Ардагерлерді ардақтайық!

1216

Биыл Жетісу облысында Ұлы Отан соғысындағы (ҰОС) Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында 2309 азамат 156,7 млн. теңге көлеміндегі біржолғы материалдық көмек алады. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында облысымызда тұратын ҰОС ардагерлері мен қатысушыларына 1,5 млн. теңгеден төленбек.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, бүгінде Жетісу өңірінде Ұлы Отан соғысының 8 ардагері тұрады.  Сондай-ақ, жыл басынан бері ардагерлерімізге коммуналдық қызметтер үшін төлем төленеді.

ҰОС қатысушылары мен мүгедектері қажеттіліктеріне қарай есту аппараттары, протездік-ортопедиялық бұйымдар сияқты әртүрлі техникалық көмекші, гигиеналық құралдармен, сондай-ақ санаториялық-курорттық жолдамалармен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.

Сондай – ақ, КСР Одағын қорғаудың басқа кезеңдерінде майдан шебінде әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жараланған, контузия алған, мертігіп қалған, мүгедек деп танылған 90 әскери қызметшіге біржолғы материалдық көмек қарастырылып отыр.

Сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлерде және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарында қамалған кезде кәмелеттік жасқа толмаған азаматтарға материалдық көмек беріледі. Облысымызда бұл санатқа кіретін 1 адам тұрады.

Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан (қайтыс болған, хабар – ошарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған ата-анасы мен жесіріне (бұл санатқа жататын өңірімізде 19 адам бар) 60 мың теңгеден төлем жасалады.

 Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСРО  ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ, 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейінгі аралықта Ұлы Отан соғысы жылдарында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) және тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО  ордендерімен наградталған адамдарға  60 мың теңгеден төленеді. Осы санаттағы 2159 адам бар.

Сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, 2023 жылдың соңына дейін 6 жекелеген санат бойынша ардагерлерге 150 мың теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем төленеді. Олардың қатарында Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккендер мен Чернобыль АЭС-гі апаттың салдарын жоюға қатысушылар да бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз