Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында сенбілік өткізілді. Онда 7500-ден астам адам тазалық шараларын жүргізіп, 3750 дана ағаш егілді.
Талдықорған қаласында өткен сенбілік шарасына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар, жалпы қала тұрғындары қатысты. Қала бойынша іс-шараға 25 бірлік техника, 2 мыңға жуық адам тартылды. Осы күні Жансүгіров және Ақындар көшесінің қиылысына 200 ағаш егіліп, «Жеңіс», «Ардагерлер» және орталық саябақтарда, қала аумағындағы барлық скверлер мен ескерткіштер маңында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.
— Күз мезгіліндегі сенбіліктер басталып жатыр. Бүгін қала тұрғыны ретінде Өтенай ауылдық округіне қарасты аумаққа ағаш ектік. Қаланы таза ұстау, жасыл желекке айналдыру өз қолымызда. Барша жерлестерімді осындай сенбіліктерге белсене қатысуға шақырамын, — дейді талдықорғандық Нұрғазы Аманжол.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сәйкес осы күні Ескелді, Көксу аудандарында 1 000-нан, Сарқан ауданында 700, Алакөл ауданында 500, Текелі және Талдықорған қалаларында 200-ден, Кербұлақ ауданында 150 ағаш, жалпы облыс бойынша 3 750 түп ағаш отырғызылды. Атап өтсек, биыл 115 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланған, оның 31 мыңы көктемде отырғызылды, қалған 84 мың ағаш көшетін егу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі облыс көлеміндегі тазалық шараларына 120 бірлік арнайы техника және 7 520-дан астам адам тартылды. Іс-шара барысында аулалар, саябақтар, скверлер, көшелер мен тротуарлар тазаланып, қураған бұтақтар кесілді, 20 км арық желілерін тазартылып, 350 тонна қоқыс шығарылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.