Ұлттық құндылық дәнекері

384

Кітапхана — ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы.

 Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Сондай жандардың бірі де бірегейі – «Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Күлпан Сейітжанова.

Күлпан Қалкенқызының есімі Талдықорған қаласы жұртшылығына кеңінен таныс.  Ол кісі жоғары білімді әрі ізденімпаз, іскер басшы. 1984 жылы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтын және де 2017 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін «Кітапхана ісі» бойынша аяқтайды. Өз ісінің майталманы, өмірдерегіне көз салар болсақ, 1984-1997 жылға дейін С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасында әдістемелік бөлімінде қызмет атқарды. Ал 1997 жылдың қаңтарында сол кездегі облыстық балалар кітапханасының директоры қызметіне келді. 2015 жылдан бүгінге дейін «Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ  басқарып келеді.

Күлпан Қалкенқызының айтуынша, басты мақсаты- кітапхана жұмысының деңгейін арттырып, жаңалықтар мен  соны бастамаларға көңіл бөліп, ұжымға ұйытқы бола білу.

Күлпан Қалкенқызы ұзақ жылғы еңбек жолында мәдени даму мен руханиятымызға өлшеусіз үлес қосып келеді. 1991-2016 жылдар аралығында қалалық сайлау комиссиясының құрамында қызмет атқарып, Талдықорған қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Кітапхана және қоғамдық жұмыстардағы кездескен қиындықтарға төзімділік пен шыдамдылық, сабырлық көрсете білді. Ұжымда жайлы атмосфера құрып, өзінің жоғары кәсібилігін, біліктілігін заман талабына сай көрсетіп келеді.

Басшының біліктілігі арқасында кітапхана 2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы кітапханаларының арасында жүлделі 2-орынға лайық деп табылды.  Мұнан өзге де, Астана қаласының 20 жылдығына орай өткен «Кітап көрме» инсталяциясының қорытындысында  II-орын, «Тәжібаев оқулары» облыстық байқауда I-орын жүлдегері атанды.

Кітапхана қашанда  үздіктер қатарында. Мәселен, «Үздік кітапхана-  2019» номинациясын алса, « Рухани қазына» республикалық фестивалінде «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана қызметкері» номинациясының иегері атанды. Тіпті  бұл кітапхананың оқырмандары да бірнеше байқаудың жеңімпаздары. «Бір ел- бір кітап» акциясында «Ең үздік оқырман» сертификатын Сая Саят жеңіп алған еді.

Кітапханаларда өтіп жатқан жаңа форматтағы креативті шаралардың бәрі К.Сейітжанованың бастамашылдығымен өтіп жүргендігіне өзіміз де куәміз. Мәселен, республика, облыс көлемінде өтетін байқауларға кітапхананың қатысуын жіті қадағалап отырады. Сол қатысушымен бірге дайындалып, қажетті заттарын алып беруге де дайын.

Жыл сайынғы Президент Жолдауы, тұжырымдамасы, бағдарлама аясында семинарлар, пікірталастар, талқылаулар осы кітапхана қабырғасында ұйымдастырылып тұрады. «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында жүргізген жұмыстарының арқасында орталықтандырылған жүйеге құрамындағы кітапханалар интернет жүйесімен толық қамтылды. Сирек қордағы кітаптарды электронды сандық жүйеге ауыстыру мақсатында кітапханаға  «Элар» планскан аппараты алынды.

Кейіпкеріміздің бойында ұқыптылық қасиет басым.  Шаруаға ұқыптылығының арқасында 2011 жылы қалалық балалар кітапхнасына күрделі жөндеу жұмысы жасалса, 2016 жылы №2, №8  кітапхана филиалдары және орталық  балалар кітапханасына, 2022 жылы В.Маяковский атындағы қалалық орталық кітапханасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүгізілді.

Білікті де білімді басшы, қоғамда белсенді Күлпан Қалкенқызының ұзақ жылғы атқарған істері ескерусіз қалған жоқ. Сайлау комиссиясындағы жұмысы бағаланып, Талдықорған қаласы әкімі мен мәслихатының Алғысы мен Құрмет грамоталары, Тәуелісіздіктің мерейтойларына арналған төсбелгілер, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының марапаттары жетерлік. Солардың ішінде  «Кітапхана ісінің шебері»,  «ҚР  Мәдениет саласының үздігі және 2020 жылы алған «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілері бар.

Еңбек десе бәрін ұмытып, жұмыстағы абыройын ойлайтын  Күлпан Сейітжанова  осыдан екі жыл бұрын «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» бірлестігінің Құрмет грамотасы  және «Еңбек даңқы» төсбелгісін иеленді.

Осы жақында  Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнінде кітапхана ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Ораловтың Алғыс хатымен және  Жетісу облысының «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды.  Сондай-ақ, Ұлттық кітапхана мен Қазақстандық кітапхана одағының бірлесіп шығарған «Қазақстанның көрнекті кітапханашылары» кітабына К.Сейітжанова есімі еніп отыр.

Қай кезде болмасын,өзіне жүктелген істерді аса жауапкершілікпен атқаратын Күлпан Қалкенқызы еңбек түбі береке деп айтқанды жөн санайды.

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз