Наурыз – жылдың басы, ұлық мереке. Ұлыстың ұлы күні биыл жер жәннаты Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда айрықша сән-салтанатпен аталып өтілді. «Тазару ең алдымен ішкі дүниемізден басталады. Айналаңды өзгертемін десең, бірінші өзің өзгер», — деген өңір басшысының ұстанымына сай бұлақ көзін ашып, мыңға жуық көшет егуден басталған думанды шараға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары алдымен дана Абай Құнанбайұлына қойылған еңселі ескерткіштің ашылуына куә болды.
Жинылған қауымды жүрек жарды қуанышымен құттықтаған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев: «Бүгін Жетісудың төрінде, Талдықорған қаласында қазақтың ұлы ақыны һәкім Абайдың еңселі ескерткіші ашылып отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын, ардақты ағайын! Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа келген сапарында Жетісу жерінде Абай ескерткішін орнатудың орындылығына назар аударып, осы іске қозғау салған болатын.
Аймақтағы зиялы қауымның бастамасымен, халықтың қолдауымен ақынның қола мүсіні бүгін Ұлыстың ұлы күнінде тұғырына қонды. Ал, қалалық қоғамдық кеңестің шешімімен ескерткіштің Бикен Римова атындағы драма театрының алдына қойылуы өнер ордасының рухын одан сайын биіктете түсті. Абайдың сөзімен айтсақ, «мал жұтайды, өнер жұтамайды». Бұл – руханияттың ғұмыры мәңгілік екенінің айқын айғағы. Осы игі шараның Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде үлкен мән бар. Наурыз тіршіліктің нәрі, барша игіліктің қайнар көзі болса, Абай – қазақ халқына рухани серпіліс әкеліп, ұлттық сананың жаңғыруына жолбасшы болды. Сондықтан осы екі қастерлі құндылығымыздың бір-бірімен астасуы, қуаныштардың қатар келуі заңды. Абай қазақтың сөз өнерін, ақыл-ой биігін жаңа сапалық деңгейге көтерді. Ұлы Далада әл-Фарабиден бері желісі үзілмей жеткен даналық феномені Абайдың шығармашылығында жарқырай көрініп, жаңа арнасын тапты. Ұлы ақын салған соны соқпаққа, тың түрге бет бұрған қазақ әдебиетіндегі Абай дәуірі ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Халықтың ұлттық санасын оятып, рухани өсіп-жетілуіне қозғау салған қайраткер ақынның шығармашылығында қоғамның қамтылмаған тақырыбы жоқ. Халықтың мүддесінен, көптің мақсат-мұратынан туындаған сол тақырыптар әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Қайта ондағы адамгершілік құндылықтар, мораль философиясы, толық адам ілімі жыл өткен сайын жаңғырып, заман озған сайын жаңа қырлары ашыла түсуде. Абай – ұлы ұстаз. Оның мұрасы – қазақтың бет түзер құбыласы, айнымас темірқазығы. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері қоғамға, халыққа, билікке де рухани азық болатын таусылмас тағылым. Сондықтан Абай шығармалары әр шаңырақтың киелі кітабына айналуы тиіс. Қазақстанның жаңа дәуірін жасап, әділетті қоғам құру барысында біз тағы да Абайға жүгінеміз. Ақын айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек әрқайсымызға аса қажет екенін ұғынамыз. Осы үш асыл қасиеттің адамды алға жетелейтінін, ақиқатқа бастайтынын түйсінеміз. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат рахым ойлап қой, Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп Абай санамалап берген жақсы-жаман мінез-қылықтарымыз әлі күнге өткір байқалып отыр. Абай қазақпен бірге жасайды. Оның шығармалары бүгінгі қоғамға ғана емес, келешек ұрпаққа да рухани нәр беріп, терең тағылымын танытатыны анық. Біз осы ескерткіштің идеясын ұсынған авторларының бірі, белгілі сәулетші марқұм Ақмырза Рүстембековті бүгін терең ризашылықпен еске алып, оның рухының алдында бас иеміз. Сол сияқты осы мерекелік шараға арнайы қатысып отырған, мүсінші Мейірлан Әзмағанбетовке көпшіліктің атынан алғысымды білдіремін. Бүгіннен бастап «Жетісу төрінде де Ұлы ақынның ескерткіші бар» деп мақтанышпен айта аламыз. Бұл жай ғана ескерткіш емес, Абай рухының Жетісу өлкесінде жаңаша жаңғыруы деп білемін. Осы алаң жетісулық әрбір саналы азаматтың, жас ұрпақтың тәу етер киелі орнына айналарына сенімім мол», – деді.
Осыдан соң тойшыл қауым «Жастар» спорт сарайының алдына тігілген ақ шаңқан үйлерді аралап, ондағы арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татып, көп қуанышына ортақтасты. Бастысы мұндағы әсем безендірілген әрбір үйде астау-астау жал-жаялармен, жеті түрлі дәннен дайындалған наурыз көже беріліп, әжелердің ақ шашумен сәбиге ат қою, тұсаукесу, келіннің бетін ашу жол-жосындары жаңғыртырылды. Осы орайда қаладағы мейрамханалар қазақтың ұлттық тағамдарының әр түрін дайындап таратты.
Мереке күні жалпы жұртқа 1.5 мың литр Наурыз көже, 600 келі палау, жарты тонна бауырсақ тегін таратылған. «Шеберлер ауылында» ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі, «Достық ауылында» этно-мәдени орталықтардың ұлттық тағамдары мен мерекелік концерті ұйымдастырылды. Сондай-ақ, кәсіби және әуесқой спортшылар қол күрес, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, түйе палуан т.б. түрлі ұлттық спорт ойындарыннан сынға түсіп, жеңімпаздарды анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша қазақша күрестен «Талдықорған барысы» сайысында 1 орынды иеленген Руслан Абдразақовқа 500 мың теңге, 2-ші орынға лайық деп танылған Жаныбек Дүйсембаевқа 300 мың теңге, 3-ші орын жүлдегері Елдар Мұқанға 200 мың теңге сыйақы берілді. Жастарға арналған фестивальда өңір өнерпаздарының салт-дәстүрге байланысты концерттік бағдарламасы мен жалғасып, жастар кешіне ұласты.