Жетісуда себілген жүгерінің шамамен 74% Панфилов ауданына тиесілі

81

Жетісу облысының Панфилов ауданы жүгері дақылының өлкесі, облыстағы жүгерінің шамамен 74% осы аймаққа тиесілі, мұнда 2 мыңнан астам фермер жүгері өсірумен айналысады. Осы орайда кейбір шаруа қожалықтары ылғал сақтау технологиясын қолдану мен агротехнологияны сақтау нәтижесінде әр гектардан 150 центнерден өнім алуда. Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде жүгері шаруашылығын дамыту мәселесіне тоқталған облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.

—  Жүгері дақылының төңірегіндегі өткен жылғы кездесуде өздеріңіз көтерген екі мәселе шешімін тапты. Атап айтсам, Алмалы ауылындағы қырман бюджет қаржысына жөнделіп, қолданысқа берілді. Екінші, алынған өнімді терең өңдеуге өткізетін шаруашылықтарға тоннасына төленетін субсидияның көлемі 6 мың теңгеден жергілікті бюджет есебінен 10 мың теңгеге дейін ұлғайтылды, — деді Бейбіт Исабаев.

Белгілі болғандай, биыл ауданда 170 мың тонна жүгері жинау жоспарланған. «Жаркент крахмал-сірне» зауыты былтыр 80 мың тонна жүгері қабылдаса, биыл 100 мың тонна қабылдауды межелеп отыр. Бүгінгі күнге зауыт 40 мың тонна қабылдаған. Жалпы облыстағы өсірілген жүгеріні 4 кәсіпорын —  «Жаркент крахмал-сірне» зауыты, «АзияАгроФуд» зауыты, «Уыз Май Индастри» және «Астық Халық Экспо» серіктестіктері қабылдайды.

Қазіргі уақытта Панфилов ауданында себілген 23,4 гектар жүгерінің
62%, яғни 14,6 мың гектары жиналып, 101 мың тонна өнім алынды. Мұндағы гектар өнімділігі басқа өңірлерге қарағанда едәуір жоғары, ауданда бұл көрсеткіш 72 центнерді құрап отыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз