Жетісу өңірінде АПВ қарсы екпемен 1994 қыз бала қамтылды

4

Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйіндегі баспасөз мәслихатында Жетісу облысы санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев өңірімізде жатыр мойны обырына қарсы вакцинация жүргізу барысына тоқталды.

Адам папилломавирусы (АПВ) – тері мен шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы.  Оның 14 түрі онкогенді, яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Мәселен, өңірде  жатыр мойны обырымен  500-ден астам әйел тіркеліп отыр. Көптеген адамдарды АПВ алаңдатпайды, бірақ кейбір папилломавирустар сүйелдерге немесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.

 Спикердің айтуынша, жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папилломавирусын жұқтыруымен байланысты, бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар.  Елімізде жыл сайын 1900-ден астам  жаңа жағдай тіркеледі. Қауіпті аурудың алдын алуда АПВ қарсы екпе алу маңызды.Әлемде 135 ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне арнайы осы вакцинацияны енгізіп отыр. Орталық Азияда көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдері бар.

Жалпы айтқанда, АПВ қарсы алғашқы вакцина 2006 жылы енгізілген.  Сол уақыттан бері бұл ем түрі өзінің тиімділігін көрсетті. Бүгінде әлемде АПВ қарсы 2 валентті (16, 18түрі) және 4 валентті ( 6, 11, 16, 18), 9  валентті (6,11, 16,18,31,33,45, 52,58) вакциналар бар.

 Қазақстан АҚШ-та жасалған 4-валентті «Гардасил» вакцинасымен екпе жүргізеді. Бұл аталмыш вакцинация 2 кезеңде ата-аналардың келісімімен жүргізіледі. 2-ші доза аралығы 6 айдан кейін.  Облыс бойынша 12314 доза вакцинаға тапсырыс беріліп, оның 6 мыңы бүгінде облыстық қоймаға түсіп, қажетті мөлшерде аудандарға таратылды. Бұл вакцина мектептерде жасалады. Дегенмен ата-аналардың өтінішімен емханаларда  да жасауға болады. Бүгінгі күні АПВ қарсы екпемен 1994 қыз бала қамтылып отыр.  Айтар болсақ, облыста медициналық ұйымдарда 200, ал мектептерде 230 егу пункттері және 54 егу бригадасы ұйымдастырылып отыр.

Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес АПВ қарсы екпе 11 жасқа толған, 11 жастан асқан қыз балаларға жасалады.  ДДҰ ұсынымына сәйкес 11-14 жас аралығында алған екпе ересек жастағы вакцинациямен салыстырғанда тиімдірек. Себебі, тұрақты иммунитет қалыптасады екен.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз