ҰБТ-да Менделеев кестесін пайдалануға рұқсат беріледі. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді, деп хабарлайды өзге ақпараткөздеріне сілтеме жасап taldykorgan-online.kz.
Баршаңызға мәлім, «Химия» пәнін тапсырушыларға Менделеев және тұздар ерігіштігі кестесі компьютерде беріледі. Алайда түлектер оның қағаз нұсқасын пайдалануға рұқсат сұрады. Осыған дейін айтқанымдай, біз 2023 жылғы ҰБТ-да тестіленушілердің қалауы бойынша кестелердің қағаз нұсқасын беру туралы шешім қабылдадық, — деп атап өтті Руслан Емелбаев.
ҰТО директорының айтуынша, талапкерлер кестенің электрондық немесе қағаз форматын да қолдана алады. Сондай-ақ, ол талапкерлерге қағаз нұсқасын тест әкімшілері ҰБТ-ның өзінде беретінін ескертті.
Естеріңізге сала кетейік, тестілеу кезінде барлық талапкер үшін компьютер экранында «Математикалық сауаттылық», «Математика», «Информатика», «Физика», «Химия» және «География» пәндері бойынша есептерді шешу үшін калькулятор қолжетімді болады.