Қыркүйектің төртінші сенбісінде талдықорғандықтар қала күнін ерекше көңіл-күйде атап өтті. Әсем де көрікті шаһардың облыс орталығы мәртебесін алғанына 80 жыл толды. Шаһарымыз күннен күнге гүлденіп, өсіп, өркендеп, тұрғындар саны 200 мыңнан асты. Орта және шағын бизнестегі кәсіпкерлік субъектілер 18 мыңға жуықтап, қала бюджеті 56 млрд теңгеге жетті.
Жастар саябағында түрлі қойылымдар мен көрмелер ұйымдастырылды.Биыл мерекеге орай балалармен қатар, ересектерге де қызықты болатын әртүрлі форматтағы іс-шара өткізілді. Әрбір іс-шара өзінің стилі мен мазмұнына қарай «Талдықорған – біздің ортақ үйіміз», «Талдықорған – әсем қала», «Талдықорған – таза қала» ұғымы арқылы қала тұрғындары мен қонақтарын біріктірді. Шара «Біз талдықорғандықпыз» деген сезімде өтті.
Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қаланың болашағы әлі алда. Бұдан да үлкейіп, зәулім үйлер салынады. 5,6-шағын аудан ғана болатын бұл жерде. Қазір 12, 13-ке дейін созылып жатыр. Бұл нені көрсетеді? Қаламыздың көркейіп, үлкейіп жатқандығын көрсетеді. Сондықтан өзіміздің қаламыз Талдықорған көркейе берсін.
Мәдени-көпшілік шаралар ашық аспан астында Жастардың спорт сарайы алаңында таңнан басталған шара түнгі отшашумен аяқталды. Мереке десе балалар Жастар саябағына келері сөзсіз. Бұл жолы да солай болды. Спорттық алаңда балалар асық ойнап, бір-бірімен белдесіп, күш сынасты. Эстафеталық жарыс, батуттар, аквагрим, сабын көпіршектері балаларды қызықтыра түсті. Жеңімпаздарға сыйлықтар да үлестірілді. Гүлдер саябағында талдықорғандықтар сүйікті демалыспен қатар фотосуреттерге түсіп, бірнеше локацияда өтті. Олардың бәрі халыққа тегін ұйымдастырылды.
Әлия Бауыржанқызы:- Бұл жерге біздің жеке студияның балаларының суреттері қойылған. Ашылғанымыз көп уақыт өтпей-ақ, кішкентайлардың ыстық ықылыасына бөленіп жатырмыз. «Қуатбекова- арт» студиясына 4 жастан қабылдап, сурет салу, кескіндеме және графика, шығармашылық шеберлік сағаттары өткіземіз. Қала күніне арнайы өзімізде байқау жарияладық, содан іріктеп осында алып келдік. Бір ғана, мәселен, тазалық, ескерткіш тақырыптарына өрендер өз қиялдарын қосып керемет туындылар салған. Шәрбат Оразалы 80 жылдық логотипті қойса, енді бірі Қабанбай батыр ескерткішін бейнелеп, табиғат көрінісін өз қиялымен көркемдеген. Кәусар деген суретшіміз қала эмблемасын қойып, табиғатты балалық шақпен үндестірген. Бала қиялдары көкке самғайды.
Айнұр Ермекқызы, қолөнерші: — Қала күніне келушілерге өз қолымыздан шыққан өнімдерімізді ұсынудамыз. Көбіне, сый кәде, ақша жинау қорапшаларын алып келдік.Ұлттық асық, теңгелік номиналдар, қазақ үй тәрізді 50-ден астам ассортимент бар. Қазақ үй, түйені көбінесе, мерекелік тойларға алады.
Әсел Аманжолқызы: — Қолөнермен қолым босаған кезде айналысамын. Өз мамандығым инженер-технолог. Бүгінгі қала күні құтты болсын! Қаламыз гүлдене берсін!
А. Жантас: — Көкшетаудан қоныс аударғаныма көп бола қойған жоқ. Алайда жанға жайлы ауасы, табиғаты ұнады. Балалармен мерекені көруге келгенбіз. Мұнда балалар алаңы жақсы екен. Қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдар көз қуантады.
Мерекелік іс-шаралар аясында тарихы терең Талдықорған қаласының 80 жылдығын мерекелеу аясында «Жастар» саябағында «Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ кітап жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Шара аясында қалалық орталық балалар кітапханасының қызметкерлері «І.Жансүгіров — қазақ әдебиетінің классигі» атты уақыт диаграммасын оқушылар арасында өткізді.
Осы жерде тарихтан сыр шертер фотокөрмеде «Талдықорғанның өткені мен бүгіні» атты тақырыпты қамтып, келушілердің назарын өзіне аударды.
Өнер, шабыт, дженга, шөп лабиринті, корнхоул, дойбы турнирі, аниматорлармен өткен әрбір шараға қатысқан талдықорғандықтарға ерекше көңіл-күй сыйлағаны сөзсіз. Әуе шарымен көкке көтерілу мүмкіндігі де туды. Сондай-ақ, «Ұлттық сахнада» Нұрғиса Тілендиев және Өнер мектептері өнерпаздары әсем әндерімен Талдықорған төрін шаттыққа бөледі.