Жетісуға биылғы жазғы маусымда 2 миллионнан астам турист келеді

Жетісу облысында биылғы жазғы маусымда облысқа болжаммен 2 миллионнан астам турист келеді. Осы жылы салада 7 мың адам жұмыспен қамтылады, оның 1 200-і тұрақты жұмысқа орналастырылады. Жалпы, Жетісу облысының туристік дамуы 5 басым бағыттағы дестинацияларға негізделген. Олар – Алакөл мен Балқаш көлдері, «Алтынемел» мен «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, сондай-ақ Жоңғар Алатауының тау жотасы, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде дербес Туризм басқармасы құрылды. «Алакөл Тазалық» және «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорындары құрылып, 43 бірлік техникамен, 87 штат бірлігімен қамтылды. Жалпы су пайдаланудың қағидалары бекітілді.

Бұл ретте Алакөл және Балқаш көлдері жағалауында инфрақұрылым дамытылуда:

— Бескөл және Ақши ауылдары аралығында 57 км электр желісі мен 2 қосалқы станцияның құрылысы аяқталып, электрмен жабдықтау мәселесі толығымен шешілді. Ақши ауылында 69,7 км кәріз желілері салынды, тазарту қондырғыларының құрылысы жүргізілуде, аяқталу мерзімі – осы жылдың қараша айы. Өткен жылдан бері жағалауды бекіту бөгетін салу жұмыстары жүріп жатыр, бүгінге 2,2 км салынды, жұмыстар жалғасуда. Көл жағалауындағы қоқыс шығару мәселесін шешу үшін 10 гектар жерге тұрмыстық қатты- қалдықтар полигонының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді, — деді Ә. Жақанбаев.

Балқаш жағалауын дамыту мақсатында көлге апаратын 137 шақырым жол қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Лепсі ауылынан көл жағалауына дейін электр және су желілері тартылды. Қазіргі уақытта көл жағалауындағы инженерлік — коммуникациялық желілердің құрылысы аяқталу сатысында. Сол сияқты жағалауда 3 коммуналдық жағажай салынады, оның 2-уі биыл аяқталады. Сондай-ақ, Лепсі станциясында жаңа теміржол вокзалы тамыз айында қолданысқа беріледі.

Жалпы, Алакөл, Балқаш жағалауларында тиісті талаптарға сәйкес қоқыс контейнерлері, киім ауыстыратын орындар, биодәретханалар, құтқару мұнаралары, буй желілері және пирс орнатылды.

Экологиялық туризм жайына тоқталсақ, «Алтынемел» ұлттық паркінде жеке инвестициялар есебінен, ал Тополевка ауылында жергілікті бюджет есебінен визит-орталықтар ашылды. Жасылкөл көліне апаратын жолдың құрылысы осы жылы аяқталады. Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 км автомобиль жолы қайта жаңартылуда.

Атап өтсек, облыс аумағында жалпы сыйымдылығы 22 мың төсек-орын болатын 393 орналастыру орны жұмыс істейді. Көрсетілетін туристік қызметтердің көлемі 9 млрд.теңгеден асады. Сондай-ақ, жеке инвестициялар есебінен 21 демалыс орны салынуда.

Жалпы, облыста туризмді дамыту және туристерге жағдай жасау жұмыстары облыс әкімінің тұрақты бақылауында.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз