Талдықорған қаласының №125 мектеп ғимаратында, облыстық қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Адам жəне қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жастар арасында пікірсайыс қозғалысын дамыту жөніндегі «Тəуелсіз жастар алаңы» атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті.
Турнирге облыс аумағынан 10 команда қатысты. Американдық парламенттік форматта, қазақ тілінде өткен басқосуға 14-35 жас аралығындағы азаматтар қатысты.
Сыни ойлау қабілетін дамыту, өзара мəдениеттілікті қалыптастыру, төзімді болуға үйрену, кез келген мәселені шешуге жолын қарастыру, белсенді азаматтық ұстанымға ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған шара өте жоғары деңгейде өтті.
Пікірсайыс турнирінде білікті де білімді мамандар төрелік етті. Нәтижесінде ІІІ орынды Көксу ауданы командасы иеленсе, Алакөл ауданының командасы ІІ орыннан көрінді. Жүзден жүйрік деп танылған Талдықорған командасы І орын алды.
Панфилов ауданынан келген Балайым Даулетқан «Үздік спикер», Данияр Тарихов «Үздік төрешісі» атанды.
Гүлім НҰРҒАЛИЕВА,
«Адам жəне қоғам» қоғамдық бірлестігінің директоры