Жетісу облысында «Инватакси» қызметі жаңа автокөліктермен толықты

1223

Еліміздегі ұлттық қорлардың бірі Жетісу облысына арнайы жабдықталған 3 су жаңа көлікті сыйға тартты. Мүгедектігі бар тұлғаларға қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында биыл «Инватакси» қызметін көрсету үшін жергілікті бюджеттен 300 млн. теңгеге жуық қаражат қаралып отыр. Оған осындай 10 көлік сатып алынатын болады. Өңірдегі «Инватакси» қызметін 15 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырады. Олар жыл басынан бері 12 мыңнан астам шақыртуға барған.

«Ерлік» тірек-қимыл қозғалысы зақымданған мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы, қалалық мәслихат депутаты Роза Ақжаркенова жаңа шағын автобустардың ыңғайлы екенін, әсіресе артқы гидравликалық көтергішінің болуы жайлылық туғызатынын айтты. Сонымен қатар салонда жолаушыларды қолайлы, ең бастысы қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік беретін қосымша қауіпсіздік белдігі мен бекіту жүйесі де бар.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизанбаевтың айтуынша, инватакси қызметін жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің тілек-ұсыныстары жаңа автокөліктерге тапсырыс беру кезінде ескерілген, ал олар айтқан басты өтініш көліктің ыңғайлылығы мен қауіпсіздігі жөнінде болатын.

Өңірдегі кедергісіз, қолжетімді орта құру жұмысы тек Инватакси қызметімен шектелмейді. Нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігіне бейім болуы да басты назарда. Мәселен, талдау жасау барысында 841 нысанның осы талаптарға ішінара бейімделгені анықталды, оларды қайта жабдықтау қажет. Бұлардың дені —  мемлекеттік мекемелердің ғимараттары. Мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады, яғни 2-3 жыл ішінде жыл сайын осы мақсатқа кемінде 500 млн.теңге бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Талдықорғанда 150 орындық заманауи оңалту орталығын ашу жоспарланған, қазіргі кезде оның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Атап өтсек, аймақтағы Инватакси қызметі 2014 жылдан жұмыс істей бастады. Биыл Жетісу облысында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен Инватакси қызметтерінің саны мен сапасын арттыру үшін 293 млн.теңгеден астам қаражат бөлінді. Инватаксилер жыл басынан бері 13 мыңға жуық шақыру орындаған. Қазіргі уақытта тірек-қимыл аппараты бұзылған І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды Инватакси қызметінің 23 автокөлігі тасымалдайды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз