Жетісу облысында апатты тұрғын үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, облыс орталығы Талдықорған қаласында бірінші кезең аясында 18 апатты көпқабатты тұрғын үйдегі 119 пәтердің 101 иесі барлық жағдайы жасалған жаңа пәтерлерге қоныс аударды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалған 18 пәтер бойынша қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта меншік иелері өз құқықтарын сот органдары арқылы растауда. Заңдық рәсімдер толық аяқталғаннан кейін олар да жаңа тұрғын үймен қамтылатын болады.
Сонымен қатар бағдарламаның екінші кезеңіне тағы 155 пәтер енгізілді. Ондағы тұрғындарды көшіру мәселесін апатты тұрғын үй қорын жаңғырту (реновация) республикалық бағдарламасы аясында шешу жоспарланған. Қазіргі уақытта әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Қажетті келісімдерге осы жылдың соңына дейін қол жеткізіледі деп күтіліп отыр. Осылайша, бағдарламаны іске асыру нәтижесінде жүздеген талдықорғандық отбасы апатты үйлерден қауіпсіздік әрі жайлы заманауи пәтерлерге көшіріліп, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алады.
Мемлекеттен жаңа пәтер алған, бұған дейін апатты тұрғын үйлерде тұрған қала тұрғындары пікір білдірді:
– Біз бұл сәтті ұзақ күттік. Көп балалы ана ретінде балаларымды жалғыз тәрбиелеу маған оңай болған жоқ. Тұрған үйіміз ескі еді, үнемі жөндеуді қажет ететін, әрі онда тұру күн өткен сайын қауіп туғыза бастады. Енді барлық жағдайы бар, жарық, жылы үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Әрине, бұл – біз үшін үлкен қуаныш, – деді қала тұрғыны Жайнагүл Зәйтүн.
– Мен ұзақ жылдар бойы Шевченко көшесі, 133 мекенжайындағы 1958 жылы салынған апатты үйде тұрдым. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында осы үйдің тұрғындарына жаңа пәтерлер берілді. Барлығымыз шын жүректен қуаныштымыз. Өз атымнан осы іске атсалысқан азаматтардың барлығына алғысымды білдіріп, жерлестерімді қоныс тойымен құттықтаймын, – деді Лидия Цай.
Атап өтсек, апатты үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстары Текелі қаласында да лайықты жүзеге асырылды. Мұнда 22 көпқабатты тұрғын үй апатты деп танылған болатын, соған байланысты 212 пәтер сатып алынып, тұрғындарға берілді. Осылайша, Текелі қаласындағы бұл мәселе толық шешімін тапты.
Сондай-ақ өткен жылы Жетісу облысы бойынша 3 807 отбасы тұрғын үймен қамтылса, биыл да 3 мыңнан аса отбасы баспанаға ие болады деп күтілуде.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай (облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен)





























