Облыс басшысы Талдықорғандағы әлеуметтік нысандарды аралады

1260

Талдықорған қаласында медициналық оңалту көмегін көрсететін әлеуметтік қорғау мекемелеріне  Жетісу облысының  әкімі Бейбіт Исабаев барды.

 Ең алдымен,  аутизм және басқа да психикалық бұзылулары бар балаларға арналған күндізгі орталығы жұмысымен танысты-деп хабарлайды  облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл нысан сәуір айының екінші жартысында жұмысын бастағалы отыр. Осы қолайлы ғимарат жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, оған жалпы сомасы 200 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Қажетті жабдықтарды «Қамқорлық» корпоративтік қоры сатып әперді. Директоры Марат Бакиевтің айтуынша, орталық 125 орынға есептелген, бірінші кезеңде 70 баланы қабылдау жоспарланып отыр. Ыңғайлы болу үшін оңалту орталығындағы екі ауысымда — түске дейін дейін және түстен кейін 4,5 сағаттан әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталықта сенсорлық, музыкалық, процедуралық кабинеттер, емдік дене шынықтыру, физиотерапия, массаж, робототехника, еңбекке баулу, жеке және топтық жұмыс кабинеттері, сондай-ақ логопед, психолог, дефектолог кабинеттері, қыш шеберханасы бар. Басты міндеті -туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеруге және қоғам өміріне араласудың тең мүмкіндіктеріне жағдай жасауға бағытталған қызметтер кешенін ұсыну. Бұл облыстағы осындай алғашқы орталық болмақ.

Мұнан соң Бейбіт Исабаев 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттіліктері бар балаларға әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететін 130 орындық «Қамқор» талдықорғандық арнайы әлеуметтік сервистік орталығының жұмысымен танысты. Орталық директоры Меруерт Жиенбекова кешенді оңалту тұжырымдамасы және көрсетілетін оңалту іс-шараларының түрлері жайлы, соның ішінде дәрігерлер консультациясы, емдік дене шынықтыру, логопедтердің, психологтардың, сенсорлық кабинетте кәсіби терапевтердің сабақтары, физиотерапиялары туралы кеңінен айтып берді. Орталықта өсімдіктер өсірілетін жылыжай бар, оларға күтім жасау ұсақ моториканың дамуына ықпал етеді.

Биыл екінші жыл жұмыс істеп тұрған белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барған Бейбіт Исабаев нысанның жұмысымен танысып, келушілермен әңгімелесті. Еске салсақ, орталық аға буынның денсаулығын нығайту, белсенді өмір салтын сақтау мақсатында жұмыс істейді. Мұнда йога, вокал, фитнес сабақтары, қазақ және ағылшын тілдерін оқыту, қолөнер, сондай-ақ хор әндері, дойбы ойындары, шахмат, үстел теннисі және т.б. ұйымдастырылған. Өңір басшысы орталыққа келушілермен әңгімелесу барысында олармен жастарды тәрбиелеудегі аға буынның рөлі туралы пікірлесті.

— Бүгінгі жаһандық ақпараттық өзгерістер жағдайында қазіргі ата-аналардың бала тәрбиесіне қарауына уақыттары жетпейді. Сондықтан балаларымызды смартфон, виртуалды әлем тәрбиелеп жатыр. Осы орайда ата-әжелердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі ерекше. Сіздердің тәрбиелеріңіз арқылы балалар жанашырлыққа, түсіністікке, өзара бір-бірін қолдауға үйренеді. Сондықтан өскелең ұрпақты, қазіргі жастарды тәрбиелеуде сіздердің көмектеріңіз аса қажет, — деп атап өтті облыс әкімі Б.Исабаев.

Бұдан әрі өңір басшысы 2022 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп тұрған «TEN QOGAM» мүгедектігі бар азаматтарды қолдау орталығына барды. Мұнда психологиялық және заңдық тұрғыдағы көмек, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, бизнес-идеяларды іске асыруға және бизнесті дамытуға мемлекеттік гранттар алуға көмек көрсетіледі. Орталық қызметкерлері әлеуметтік қызметтер порталын қолдану мен сол арқылы өтініш беруге де көмектеседі. Мысалы, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар орталықта көрнекті нұсқалары ұсынылған ең ыңғайлы деген арнайы қозғалыс және оңалту құралдарымен танысып, таңдау жасай алады. Содан кейін ол құралдар мемлекет есебінен әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынып, азаматтарға беріледі.

Осы тұста саңыраулар қоғамынан ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер «Jas project» жобасы аясында бизнесін қалай жүргізіп жатқанын айтып берді. Мысалы, Санжар 1 млн. теңге сомасына грант алып, политехникалық колледж базасында шаштараз, маникюрлік косметологиялық қызметтер көрсетілетін шағын сұлулық салонын ашқан. Бастапқыда Санжар мен жанындағы тағы 2 жас шебер көрсеткен қызметтері үшін ақы алмаған, осылайша біраз тәжірибе жинақтап барып, кейін табыс таба бастаған. Ал Назерке болса, грант қаражаты есебінен өзінің аспаздық ісін қолға алыпты. Осы орайда облыс әкімі ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау шаралары бір реттік сипатта емес, жүйелі жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. «Бірінші кезекте өнімнің сапасын қадағалау, содан кейін оқыту, біліктілікті арттыруға көмектесу керек. Осылайша, барлық кезеңдерде жас кәсіпкерлерді сүйемелдеп отыру керек. Соның нәтижесінде жас кәсіпкерлердің өз клиенттік базасы қалыптасады, жұмыс орындарын ашады, біртіндеп қаржылық  жағынан тәуелсіз болады. Біз өз тарапымыздан бизнесті дамытуға қолайлы, жақсы үй-жай тауып беруге қолдау көрсете аламыз», — деді Б.Исабаев.

«Жігер» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі, «Алпамыс» ҚБ, Талдықорған саңыраулар қоғамының Оқу-білім беру кәсіпорны және бірқатар жеке кәсіпкерлер де өз өнімдерін, атап айтқанда өздері тіккен былғары аяқ киім, төсек-орын, арнайы киім, салған суреттерін, түрлі декор мен тұрмыстық заттарын көрсетті. Өнімдердің көпшілігі әлеуметтік желілер арқылы сатылады. Дегенмен заманауи тігін машинасын сатып алуға қолдау қажет, аяқ киім жасау цехы мен сауда базарындағы орын үшін тегін бөлме бөлу, цех үй-жайын жөндеу, медициналық көмек көрсетуде де проблемалар бар. Облыс әкімі барлық айтылған мәселелер бойынша, ең алдымен сауықтыру мәселелерінде тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.

Әлеуметтік қызмет көрсету нысандарын аралаудың соңында Бейбіт Исабаев кәсіпкер Ердос Баялышбаев ашқан «Асар» жаңа спорттық-оңалту кешенінде болды. Заман талаптарын ескере отырып салынған орталықта тірек-қимыл аппаратында бұзылысы бар адамдарды оңалтуға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Дәрігер, логопед, психолог кабинеті, үлкен тренажер залы, кинезотерапия және ЛФК залы, массаж, емдеу кабинеттері, физиотерапия жүргізуге арналған кабинет, буфет, ыңғайлы дәретхана бөлмелері қарастырылған.

Орталықтың директоры Елдос Баялышбаевтың сөзіне сүйенсек, орталықты ресми түрде маусым айының басында ашу жоспарланып отыр, ал қазіргі техникалық ашылуы барысында жабдықтар тексеріліп, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

— Біздің орталықтың құрылып бастағанына 4 жылға жуық уақыт болды. 2015 жылы орталық ашу туралы ой келіп, оны кезең-кезеңімен сала бастадық. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, соның арқасында гранттар ұтып, өз бизнесімді дамытып, жеңілдікті шарттармен несие алдық. Жапония Елшілігінің қолдауымен екі рет грант жеңіп алдым. Соның арқасында Италиядан, Польшадан заманауи жабдықтар сатып алдық. Енді бізге оңай басқарылатын, көп функциялы экзоскелеттер Испаниядан әкелінетін болады. Сонымен қатар физиоаппараттар, магнитотерапия, электростимуляция, оңалтуға арналған аспалы жүйелер және тағы басқа да жабдықтар келушілерді оңалтуға септігін тигізетін болады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың арқасында орталықтағы барлық қызметтер тегін көрсетіледі, — деді Елдос. Оның айтуынша, орталық 400 адамға арналған, онда 27 маман жұмыс істейді. Бұл ретте «Қаратал» шағын ауданында орналасқан «Асар» бірінші орталығы балаларды оңалту орталығы ретінде қайта жабдықталмақ, осыған байланысты онда тиісті  жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев мұндай бастамаларға әрдайым қажетті қолдау көрсетілетінін айтты:

— Қалада жұмыс істеу бағыттары бойынша бір-бірінен ерекшеленетін бірнеше оңалту орталығы жұмыс істейді. Олардың біразы ашылуға дайындық үстінде. Барлығы да ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған, оларда тиісті оқытудан өткен білікті мамандар жұмыс істейді. Біз өз тарапымыздан олардың жұмысын жақсартуға және тең мүмкіндіктер қоғамының барлық салаларында инклюзивті орта құру шараларын жандандыруға барынша қолдау көрсетуді жалғастыра береміз, — деп өз сөзінде.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз