«Тәубе» мешітінде дзюдо күресінен жарыс өтті

1136

Биылғы қасиетті ораза айт мейрамы жеті күннің сұлтаны жұма күнімен тұспа тұс келді. Күллі мұсылман қауымының бір күнде келген қос мерекесіне байланысты Талдықорғандағы «Тәубе» мешітінде дін мен дәстүр аясында қайырымдылық  шараларымен қатар  спорттан дзюдо күресінен арнайы жарыс ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар табысталды.

«Тәубе» мешітінің бас имамы Керімбек Дәуітовтың айтуынша, Талдықорғандағы мешіттерде мереке сайын қайырымды шаралармен бірге спорттық ойын түрлерінен үнемі сайыстар өтеді. Осының алдында қазақтың асық ату, қол күресі  тағы басқа да спорттық ойын түрлерінен жарыстар өтіп үздіктер марапатталған болатын. Бұл жолы елімізде белгіленген «Ислам және ізгі қоғам» жылына орай ораза айтпен қатар келген жұма күнінің құрметіне дін мен дәстүр аясында дзюдо күресінен жарыс өтіп мықты жас жеткіншектер анықталды. Бұл біріншіден, жастарды ізгілік пен имандылыққа баулуға, екіншіден, бұқаралық спортты дамытуға қолайлы.

 – «Ал, рамазан айы басталғалы  күн сайын ауыз ашар дастарқаны жайылумен қатар тұрмысында қиыншылығы бар отбасына заттай және ақшалай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, кейбір мұқтаж адамға қажетті азық-түліктер мен басқа да заттар үлестірілсе, Зекет қорының «Ел үлесі пәтерге» бастамасымен баспана кілті табыс етілді. Бұдан сырт батагөйлер жарысы, қажылыққа  жолдама беру, қартқа құрмет көрсету сынды көптеген шаралар атқарылды. «Қайырымдылық қайырлы – іс. Мұндай  көмектер бұдан былай да көрсетілетін болады», – дейді бас имам.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз