Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төрт күндік жұмыс аптасының барысын түсіндірді.
Еңбек министрлігінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Еңбек кодексі бойынша жұмыс аптасы төрт күндікке ауыспайды. Алайда жұмыскерлер графикті ауыстыру мүмкіндігіне ие болады.
«Өзгеріс аясында төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасын кезектестіруге болады. Мысалы, бес күндік жұмыс кестесімен бір апта, төрт күндік жұмыс кестесімен екінші апта жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Бұл жұмыс кестесі қызметкердің өтініші бойынша белгіленеді, бірақ жұмыс берушінің келісімі қажет. Осылайша, төрт күндік жұмыс аптасының арқасында қосымша демалыс күні пайда болады», – деді С.Ділдахмет .
Бұл тәжірибені қолданып жүрген жекелеген жұмыс берушілер бар және ол еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
“Бұл режимді енгізу қызметкерге жеке және отбасылық қажеттіліктермен жұмыс істеу міндетін үйлестіруге мүмкіндік береді”, – деді маман.
Мұндай режимде жұмыс істеу қызметкер үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығына, Еңбек кодексінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және келісімдерде белгіленген еңбек саласындағы еңбек өтілін және басқа да құқықтарына шектеулер туғызбайды.