Әскери түлектер ант қабылдады

451

Жетісу облысының орталығы Талдықорғандағы әскери-техникалық мектепті бітірген 24 сарбаз ант қабылдады. Олар Отан алдындағы борышын өтеу үшін 40 күннен астам арнайы әскери дайындықтан өткен. Салтанатты шараға аймақтағы Қарулы Күштер саласының ардагерлері, мектеп бітіруші түлектердің туыс-туғандары және бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.

Алдымен сап түзеген сарбаздар арасынан адымдап алдыға шыққан азаматтар жеке-жеке Қазақстан мемлекетіне адал қызмет етуге ант берді.

Бүгін мен әскери-техникалық мектепті аяқтап, ант қабылдап отырмын. Отанды қорғау және оған адал болуға ант беру әрбір азаматтың басты міндеті. Осы орайда мен барлық түлектердің атынан ұстаздар мен басшылық ұжымға айрықша алғыс айтамын, — деді аталған мектеп түлегі Орынтай Ырыскелдіұлы.

Басқосуда тілшілерге сұқбат берген мектеп директоры толыстағы подполковник Мекебек Жамауов ұжымның осыған дейін атқарған істеріне кеңінен тоқталып, жеткен жетістіктерін атап өтті. Мектеп басшысының айтуынша Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебінің Талдықорған филиалының құрылғанына  20 жылдан асқан.  Осы уақыт ішінде бұл білім ордасы В, В1, С, С1 санаттары бойынша  3 мыңнан астам әскери маман дайындаған. Әскери мектепке негізінен – 24 пен 32 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Олар қысқа мерзім ішінде әскери өмірдің қыр-сырын еркін меңгере алады. Жиын соңында оқу барысында өзінің білімділігін көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар түлектер филиал директорының арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.

 Айдын КӘЛІМХАН.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз