Былтырдан бері Алматы облысының әкімдігі, оның ішінде Ішкі саясат басқармасы Жетісу журналистерінің біліктілігін көтеру мақсатында шет мемлекеттерге іс-сапарға шығарып келеді. Нәтижесінде біздің бірқатар әріптестеріміз ТМД мемлекеттерінде, сондай-ақ Еуропаның бірқатар қалаларында болып, ВВС, әл-Жазира телеарналарында, ірі медиахолдингтарда бірер күндік курстардан өтіп, тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдап қайтты. Биыл кезек бізге жеткен екен.

Біз деп отырғаным – облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Хасан Еспанов екеуміз. Киевке баратынымызды бір апта бұрын ғана естіп, абыр-сабыр күйде жолға қамдандық. Киім-кешекті қоя беріңіз, тарихи қалада қайда барамыз, не көру керек деген сауалға жауап іздеп ғаламторға үңілдім. Сөйткеніміз дұрыс болған екен.

Өмірімдегі ең ұзақ туған күн…

Киев пен Алматыда 3 сағат айырмашылық бар. Яғни, бізде кешкі алты болса, Киевте үш. Біз 2-шілдеде Талдықорғаннан Алматыға жолға шықтық. Кешкі 18-35-те Алматы халықаралық әуежайынан Киевті бетке алып, ұшып кеттік. Осылайша, мен туған күнімді жолда өткіздім. Киевтің Борисполь әуежайына қонғанда сағат 21-05 болды. Әлі қараңғы түспеген. Әуежайдан қонақ үйге жетіп, жайғасып алған соң, туған күнімді атап өтпекке маңайдағы мейрамханаға бас сұқтық. Ілуде біреу болмаса, біз тұрақтаған маңайдағы мейрамхана, дәмханалардың көпшілігі 23-00-ге дейін ғана жұмыс істейді екен. Солардың бірінде отырып, келер тәулікті қарсы алдық. Былайша есептегенде, менің биылғы туған күнім 27 сағат болды).

«Сегодня» — күннің басты тақырыптары

Алғашқы күні біз Украинаның маңдайалды басылымы, «Украина» медиа тобына кіретін «Сегодня» күнделігінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Газеттің 200-ден аса қызметкері бар, оның 60-тан астамы тілші. Аптасына 5 күн шығатын басылымның тиражы 80-85 мың дана. «Сегодня» дүңгіршіктерде 4 гривеннен сатылады, шамамен 60 теңге.

Газет бас редакторының орынбасары Влада Дармостуктың айтуынша, басылым 1997 жылдан бері шығып келеді. Қазіргі кезде елдегі газеттердің ішінде барлық көрсеткіштер бойынша алдыда тұр. «Газет – жаңалық таратушы емес. Бүгінде бұл іспен интернет пен телевидение айналысуда. Бұл тұрғыда басылым оларға бәсекелес бола алмайды. Сондықтан біз терең талдауға, түсіндіруге бет бұрдық. Елдегі ең мықты деген сарапшы-технологтардың ой пікірін бірінші боп алуға тырысамыз» дейді Влада.

«Мен бұған дейін де бірнеше басылымдарда қызметте болдым. Кейбірінің құрылтайшылары күнделікті таңертең келіп, редакцияға тапсырма беріп отыратын. Ал, журналистер деген шығармашыл, еркіндік сүйгіш халық қой. Сондай құрылтайшылардың кесірінен басылым жақсы кадрларынан айырылып қалады. Тираж төмендейді. Ал, «Сегодня» газетінде мұндай мәселе жоқ. Халыққа не өтеді, не қызық болса редакция сол бағытта жұмыс істейді. Айлығымыз көп бәсекелестерімізбен салыстырғанда жоғары. Оған қосымша медициналық сақтандыру төленеді» дейді басылымның ардагер тілшісі Александр Ильченко.

«Сегодня» басылымы 100 пайыз орыс тілінде жарық көреді. Қазіргі кезде елдің тіл туралы заңнамасына өзгеріс енгізіліп жатыр. Оның бір бабында мерзімді басылымдарда кем дегенде мемлекеттік тіл 50 пайызды құрауы тиіс деп көрсетілген. Қазіргі кезде басылым украин тілінде оқырман сұранысын қанағаттандыруды ойласытырып жатыр. «Заң әлі толық піспеген. 50 пайыздық норма тиражға теліне ме, әлде бетке бөліне ме белгісіз. Біз украин тіліне қарсы емеспіз, қайта бұл бастаманы қолдаймыз. Мемлекеттік тілді бәріміз де білеміз. Бірақ газеттің жартысын украин тілінде жүргізу үшін бізге қосымша штаттар, мамандар керек. Осы бағытта мемлекет қолдауы болса, тіптен тамаша болар еді» дейді Влада Михаиловна.

Газетте саяси сараптама мен терең талдаудан бөлек спорт және «LifeStyle» бағытындағы материалдар да көп. Яғни, қайда демалуға болады, Киевтің қай жерлерін аралу керек, қызықты деректер мен оқиғалар қайда бар, танымал украиндықтар немен айналысады деген сауалдарға жауап ізделінеді. Газет қызметкерлерінің айтуынша, мұндай материалдарға сұраныс әрқашан жоғары.

Ғаламторда шекара жоқ

Екінші күні «Украина» медиа тобының интернет бөлімін араладық. 50 шақты адамның басын қосатын редакцияда үнемі қарбалас. www.segodnya.ua сайтында тәулігіне 350-400 материал жарық көреді. Басым бөлігі жаңалықтар болғанмен, медиа топ құрамына кіретін «Украіна» каналы мен «Сегодня» газетінің дайын өнімдері сайт оқырмандарына ыңғайлы етіп ұсынылады. Редакцияда видео контентті өңдейтін, қажетінше монтаждап, безендіре алатын мамандар тобы бар. Олар медиа топтың ютуб каналына да жауап береді. Сондай-ақ, порталдың әлеуметтік желідегі парақшаларына бекітілген мамандар да бар. Украиндықтардың басым бөлігі әлеуметтік желі ішінде фейсбук пен телеграмды қолданады. Парақшаларында қазіргі кезде 500 мыңның үстінде жазылушы бар. Яғни, сайт трафигінің үлкен бөлігі де осы әлеуметтік желілерден келіп отыр.

«Әлеуметтік желілердің ештемеге бағынбайтын, өзіне тән заңдылықтары бар. Ең бірінші, әрі ең маңыздысы – вирусты контент. Яғни, көрген, оқыған, тыңдаған адам содан айырылмайтындай, іздеп жүріп қайта тауып алатындай контент дайындау керек. Міне, осыны мықтап меңгерсеңіз, сіздің сайтыңыз бен парақшаңызға келушілер көбейе береді» дейді сайттың әлеуметтік желілерге жауапты маманы Сергей Соловьев.

Біз сайт редакциясында жүргенде көшенің келесі бетіндегі Конституциялық сот алдында бейбіт митинг өтіп жатты. Жиналғандар Конституциялық сотта «Билікті тазалау туралы» заңның қайта қаралуына қарсы екен. Яғни, қоғам 2014 жылғы қанды оқиғаға қатысы бар шенділердің қайта билікке  келуі мүмкін деген қауесетті естіп, ереуілге шыққан.

Конституциялық сот алдындағы митинг

«Қазір елде саяси науқан қызып тұр. 21-шілдеде парламент сайлауы өтеді. Сондықтан, оқырмандардың басым бөлігі саяси тақырыптарды таңдап отыр. Сайлауға түсетін әр партия туралы, олардың көшбасшылары туралы білгісі келетіндер көп-ақ. Сұранысты қанағаттандыру үшін біз әр түрлі ракурста жұмыс жүргізіп жатырмыз» дейді сайттың бас редакторы Олег Дорошенко. Айтуынша, сайтқа оқырманның дені Google мен оның әртүрлі қосымшалары арқылы кіреді. Сол себепті редакция Google-мен үнемі байланыста жұмыс істейді.

www.segodnya.ua сайты www.liveinternet.ru есептегіші бойынша елдегі 10 мыңнан аса сайттың ішінде нөмір бірінші болып тұр. Оны орта есеппен тәулігіне 1-1,3 млн оқырман оқиды.

«Украіна» телеарнасы – көрермен көзайымы

Үшінші күні медиа топтың негізі саналатын «Украіна» телеарнасына бас сұқтық. Мұнда жастарға, әйелдерге арналған және футбол жанкүйерлеріне лайықталған, сондай-ақ бірнеше аймақтық арналар бірігеді. Телеарнаның негізгі өнімі «Сьогодні» жаңалықтары. Тәулігіне 6 рет эфирге шығады. Апта соңында «Итоговая программа» сараптамалық хабары көрерменмен қауышады.

Телеарна директоры Юрий Сугактың айтуынша, арнаның өз кинопродакшні мен телепродакшні бар. «Канал түсірген сериалдарға көрермен тарапынан сұраныс өте жақсы. Ал, «Говорить Украіна», «Головна тема», «Опозиція» сынды телепродакшн өнімдері каналымыздың брендіне айналды. Ток шоу, дебат форматындағы бағдарламаларды ел тағдырына бей жай қарамайтын азаматтар үзбей қарап, өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын жеткізіп отырады. Жалпы алғанда, біз ешқандай еуропалық каналдан кенде емеспіз. Тіпті, көп жағдайда біздің қызметкерлердің тиімділігі артық деп есептеледі» дейді Ю.Сугак.

Телеарнаның жұма күнгі жұмысына араласа жүріп «Головна тема» мен «Опозиція» хабарларына арнайы келген Украинаның үкімет басшысы Владимир Гройсманмен, елдің әділет минситрі Павел Петренкомен, Білім министрі Илия Гриневичпен және қоғам белсенділері Евгений Мураевпен, Олег Ляшкомен қол алысып, суретке түсуді де ұмытпадық.

«Украіна» телеарнасының директоры Ю.Сугакпен бірге

Украинада ресми мәліметке сүйенсек, 1300 телеарна бар екен. Біз көрген «Украіна» телеарнасы жабдықталу жағынан, елді қамту тұрғысынан солардың ішіндегі ең алдыңғысы.  Сапар барысында біз оған әбден көз жеткіздік.

Көне де көрікті Киев

Киевтегі күндерді біз барынша тиімді өткізуге тырыстық. Күнделікті бос уақытымызда метромен, қоғамдық көліктермен қозғалып, көз тартар көрікті орындарды араладық. Киевтің Бас көшесі – Крещатикті бойлай жүріп, Тәуелсіздік алаңын /майдан Незалежності/, 2013-2014 жылдары «Евромайдан» көтерілісі өткен Институтская көшесін дерлік аралап шықтық. Өткенін ұмытпас үшін мұнда бәрі сол қалпында сақталған. Көшенің әр бұрышында шашылып жатқан поддондар мен техникаға қарсы қойылатын «кірпілер» бүгінде «Аспан жүздігі» /Небесная сотня/ ұлттық мемориалдық кешенінің жәдігерлері саналады.

Институтская көшесі

Ал, Тәуелсіздік алаңы бұрынырақта саз, кейіннен базар орны болған. Бүгінде саудасы қызып, дәурені жүріп тұрған өркениетті базар деп атауға әбден болар. Түрлі дәмхана, мейрамханалар мен сауда үйлері Киев қонақтарын өзіне шақырып тұр. Мұнда қоғамдық тәртіпті велосипед мінген полицейлер қадағалайды екен. Киевтің әкімі Виталий Кличко да осы Крещатик бойындағы ғимараттың бірінде жайғасқан. Украина президенті Владимир Зеленский қоныстанған ғимарат та осы алаңға жақын. Бүгінде президент ғимараты алдынан жаяулар емін-еркін өте береді. Суретке түсіп жатқан азаматтарды жиі көресіз.

Таяуда ғана ағылшындар мен американдықтар бірлесе түсірген 5 сериялы «Чернобль» киносын көріп шыққанмын. Сол шаһар ел астанасанынан бар болғаны 100-130 шақырым қашықтықта дегенді естіп, мүмкіндік болса АЭС болған қаланы көрмекке ниет еткем. Алайда, сәті түспегендіктен Киевтің шеткері аудандарының біріндегі Чернобль апаты құрбандарына қойылған ескерткішті аралап, адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апат салдарын жою үшін өз өмірлерін құрбан еткен азаматтар рухы алдында бас идім.

Ресми мәліметтерге сәйкес, апат салдарын жою үшін 600 мыңға жуық адам жұмылдырылған екен. Олардың 32 мыңға жуығы қазақстандықтар.

Киевтің тағы бір тамашасы – Пирогово аспан асты музейі. Сонау 17-18 ғасырдаға украиндықтардың қоныстанған үйлері, қолданған құрал жабдықтары, әкімшілік ғимараттары, шіркеулер мен диірмендер орналасқан музейден адам қарасы үзілмейді.

Аспан астындағы «Пирогово» музейі

Атшаптырым аумақты (133 гектардан астам) алып жатқан музейдің іргетасы сонау 1970 жылдары қаланған. Мұнда Украинаның түпкір-түпкірінен 300-ге тарта архитектуралық жәдігерлер мен 70 мыңнан астам тұрмыстық құрал-саймандар топтастырылған. Аралап жүріп, тарих тереңіне бойлап кеткеніңді байқамай қаласың.

Аспан астындағы «Пирогово» музейі

Ия, Киев – тарихи қала. Бажайлай қарасаң әр ғимараты, әр тасы сыр шертіп тұр. Тарихына қызыға жүріп, шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен де таныстық. Базарына барып, бағаларын бағамдап, халықтың әл-ауқатын байқадық. Мұнда АИ-92 маркалі бензиннің литрі 360-370 теңге. Мейрамханаларда 3000-3500 теңгеге, асханалардан 1300-1500 теңгеге жап-жақсы тамақтануға болады. Киевтің шет жағында 2 бөлмелі пәтерлер 15-16 млн теңгегеден саудаланып жатыр. Құрылысы аяқталған, бірақ ешкім қоныстанбаған үйлер баршылық. Қала бойынша орташа айлық 110-130 мың теңге шамасында. Әрине, анағұрлым көп алатындар да, әлдеқайда аз алатындар да бар. Қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салынған, бірақ көшедегі екінің бірінің аузында темекі. Көлікте қауіпсіздік белбеуін тақпағаны үшін айыппұл қарастырылған, бірақ жүргізушілердің өзі оны тағуға құлықты емес. Айыппұл қаралғанына қарамастан, көліктердің алдыңғы әйнекетері қараңғыланған. Қоғамдық тамақтану орындарында алкогольді ішімдіктер қолжетімді.

Қазақ екенімізді халқы бірден таниды. Көпшілігі «Біз қазақтарды жақсы көреміз, қазіргі жағдайларың қалай?» деп арқамыздан қағып, хәлімізді сұрайды. «Жаңа президенттеріңіз қандай жаңалықтар енгізіп жатыр?» деп саясаттан хабары бар екенін білдіреді. Жөн сұрасаң, арнайы уақыт бөліп, тәптіштеп түсіндіруге тырысады. Өздерінің айтуларынша, тұрақтылық пен жақсы өмір іздеп елден көшіп жатқандар көп.

Қарапайым халық тұрақтылықты қалайды, тыныштықты тілейді. Саяси күштердің ұранына айналған түрлі тіркестер қарабайыр ғана шаруасы бар, қарапайым азаматтар үшін таңсық. Түрлі-түсті көтерілістер, әскери қақтығыстар салдарынан тұтас мемлекет бөлінді. Қырым Ресейге біріксе, Донецк өз алдына мемлекет боп құрылып жатыр. Жұрт елең-алаң.

Осындайда ұлан-ғайыр аймақты алып жатқан өз елімнің тұтастығына сызат түспегей деп тілейсің. Осы күнімізге шүкіршілік етіп, тыныштығымызға тәубе дейсің. Ылайым солай болғай!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK