылының аяқталуымен құттықтады. №28 ІТ мектеп-лицейі 2018 жылдың қыркүйегінде қолданысқа берілді. Жаратылыстану-математикалық бағытты тереңдетіп оқытатын мектеп осы уақыт аралығында барлық көрсеткіштер бойынша қала мектептері арасында алдыңғы қатардан көрініп келеді. Айтуынша, биыл 11-сыныпты 37 оқушы аяқтап, түлек атануда.Олардың 3-еуі «Алтын белгі», тағы 3-еуі үздік аттестатқа үміткер. Барлық түлектерге сәт сапар тілеп, алдағы мемлекеттік сынақ пен ҰБТ сынын ойдағыдай тапсырып, өздері қалаған оқу орындарына түсуіне тілек білдірді.
Түлектер үшін маңызды күн болғандықтан болар, айтылар ақ тілектер легі көп болды. Мұғалімнің оқушыға, түлектердің ұстазға деген тілектері ағытылды. Білім ошағының өнерпаздары ән шырқап, би биледі. Салтанат соңында күміс қоңырау сыңғырлай соғылды.