Жоғары технологияларға жол ашады

109

 Үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын халыққа арнады. Осы ҚР Парламенті Палаталарының сегізінші сайланған III сессиясының  бірлескен  отырысына Жетісу облысының  делегациясымен  барып, қатысу бақыты бұйырды.Баршаға белгілі, бұл маңызды құжатта елдің дамуы, әлеуеті, экономикасы барынша  нақты көрсетілген.  Президенттің «Ұстаздар — ұлттың зияткерлік қуаты»-дегені бойымызға қуат берді.  Президенттің әрбір сөзін, әр тапсырмасын өз аузынан есту ерекше ғанибет болды.

Президенттің: «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Сондай-ақ, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті маман даярлау керек»,- деп ұстаздар алдына зор міндет жүктеді.  Әрине, бұл бағыттағы нақты жұмыстар қолға алынып отыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі  23 жоғары оқу орны жұмыстарын бастады. «Жайлы мектеп» салу да қарқынды қолға алынған.  Делегат ретінде маған Жолдауда ұнағаны келер 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғаны болды.  Қоғамда кез келген еңбек бағалануы тиіс. Бұл үлкен бір бастама екендігі сөзсіз.  Ал, мұғалімдер қауымы  білімді ұрпақ тәрбиелеуге үлес қоса береміз.

Инфақұрылымға қатысты өзекті мәселе көтерілді. Әлем елдерінде энергия тұтыну артуда. Сондықтан да елімізге сенімді, экологиялық таза қуат көздері аса қажет екендігі осы жиында айтылды. Ұстаз ретінде айтарым, көзқарасым – АЭС елімізге керек. Бұл энергетикалық сұранысқа ие сала. Қарап көрсек, дамыған елдердің бәрінде АЭС бар. Егер де осы атом энергетикасы өзімізде өндірілсе, басқа елдерге алақан жаймаймыз әрі өндірілген қуат  бағасы қазіргіден арзан болары сөзсіз. Осы стратегиялық жоспар халықпен ақылдаса отырып, «Халық үніне құлақ асатан мемлекет» қағидасына сүйене отырып, осы жылғы 6 қазанда еліміз бойынша рефендум өтеді.  Референдум тақырыбы қоғам талқысына түскеніне бір жылдан асты. Сондықтан да, маңызды мәселеге бейжай қарамауымыз керек. Атом энергетикасы — ең тиімді қуат көзі десек, оның пайдасы қандай болады дегенді зерттеп отырған Алматыда физикалық ядролық институты ғалымдары өз тұжырымдарын айтуда. Бұл құрылыс салынар болса, ол бір-екі жылда бітпейді, 10-20 жылды құрамақ. Зиялы қауым өкілі  ретінде Президенттің әр сөзін жіті тыңдап, оның маңыздылығына көзіміз жетті.  Жолдауда айтылған әрбір тармақ ел мүддесі жолындағы аманат. Біздің жас ұрпағымызға көрсетіліп отырған даңғыл жол.  Сондықтан да, АЭС салу — елімізді энергетикалық тәуелсіздікке жеткізеді. Ал бейбіт атом энергетикасы – бұл ұлттық экономикалық жоғары технология секторын құруға мүмкіндік береді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған», — халқымыз бұл істе береке-бірлік танытады деген сенімдемін.

                                                                                                                                                                                                               Светлана Исаева,

                                                               Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз